Сан ғасырдан бері қалыптасып келе жатқан қазақтың рухани жан дүниесіндегі ерекше қасиеттерінің бірі – ана мен қыз балаға деген шексіз құрмет көрсету тәрбиесі еді. Мұны ананың қоғамдағы ерекше орны мен сипатын бағалай білген ұлтымыздың ешкімге ұқсамас бірегей қасиеті деп ұғынған жөн. Сонау ежелгі дәуірлерден бері санаға сіңіп келе жатқан ұлттық тәрбиенің негізінде ана мен қыз балаға ерке мінезді сүйіспеншілікпен қарай білген бабаларымыздың адами мінез-құлқына шексіз риза болуға тиістіміз.
Тарих беттерін ақтарып қарасаңыз, Ұлы дала төсіндегі еркіндікті аңсаған ата-бабаларымыздың тарихнамасында қаншама аналарымыз ел билігін қолына алып, халықтың тағдырын шешуге септігін тигізіп, тіптен бір ұлтты жоғалып кетуден сақтап қалып отырған игі істерінің талайына куә боласыз. Елдің жадында аңыз бен ертегіге айналған кейіпкер ретінде жырланып келе жатқан қаншама әйел-аналарымыздың өз дәуірінде қоғам белсендісі болып, аһли ойы мен ақыл-парасатының арқасында білдей бір мемлекеттің тағдырын шешкені жасырын емес. Бес мың жылдық тарихы бар қазақ халқының өмірінде әйелдердің рөлі аса зор маңызға ие болғаны айқын. Сонау сақ дәуірінен бастау алатын аналардың анасы болған, барша халықтың Құдай-Тәңірісіне айналған Ұмай анадан бастап, тұтастай бір мемлекетті билеген Томирис, Зарина патшайымдарымыз, бір елдің ұлыс анасы мен ұлт мәйегі болған Домалақ ана, ғашықтықтың символына баланып, өз ғашығы үшін сертінен таймаған Айша бибі, жасы келсе де әжелік-аналық міндетін ұлт ұрпағы үшін аямай жұмсап, өмірден өткен Бабаджа хатун, сүйкімділігі мен сұлулығы ел арасында ерекше жырланып, Баршынкент деген қалаға есімі берілген Баршын хатун, аналық қасиетімен толықтай бір тайпаның анасы болып, есімі руға айналған Қызай ана, Қазақ хандығы кезіндегі тапқырлығымен, ақылдылығымен ел есінде аңыз болып қалған Қарашаш ана, ел басына күн туғанда қолына найза-қалқан алып жауға шапқан Бопай ханша, орыс тұтқынында болса да бас имеген, өз ұлтының ар-намысын жоғары қойған атақты хан Кенесарының жұбайы Күнімжан ханша, Көкшетау дуанында бiраз жыл аға сұлтандық қызмет атқарған, атақты ғалым Шоқанның әжесі Айғаным ханша, өз дәуірінде бір болысты жалғыз өзі игеріп, дау-дамайды шешумен аты шыққан Ұлпан ана, халықтың құрметіне бөленген, он саусағынан өнері тамған күйші Дина секілді аналарымыз – бүтіндей бір рудың ғана емес, білдей бір елдің ұлы анасына айналып, қазақ әйелінің тұлғасы мен оның асқақ рухын әйгілей білген тұлғалар.
Әйелге деген құрмет – есте жоқ ескі заманнан ата-бабаларымызда қалыптасып келе жатқан дүние. Мұның бастауы деп түркілік тотем-Тәңір – Ұмай ананы айтсақ та болады. Әйел бейнесінің түркілер мифологиясында көрініс табуы қасиетті Ұмай анамен тығыз байланысты. Ұмай ана ертедегі түркілер мифологиясында әлемдегі әйел-ана мен Жер-ананы бейнелейтін әрі тұқым өндіретін және бала тудыратын әйел тәңірісі бастауын бейнелеуші құдай-әйел ретінде өнімділік пен бала туу құдайы болып есептелген. Бұл жөнінде алғаш рет жазба деректерде Ұмай аты түркі халқы мен әскерлеріне жеңіс әкелуші және мейірімділік пен тұрақтылық сыйлаушы әйел-құдай есімі түрінде орта ғасырдағы Күлтегін мен Тоныкөктің балбал тастарында қашалып жазылған.
Міне, бастауын сонау мыңжылдықтардың мінсіз мұрағатынан алатын әйелге деген шексіз құрметтілік оларды Құдай-Тәңірісі дәрежесіне дейін көтерді. Осының арқасында байырғы қазақ қоғамында қазақ әйелдерінің әлеуметтік еркіндігі де кең дәрежеде дамыды. Сол себепті осы мақаламызда сол бір аналар қатарынан өзінің ерекше қасиеттілігімен орын алатын Тараз өңірінен шыққан ару-аналарымызды атап жазғымыз келеді.
Домалақ ана
Тарихта Домалақ ана Ұлы жүздің төбе биі атанған, көптеген рулардың түп атасы әрі батыр болған Бәйдібек бабамыздың үшінші жары еді. Өзінің азан шақырып қойған шын есімі Нұрила екен. Қазақ халқының Ұлы жүзінің негізін құрайтын албан, суан, дулат атты ірі рулардың анасы. Домалақ анамыз – өзінің көрегендігімен, тапқырлығымен тарихта аты қалған аналарымыздың бірі. Аңыз желісіне сүйенер болсақ, бұл анамыздың бойы аласа, томпақ келген жан екен. Сол себепті халық арасында Домалақ ана атанып кеткенін айтады. Атасы Мақтым Ағзамның өсиетімен Домалақ ана он тоғыз жасында Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, оған «Дихнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі қойған. «Дихнат мама» – парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағынаны береді.
Ел ішінде бұл кісінің ерекше бір қасиетті жан болғандығы аңыз ретінде ұрпақтан-ұрпаққа әлі күнге дейін жалғасып айтылып келеді. Домалақ ананың қадір-қасиеті ерте-ақ танылған. Ел аузында ол кісі жөнінде аңыз-әңгіме көп. Солардың бірі мынадай: «Бәйдібек заманында жайлауында үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы өрген, шығыс пен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрила: «Бай-еке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз», – деп өз отауының белдеуінде матамен байлаулы тұрған, жүген-құрық тимеген шу асау айғырды көрсетіпті. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, жасағын бастап жүріп кетіпті. Бәйдібек жасағы жауға Күйік асуында жетіп, қырғын ұрыс салыпты. Алайда жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Осы соғыста қаза тапқан алты ұлын Үшқарасай жазығына жерлеп, кері қайтыпты. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісінеді дейді. Сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып-ақ түгел қайтарып алса керек». Мұндай әңгімелер көп-ақ.
Өзгені де өз баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап, айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы шағын болғандығына қарай «Домалақ ана», «Домалақ ене» деп атап кетіпті.
Айша бибі
Айша бибі туралы аңыздардың желісі ел ішінде әлі күнге ғашықтықтың символы ретінде айтылып келеді. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Айша бибі – орта ғасырлық ақын, пәлсапашы, Ахмет Ясауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғанидің қызы. Ал анасы Әнбар бегім болса, тегі ақсүйек Қарахан елінің патшасы болған Қарабура ханның қызы. Бәрі де өз заманында әулие-әнбие болған кісілер. Нағашы атасының мазары Созақ ауданында Қарабура әулие деген атпен тұр. Жастайынан әкесінен жетім қалған Айша әжесі Ұлықпатшаның қолында өседі. Кейіннен анасы Сүлеймен Бақырғанидің шәкірті болған Зеңгі атаға тұрмысқа шыққанда, өгей әкесінің тәрбиесінде болады. Ақылына көркі сай Айша қыз бір күні өз еліне жорық барысында келген Қарахан елінің бір батырына ғашық болып қалады. Бір-бірін ұнатқан екі жас бұл өмірде қалайда бір болып, қалған өмірлерін бірге өткізуге келісіп кетеді. Содан өз еліне кеткен Қарахан батыр жақын арада еш оралмаған соң, шын ғашықтықтың сезіміне шалдыққан қыз батырды өзі іздеп бармаққа бел шешеді. Не де болса ғашығын бір көруді армандаған ол өгей әкесінен батасын беруін сұрап, жолға шығатынын айтады. Оған қарсы болған Зеңгі баба теріс батасын береді. Сонда да сүйіктісі үшін бәріне дайын Айша ештеңеге қарамастан жолға шығады. Таразға жақындап, Аса өзеніне жеткенде шомылып, тазаланып алуды ойлап өзенге түскенде жылан шағып, о дүниеге аттанып кете барады. Пәк сезім дүниенің ғажап көрмесін көре алмаған күйі үзіліп түседі. Мұны естіген Қарахан баба қатты күйзеліп, Айшаның басына мәңгілік махаббатының естелігі ретінде Орта Азияда жоқ, сұлулықтың інжу-маржаны аталып кеткен ерекше кесенесін тұрғызады.
Міне, қазақ даласында аналарымыздың адалдық, серттік, мейірбандық, өртұлғалық пен қайсарлығына таң қалмасқа бола ма?! Әйел заты бола тұра адами беріктіктің асыл қасиетін орындап, енді міне, көк бөзіне бөлеген ұлы даланың жасыл желек көрпесін жамылып, артындағы ұрпағына шынайы махаббаттың ақиқатын айқындап жатқандай…
Қазіргі жастарымыз болса, Айша бибі кесенесіне мәңгілік махаббаттың, таза сезімнің, пәктіктің символына айналған киелі орын ретінде мінәжат етіп келіп жататыны – соның айғағы.
Бабаджа хатун
Бұл кісінің де мазары Айша бибі кесенесінің маңына орналасқан. Әлі күнге дейін бұл кісінің кім екенін білу мүмкін емес. Себебі тарихта Бабаджа хатун туралы еш дерек жоқ. Бірақ ғылыми-тарихи зерттеулерге сүйенгенімізде, бұл кісінің де ақсүйек қаракөктің ұрпағы екені анық білінгендей. Өйткені түркі халықтарының барлығында дерлік «хатун» деген атау тек қағандардың әйелдеріне ғана берілген. Орта ғасырлық энциклопедист-ғалым Махмұд Қашқари өзінің «Түркі сөздігінде»: «Хатун деген сөз хақандардың ғана әйелдеріне берілетін атақ», – деп нақты айтып кеткен. Хан ұрпағы, хан әйелі деп құрметтеу жазылмаған дала заңындағы үрдіске айналған салт-дәстүр мен бабалар жолын берік ұстанған біздің халқымызда әлі күнге дейін бұзылған емес. Тек қазіргі кезде ғана бұл атау жалпылама әйел затына айтылатын болды. Осындай ақсүйектік «хатун» атағына қарап отырып, бұл кісіні Айшамен бірге еріп келген арғы әжесі болуы мүмкін деген ойды айтқым келеді. Бабаджа хатун күнде айтылып жүрген аңыздардағы Айшаның күтушісі деген сөз – мүлдем қате түсінік. Күтуші, кәнизак, құл дегеннің барлығы да тұтқынға түскен адамдарға айтылатынын ескеруіміз қажет және де өлгеннен соң құлдың не күңнің басына кесене тұрғызу – ол барып тұрған кешірілмес күнә мен опасыздық болар еді. Ал бұл ана – Айшаның әжесі, шөбересінің бөтен елге жалғыз кетуіне жол бермей қасына өзі еріп шыққан адам. Ал ақсүйек әйелге ешқашан ешқандай жау тимейтіні – Ұлы даланың айтулы заңдарының бірі. Сондықтан Айша қызды қорғаштап келген хан тұқымы деп айта аламыз. Олай дейтініміз, күңнің басына кесене тұрғызып, кесенесінің қасбетіне арабша: «Бұл Бабаджа хатун қабірі… Оны салушы» деген жазуларды жаздыру хан ұрпағына керек пе еді?! Неге жаздырды? Өйткені оның түбі асыл атаның ұрпағы екенін дәлелдеу және құрмет көрсету үшін болатын.
Осылайша, Тараздың төрінде Ұлы даланың ұлы аналары өз парыздарын орындап, кейінгіге үлгі-өнеге болып, өткен замандардың тарихи тәрбиелі істерін жаңа заманның уақытымен сабақтастырып, өткен мен бүгіннің арасында дәнекер болып жатыр.
Ұлбике Жанкелдіқызы (1825-1849)
Өңірімізге танымал тағы да бір аруымыз – Ұлбике ақын қыз. Ұлбике өмір сүрген кезеңде қазақтың нағыз ақын-жырауларының шарықтап тұрған кезі болатын. Жастайынан ақындар мен жыршылардың өнерін тамашалап өскен жас қызға құдайдың өзі осы бір суырыпсалмалық сыйын берген еді. Тіптен қыз болса да елді тәнті еткен, айтыста ешқашан жеңілмеген Ұлбике ақынды қалай айтпауға болады? Ол 1825 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Оның да шыққан тегі – Ұлы жүз ішіндегі ошақты руы, оның ішінде тасжүрегі. Қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жез таңдай әнші, дәулескер домбырашы. Тал бойына алуан түрлі өнер дарыған ару. Тәңірі оны ақындық өнерпаздығына қоса, хор қызындай көрікті етіп жаратқан. Оны ақындар «аққудың жүнді үрі», «тілі шешен, жүзі көркем» деп өлеңге қосқан. Қазақтың шежіреші оқымыстысы М.Ж.Көпейұлы өзінің «Қара мес» атты еңбегінде: «Ұлбике – Ұлы жүз, үйсін, ошақты. Әкесі Жанкелді де, шешесі Жаңыл да ақын болған», – деп жазып кеткен екен. Бірақ та Ұлбикенің ғұмыры қызғалдақтай келте болды. Алайда «бір кем дүние» деген емес пе, Ұлбикенің күйеуі Байтан өнердің парқын білмейтін ұр да жық, қызғаншақ адам болып кездескен. Ұлбике нағыз кемеліне келіп, ақын ретінде төңірегін тәнті ете бастаған шағында тентек күйеуінің қолынан 1849 жылы Үшарал ауылында мерт болған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз шығармасында Ұлбикенің ақындығы жайында тамсана жазып, азды-кемді ақпараттар қалдырса, Ұлбике ақынның шығармаларын В.Радлов Петербургте бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударып жариялаған екен.
Міне, Ұлы дала аруларының өмірбаяны нағыз шыншылдық пен адалдыққа тұнып тұрғанына еріксіз бас иесің. Тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев ағамыз өзінің «Қазақ хандығы дәуіріндегі ханымдар» атты мақаласында: «Өзгермеген, өшпеген бірнеше құнды қасиеттер халқымыздың бойында мəңгі сақталып қалды. Олардың біріне əрі бірегейіне – руханилық тұрғыдан алғанда, Анаға деген құрмет жатты. Анаға деген құрмет қазақ халқының тарихында мемлекеттілік тарихымен, қазақ халқының этногенезімен, халқымыздың мəдениетімен, рухани өмірімен қатар дамып, біте қайнасып келеді. Оның ежелгі замандардағы көрінісін бүкіл түрік тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушы, береке-молшылық тəңірісі болып саналған Ұмай анаға деген табынуынан көрсек, мың жылдан астам уақытқа созылған орта ғасырларда, əсіресе оның ислам дəуірі кезеңінде «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» жəне осындай сипаттағы қағидалар арқылы берік орнығады», – деп тамаша жеткізген еді.
Шынында да, бойына қазақтың қара сөзі мен қара өлеңін жиып өскен қазақтың қарапайым қара қызынан асқан сұлу жанды көргенім жоқ. Себебі ұлтымыздың мақтанышы да, абыройы да, күн нұрындай жарқыраған жарық нұры да осы – біздің қаракөз аруларымыз бен аналарымыз.
Асылжан Шайдилдаев,
«Руханият және тарихтану»
орталығының
бөлім басшысы