М-1: жылу магистралін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде

«Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Жылу желісінің жалпы ұзындығы 6 138 метрді құрайды.

«М-1» жылу магистралі 1990 жылдан бастап 34 жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Жылу желісінен 2022 жылы 6 ақау белгілі болса, былтыр желіден тағы 3 ақау табылған. Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан конкурс жарияланып, жеңімпаз деп танылған бас мердігер – «Сарыағаш-Аман» ЖШС, техникалық қадағалаушысы – «АДС Сапа» ЖШС және авторлық қадағалаушы «Институт «КазНИПИЭнергопром» АҚ-мен келісімшарттар жасалды. Құрылыс жұмыстары биылға жоспарланған, ұзақтығы – 9,5 ай.
Аталған жұмыс жобасына сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылдың 19 сәуірінен басталды. Айта кетейік, құрылыс-монтаждау жұмыстары полиция органдарымен жол жабу келісілгеннен кейін ғана жүргізілді.
Бүгінгі таңда Төле би даңғылының Абай даңғылы мен Әйтиев көшесі аралығындағы бөлігінде орнатылған жылу құбырлары тиісті гидравликалық тексерістен өтіп, қайта көму жұмыстары жүруде.
Бүгінде қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың 1 қазанына дейін аяқтау жоспарлануда.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment