«Ұлы даладағы» үлкен қуаныш

«Ұлы дала» ықшамауданының тұрғындарын жол мәселесі көптен бері мазалап келген болатын. Жуырда аталған ауданға ат басын бұрған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл жағдайға баса мән беріп, бірқатар тапсырмалар жүктеген еді.

Енді міне, кеше №15 «Ұлы дала» ықшамауданындағы бесінші көшеге асфальт төсеу жұмыстары басталды. Жалпы ықшамаудандағы құрылыс жұмыстары жүретін жолдың ұзындығы 6 шақырым 620 метрді құрайды. Мердігер мекеме – «B grass» ЖШС. Техникалық қадағалаушысы – «КЦУП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қазір құрылыс басында жиырмаға жуық техника, отыздан аса жұмысшы еңбек етуде. Ал жобада көрсетілген 2,3,4 көшелерде жол негіздемесі дайындалуда.
Айта кетейік, аталған ықшамауданда жол құрылысы бірер ай бұрын басталу керек еді. Алайда, мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз болып танылған алғашқы мердігер тиісті талаптарды орындамағандықтан келісімшарт бұзылды. Заң талаптары аясында екінші жеңімпаз болған «B grass» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Сол себепті аталмыш ауданда жол жөндеу жұмыстары кешеуілдеді.
Енді сәтін салса, бірер күнде қалған көшелерге де асфальт жабындысы төселеді.

Дедек ТӨЛЕН

Comments (0)
Add Comment