Ұлы суреткердің нұры  

Күн нұры әлемді жасандырса, әдебиетте де өзі дүниеден өткенмен, өнер жолына ғасырлар бойы өзінің нұрын шашып тұратын биік тұлғалар болады. Ұлы суреткер М.Әуезов – сондай нұрлы тұлға.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,  филология ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік  университетінің профессоры

Оның классикалық туындылары халықтың әлеуметтік-тарихи кезеңдерін көркем бейнелеумен ғана ерекшеленбейді, әрбір туындының орындалуындағы жазушылық шеберлігімен, тіл байлығымен, халықтық нәрімен дараланады . М.Әуезовтің шығармашылық жолы қиын да қатерлі болғанмен, тау тұлға өз тұсындағы іні қаламгерлерге үлкен қамқорлығын жасады. Әдебиеттің келешегін ойлады. Кейін «Адамзаттың Айтматовы» атанған жас қаламгердің жазушылық бағын ашуда, дарынды қазақ жазушыларының қанаттанып, батасын алуда М.Әуезовтің орны ерекше. Жазушының танымал туындылары – күні бүгінге дейін бағасын жоймаған шеберлік мектебі.

 

«Абай жолы» роман-эпопеясының қазақ прозасының кәсіби деңгейінің өсуіне ықпалы жөнінде белгілі жазушы Тахауи Ахтанов: «Біз Әуезов қаламынан ұзақ уақыт толғатып, сирек туатын алып шығарма алдық. Бір қуанышты жағдай жас прозаның алдына аса биік асу, салмағы зор міндет қойып берді. Я бұл шығармадан кейін қазақ прозасына қойылатын критерий оқыс биіктеп кетті де, жас әдебиеттің жотасына аса ауыр жүк артылды. Бірақ «Абай жолы» жапан даладағы шоқы емес еді, оған дейін баспалдақтап көтерілген талай асу белдері бар, қазақ әдебиеті атты үлкен жотаның биік шыңы болатын. «Абай жолынан» кейінгі проза оған дейінгі прозадан талантты жазушыны да, талантты шығарманы да көп туғызды. Ол өзінің алып тұлғасымен қазақ прозасының талай өскелі, өнгелі тұрған бүршік бұтақтарын тұншықтырып тастаған жоқ, қайта қазақ прозасының қаулап өсуіне берекелі көктемдей игі әсер етті», – деп жазды.

Бұл айдай әлемге ортақ шындық болатын. Қазақ драматургиясының, оның ішінде трагедия жанрының дамуына қаншалықты ықпал жасаса, әдебиеттану ғылымының өркендеуінде, ұлт мәдениетінің биікке көтерілуіне орасан зор игі әсерін тигізді.

Қазақ әдебиетіндегі Әуезов дәстүрі – берекелі арна. Ұлы суреткердің дәстүрін тануда жазушы Т.Ахтановтың сыншылдық- эстетикалық көзқарасының орны ерекше.

Соғыс жылдарынан кейін әдебиетке ерекше қарқынмен келген майдангер жас жазушы Т.Ахтанов сол кездегі әдебиеттің т аныма л тұлға лары М.Әуе зовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мұстафиннің, өзге де аға қаламгерлердің қамқорлығын көрді. Әсіресе жазушылық тұрғыдан М.Әуезовті үлгі тұтты. Бұл жөнінде кейінгі сұхбаттарының бірінде: «…Мұхаңмен кейбір кездесу сәттерін, арада болған әңгімелерді тәптіштеп жату керек емес шығар. Ең бастысы, біз ол кісінің төңірегіне топтастық. Тыңдадық. Ердік. Ол кісі бізді биік ақыл-парасатымен, жылы мейірімімен, шын қамқор көңілімен баурап алды. Енді ойлап қарасақ, Мұхаң бізге ғана ақылшы, ұстаз емес, бүкіл Орта Азия әдебиетіне (түркі тектес басқа да әдебиеттерге) ағалық етіпті. Олардың қай-қайсысын да бөлектеген жоқ. Уақыт тауып, сол әдебиеттердің де тағдырына үңіліп, өз тарапынан үлес қосып отырды», – дейді.

Жазушы «Қаһарлы күндер» романын жаза бастап, көңілі толмай, қаңтарып қоятыны бар. Осы арада ол әдеби дәстүрді игеру үшін сыншылдықпен белсенді айналысады. М.Әуезовтің, Б.Майлиннің, Ғ.Мүсіреповтің, өзге де қатарлас жазушылардың прозалық, драмалық шығармаларына тереңірек үңіліп, шеберліктің қыр-сырына ден қояды. Кең қарымды сын мақалаларын жазады. Кейін бұл мақалалары «Керуен» деген атпен (1974) жеке кітап болып шықты.

Т.Ахтановтың М.Әуезов туралы ой- толғамдарын екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – ұлы суреткер шығармашылығына арналған мақалалар топтамасы. Бүған «Кең арна» (1953), «Халық сапары» (1953), «Көп толғантқан ойлар» (1959) мақалалары, «Ауыр қаза» атты аза сөзі (1961) және кейін естеліктер жинағына енген «Сөз сиқыршысы» (1972, 1976) мақаласы жатады. Екінші- сі – жалпы әдебиет мәселелерін қозғаған баяндамалары мен проблемалық мақалаларында айтылған ой-толғаныстары. Бұған 1956 жылы Жазушылар одағының пленумында жасаған «Бүгіннен ертеңге», қазақ прозасының негізгі даму бағдары жайлы қалам тербеген «Өсу жолында» (1966) баяндамалары жатады.

«Кең арна» мақаласында автор ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының бастауын хронологиялық тұрғыдан тексерумен шектелмей, жас проза алғашқы қадамында әдебиетке не әкелді, қандай көркемдік- идеялық кредо ұсынды, оның келешекте дамыған өскелең тенденциясы қандай болды деген сұрақтарға жауап іздеу қажеттігін алға тартты.

Т.Ахтанов жазушының «Қорғансыздың күні » , « Қараш – Қараш оқиғасы » туындыларына талдау жасап, қазақ прозасына адамның жан дүниесіне үңілген реалистік, көркемдік жаңа арна келгенін айтады. «Осы екі тамаша шығармадан тек әлеуметтік қана емес, сонымен бірге қазақ әдебиетіндегі көркемдік жаңа арна басталады. Осыдан бастап жас проза өмірді реалистік шыншыл тұрғыдан қамтып қана қоймай, адамның ішкі дүниесіне де үңіле бастайды. Өмірдегі әртүрлі құбылыстарды, адам тағдырларын көрсетіп, толып жатқан сурет, мүсін жасаумен шектелмей, тұңғыш рет психологиялық портрет жасайтын дәрежеге көтеріледі. Жас прозаға осы психологиялық арнаны мықтап енгізу үшін жомарт талант неше түрлі тәжірибелерге де барады. «Қаралы сұлу» әңгімесі адам психологиясының неше түрлі құбылыстары мен қалтарыстарын, адамның жан сезімімен қоса тән сезімінің де құбылмалы, лүпілдеген нәзік сырларын ашуға арналған. Бұл әңгіменің бәрінен бұрын жас әдебиет үшін педагогикалық мәні зор. Ол көзін жаңа ашып келе жатқан балаң прозаны реалистік нәзік суреткерлікке, психологиялық құбылысты дәл бере білуге, қысқасы, жалпы көркем сауаттылыққа үйретті. «Көксерек» әңгімесін де осы алуандас бағалар едік. Өйткені ол да мөлтілдеген табиғат, хайуанат суреттерімен қоса, адам психологиясы мен адам табиғатының өзгеше бір жақтарын ашып берді» – дейді.

Ұлы суреткердің алғашқы туындыларынан-ақ іргелі бастау алған көркемдік арна – психологиялық талдау, кейін Ахтановтың да шығармашылығына терең ой салған Әуезов өнегесінің жарқын көрінісі болды. Қазақ прозасының биік табыстарына айналған «Боран», «Шырағың сөнбесін» романдары мен М.Әуезовтің көзі тірісінде ыстық ілтипатына бөленген «Махаббат мұңы» повесі мен әңгімелерінің көркемдік жетістіктерінің бірі осы кең тынысты психоанализ болуы, біздіңше, кездейсоқ емес. М.Әуезов прозасының дара сипатының бірі еуропалық әдебиеттің биік мәдениетін бойға сіңіргенмен, олардың ықпалында қалып қоймай, халықтық, ұлттық әдебиетті дамытқанын алға тартады. «Ал нағыз ғажабы – жазушы орыс және Еуропа әдебиетінен осынша нәр ала тұра, ешкімге еліктеп, ығында кетпейді. Оның көркемдік құралдары, сөз кестесі, суреттеген өмір құбылыстары, адам бейнелері өзге халыққа ұқсамас қазақы сипатты танытқаны өз алдына, тіпті жас Әуезовтің талант табиғатының өзі шынайы халықтық, ұлттық екені көрініп тұр», – деп ой қозғайды.

Т.Ахтанов ұлы суреткер шығар- маларының тіл көркемдігіне, байлығына ерекше мән береді. Ең алғашқы туындысы «Еңлік-Кебек» трагедиясынан бастап қазақ тілінің тамаша бейнелеу мүмкіндігін ашқанын алға тартады. Әсіресе ескіден келе жатқан шешендік сөздердің небір асыл үлгілерін, би сөздерінің ұтқыр тапқырлығын, халық тілінің байлығын жарқыратып қолдана білуіне сүйсінеді. Жазушының бұл ой-толғаныстары дарынды ғалым Р.Нұрғалиевтің «Трагедия табиғаты» монографиясында ғылыми тұжырымдалды.

«Мұхтар Әуезов шын мәніндегі қазақ тілінің королі болатын. Біз осы кісінің шығармалары арқылы өз тіліміздің бояуы мың құбылған сұлулығын, жыр ырғақты сұлу сазын, таусылмас сөз байлығын, шектелмес суреттеу мүмкіндігін көріп қайран қалдық. Қазақ тілінің, егер шынайы шебердің аузынан шықса, айтып жеткізе алмас сыры, суреттеп нәшін келтіре алмас құбылысы жоқ екенін білдік. Егер фантазиямыздың күші жетсе, қазақ әдебиетін Әуезов шығармаларынсыз, дұрысырақ айтқанда, сол шығармалардың тілінсіз көзге елестетіп көрелікші. Онда біздің әдебиеттің жалпы үңірейіп қалғаны былай тұрсын, тіл бояуы да кәдімгідей солып қалар еді. Оның үстіне Әуезов тілі тек оның шығармаларында ғана емес, бүкіл қазақ прозасының, қала берді қазақ әдебиетінің қан тамырына тарап кеткен. Өйткені біздің бүгінгі әдеби тілімізді қалыптастыруда одан ірі тұлға болған емес. Сондықтан да Әуезовтен тіпті стилі бөлек жазушылардың өзі осы алып тіл сиқыршысының тәжірибесінен аттап кете алған жоқ», – дейді.

Т.Ахтанов М.Әуезов дарыны ХХ ғасырдың басындағы жас прозаны екі қатерден сақтағанын айтады. Біріншісі, жалаң романтикаға бой ұрып, жасанды схемаға түсіп кету қаупінен сақтаса, екіншіден, көтеріңкі романтика, сезімді лирикадан қол үзіп, тек фактіні тере беретін жер бауырлаған натурализмге, сондай-ақ адамның бүкіл жан дүниесін сыртқа шығарамын деп ұмтылған жалған психологизмге ойысып кету қатерінен қорғады.

« Абай жолы » роман – эпопеясы туралы ой-толғамдар Т.Ахтановтың әдеби сынында ерекше орын алады. 1953 жылы «Әдебиет және искусство» журналында «М.Әуезовтің «Абай» және «Абай жолы» романдары туралы» деген мақаласы жарияланса, проблемалық мақалаларының қай – қайсысында да шығарманың тағылымына, одан туындайтын қазақ прозасының алдындағы көркемдік ізденістерге тоқталады.

«Абай жолы» роман-эпопеясы туралы мақаласында автор шығарманы әлі күнге шейін көбіне әлеуметтік жағынан баса айтқанмен, әдеби сынның көркемдік құндылығына, ішкі қуатына бара алмай отырғанына қынжылыс білдіреді. Әйтсе де, уақыттың талабы мен қысымынан шыға алмаған албырт автордың (бұл кезде Т.Ахтанов 30 жастың шамасында екен) туындыны бағалауда социалистік реализм принципінен, кері идеология ықпалынан шыға алмағаны анық. Бұл жөнінде әуезовтанушы Т.Жұртбайдың ғылыми зерттеу еңбектерінде жан-жақты баяндалады. «Құтылған жоқ, тұтылған да жоқ. Бірақ тағы да бір сәби кейіпкеріне қиянат жас алды. «Казахст анская правда» газетіндегі осы мақаланы талқылауға арналған мәжілісте жасаған баяндамасында Т.Ахтанов та бұл пікірді қостап, «Абайдың үрім бұтағын романнан алып тастау керек» деген ұсыныс айтты. Сөйтіп, Абайдың Айгерімнен туған тұңғыш ұлы Тұраш – Тұрағұл эпопея бетінен тірідей сызылды. Сондықтан да сәбиге соғыс жариялаған сұрқылтайларды жағымсыз кейіпкерлердің мәселесі онша ынталандырмады. Олар идеологиялық қысым тұсында жазушы өзінің заманға деген наласы мен наразылығын сол жағымсыз кейіпкерлердің іс-әрекеті мен сөзі арқылы жеткізуге ұмтылғанын аңғармады», – дей келіп: «Боранда адасып өлетін Иса мен Иіс кемпір желісі бір бүйірден келіп, шығарманың «мұқалып тұрған» тұсын өткірледі. Абайдың қасына жұтап келген жатақтарды қоңсы қондырды. Құнанбайға Кеңгірбайдың кедейленген тұқымы Дәркембайды әкеп жағаластырды. Сөйтіп, тарихи уақыт тартысын «утопиядан» арылтты. Ал бүкіл шығарманың ең құнарлы, бояуы қанық, көркем шырыны мен салтанаты, нағыз тарихи және көркемдік шындыққа құрылған көшпелілердің жайлау көші мен Бөжейдің асы тамылжыта суреттелген тұсты алып таста деп кеңес беру – «Абай» романын «жазба» деген үкіммен тепе-тең еді», – деп жазды.

Т.Ахтанов кейін өз көзқарасының теріс екенін түсінгені 1974 жылғы жинаққа енген «Халық сапары» мақаласынан көрінеді. Онда автор орынсыз сын пікірлерін қысқартып тастаған. Алайда ұлы суреткердің талант табиғатын, образ жасаудағы шеберлік қырларын тануда сыншылдық-эстетикалық көзқарастары маңызды. «Автор Абайдың образын сол заман өмірінің кең ортасында, үлкен- үлкен әлеуметтік оқиғалардың арасында көрсетеді. Абайдың қатысуымен не болмаса соның көзқарасы арқылы автор әртүрлі қоғамдық оқиғаларға, халықтың өсіп келе жатқан күшіне, сол сияқты қанаушы таптардың өкілдерінің озбырлығына, айуандығына баға береді.

Романдарда Абай үлкен жаны бар, жалаң қабат емес, мінезге бай, өмірдің алуан әсерін терең сезінетін адам етіп көрсетілген. Ол халықтың ең жақсы – адалдық, әділдік, ерлік және қайырымдылық сияқты қасиеттерін, мол талантын бойына сіңірген. Абай образы – біздің әдебиетіміздегі өте шебер жасалған кесек образ», – дейді.

Ал Құнанбай образының халықтық негізін: «Құнанбай образы – айрықша тоқталуды керек етерлік ерекше тұлға. Біздің қазақ прозасында күні бүгінге дейін дәл осындай ірі, кесек тұлға жасалған емес. Құнанбай – сөз жоқ, рубасы феодалдарының ең ірі өкілі. Бірақ оның тұлғасы шыншыл да қомақты, ерен жасалғаны соншалық, ол өз бойымен тұтас бір дәуірдің, әрі-беріден соң халықтың да сипатын ашып тұр. Иә, ол ғасырлар бойы қалыптасқан рулық- патриархалдық қоғамның алып тұлғасы сияқты, соның жиынтық бейнесі. Сол патриархалдық қоғамның эстетикалық, этикалық, моральдық кредолары осы кісінің бойына түгел сыйған. Онда өз халқының даналығы мен тапқыр шешендігі, өжет ерлігі мен құнарлы қайраты жатыр», – деп бағалайды.

Шығармадағы т артыс қуатының күштілігі қарсы жақтардың мықтылығымен байланысты. Автор бұл ретте Құнанбайдан басқа образдардың да айқын жасалғанын айтады. «Романдарда тағы да толып жатқан бай, феодалдардың өкілдері көрінеді, бұлар Құнанбайдың жолын қуған, одан күші мен өкімдігі кем болғанмен, қаталдығы мен жауыздығы кем емес Тәкежан, тойымсыз обыр, бұлтартпас пәлеқор, әрі қыңыр, әрі қу Оразбай, қумүйіз, алаяқ Жиренше және де Майбасар, Байдалы, Бөжей, Қаратай, Рақыш сияқты аз да болса айқын суреттелген кейіпкерлер. Азулы жыртқыш Әзімбай образына ерекше тоқталып өткен жөн. Бұл ата-бабасынан келе жатқан қулық- сұмдықтың, қаныпезер қаталдықтың, озбырлықтың барлық уытын сығып алып, бойына сіңірген адам», – деп бағалауы образ табиғатын дәл түсінуден туған.

«Бұл романның көркемдік қасиеттері әлі де талай-талай кең талдауды қажет етеді. Біз бүгін романның социологиялық, әлеуметтік жағын баса айтып, көркемдік ерекшеліктеріне тоқтала алмай отырмыз. Осы романдардың көркемдік сапасын үстінен жеңіл қарпып айтқанның өзінде талай диссертацияларға ауыр жүк болар еді. Егер шын мәніндегі қазақтың көркем прозасы осыдан басталады демесек те, бұл осы кезге дейінгі қазақ прозасының көркемдік шыңы деп айтудан қорықпас едік. Шынында да, «Абай» романы – қырық- отыз жылдық өмірі бар қазақ прозасының көркемдік тәжірибесінің жиынтығы, жетелі есейген елдер мәдениетін бойына сіңіріп, толысқан шағының белгісі. Бүгінгі күнгі көркем ой өрнегінің ең шебер үлгі- сі», – деп шын бағасын береді.

Бұл толғамды ойлардың бұдан 70 жылдың шамасында бұрын, 1953 жы- лы коммунистік идеологияның күркіреп тұрғаны кезінде айтылғанын ескерсек, әуезовтануда Т.Ахтановтың сыншылдық- эстетикалық көзқарастарының қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Жазушы ұлы суреткер шығармашылығы туралы терең зерделеп, пайымдап қана қойған жоқ, шығармашылық қалыптасуында М.Әуезов дәстүрін бойына терең сіңіріп, құлпыртып пайдалана білді. Әуезовке қарап бой түзеді. Әуезов нұры қазіргі әдебиетті де жасантып, түрлентіп тұр.

Comments (0)
Add Comment