«Ұлы даладағы» үлкен қуаныш

Алты тұрғын үйдің кілті табысталды

Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ық-шамауданында 460 пәтерлі 6 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Абдалы Тоқбергенұлы көпшілікті қуаныштарымен құттықтады.
– Елімізде тұрғын үй саясатында ерекше екпін түсірілуде. Егемендік жылдары осы бағытта ілкімді істер қолға алынып, көптеген бағдарламалар қабылданды. Осының нәтижесінде баспана бақытына бөленгендердің қарасы артып келеді. Олардың қатарында жамбылдық жерлестеріміз де аз емес. Әрине, мұның барлығы тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы жүйелі жұмыстардың бір парасы ғана, – деді мәслихат төрағасы.
Бұдан кейін қала әкімі ізгі тілегін жеткізді.
– Соңғы онжылдықтың бедерінде Тараз қаласында жаңа ықшамаудандар бой көтеріп, тұрғын үй саны арта түсті. Жалпы соңғы 4 жыл көлемінде Тараз қаласы бойынша 5 800 пәтер берілсе, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 3 844 азамат баспаналы болды. Ал пәтер кезегінде тұрған азаматтар 1 956 пәтерге қол жеткізді. Сондай-ақ ағымдағы жылы қала аумағында 42 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, жыл қорытындысымен 2 820 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл үрдіс алдағы уақытта да үзілмей жалғасын табады, – деген шаһар басшысы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізген пәтер иелеріне баспана кілттерін табыстады.
Келесі кезекте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшановтар лебіздер легін жалғап, ақжарма ниеттерін білдірді.
Жалпы 2019-2022 жылдар аралығында өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 1 154 отбасы жаңа баспанаға ие болған. Сонымен қатар биылғы жылдың соңына дейін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы бойынша 1 040 пәтерлі 16 нысанды іске асыру көзделуде.

Comments (0)
Add Comment