Бүгінгі Қазақстан бүкіл әлемге экономикалық жағынан қуатты, қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты, келешегі сенімді, болашағы зор мемлекет ретінде танылып отыр.
Өйткені мемлекетте бауырластық, ынтымақтастық, өзара бірлік идеологиясы түпкілікті орнықтырылған. Қазақстан – ұлан-байтақ өңірді мекендеп жатқан қазақ халқының және онымен тарихи тағдыры бір арнада тоғысқан барша ұлт пен ұлыстың ортақ Отаны. Барлық ұлт пен ұлыстың ортақ мақсатқа бір кісідей жұмылуы – жақсы дәстүріміз. Елдегі татулықтың үлгісін ең алдымен бұл жердің ежелгі иесі – қазақ халқы көрсетіп, бүкіл ел-жұртқа ұйытқы болып келеді. Тәуелсіздік туын қолда берік ұстау – әрбір Қазақстан азаматының биік мақсаты, басты борышы. Оны құқықтық мемлекетке, демократияшыл қоғамға тән заңдылық қағидаларын қатаң сақтағанда жүзеге асыра аламыз. Мұның бірінші шарты Конституцияны білу, сақтау, қадірлеу болса керек. Сонау Әз Тәукенің заманында да қазақ қауымының дәуірлеуі заңды жоғары ұстауына, заң талаптарына жүгінуіне байланысты болғанын еске түсірейік.
Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде тәуелсіздікті нығайтуға, заңдылықты сақтауға байланысты қыруар іс тындырды. Мысалы, ол 1993 жылы атақты Ордабасыдағы өткен тарихи жиында былай деген еді: «Қазақстандықтар бұрынғы құқықсыз өмірден біржола бас тартты, өзінің әлеуметке бағдарланған нарықтық экономикасы және жаңа қоғамдық қарым-қатынастар бар күшті егемен мемлекетін құруға кірісті. Қоғамымыздың ең қастерлі қазынасы адам болып табылады, оның құқығы мен бостандығына кепілдік беріледі деп заң жүзінде жарияладық. Республикадағы барша халықтың тең құқылығы қамтамасыз етіледі деп кепілдік бердік. Тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясы біржола тиянақтаған бұл тұжырымдар біздің қоғамдық прогресс бағытымен дамуымыздың негізі болуға тиіс».
Біздің еліміз де, кешегі Кеңес Одағынан тараған мемлекеттер де демократиялық, құқықтық мемлекет орнатуды мақсат етіп, адам құқығына жете мән бере бастады. Бұл оның Ата Заңдарында хал-қадірінше көрініс тауып отыр. Ресей Федерациясы жеке адамның қадір-қасиетін «Оны кемсітуге ешқандай негіз болуы тиіс емес» деген абсолюттік принципті белгілей отырып қорғайды. Бұл қағида Ресей Конституциясының 21-бабында одан әрі толықтырылады. Бірқатар Достастық елдерінде әр адам ар-намыс және қадір-қасиет құқығына ие (Әзірбайжан Республикасы Конституциясының 35-бабы, Грузия Конституциясының 17-бабы, Украина Конституциясының 25-бабы). Бүкіл ТМД мемлекеттерінің Ата Заңында адамның қадір-қасиетін кемсітуге ешқандай негіз болуға тиіс еместігі белгіленген. Бұл мемлекеттердің азаматтары ар-намысына, адал атына, жеке өміріне, барлық кісілік қасиеттеріне мемлекеттің, қоғамның және жеке адамдардың араласуынан қорғану құқығы бар. Мемлекеттік билік жеке адамды құрметтеуді және қорғауды міндетіне алады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы адамның және азаматтың құқықтары негізіне оның құқықтық мәртебесін жүзеге асыратын, бекітетін және негізге алатын қағидаларды жатқызады. Бұл қағидалар мыналар:
- Адам құқығы мен бостандығының ажырамастығы.
- Конституцияның құқықтар мен бостандықтарды асыра пайдалануға тыйым салуы.
- Конституциялық құқықтар мен бостандықтарды заңсыз шектеуге тыйым салынуы.
- Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығы тікелей әрекет етуі.
- Адам мен азаматтың құқықтық мәртебесінің маңызды қағидасы олардың теңдігі болып есептеледі.
- Заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілердің мазмұнын және қолданылуын адамның конституциялық құқықтары және бостандығымен қамтамасыз ету қағидасы.
- Адамның және азаматтың құқығының, бостандығының және міндеттерінің бірлігі және бөлінбестігі.
Біздің еліміз 1992 жылдың наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне өтіп, дүниежүзілік қауымдастықтағы тәуелсіз мемлекеттердің біріне айналды. Содан бері демократиялық, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам құруды бастады, сондықтан құқықтық шығармашылық процесін елде жүріп жатқан түбегейлі экономикалық және саяси-әлеуметтік реформалар талаптарына ғана байланысты емес, бүкіл құқықтық жүйесін жалпы жұрт таныған халықаралық құқық нормаларына сәйкестендіруге ұмтылғандықтан да жандандыра түсті. Сондықтан өмірдің барлық саласында адамның және азаматтың мәртебесін тиянақтайтын демократиялық өзгерістердің әлемдік тәжірибесін терең зерделейтін құқықтық ғылымды дамыту проблемасы елімізде ерекше мәнге ие. Қазақстан Республикасының дамуында ағымдағы және перспективадағы міндеттерінің ерекшеліктерін ескере отырып шетелдердің конституциялық құрылысының теориясы мен практикасын танып білу және пайдалану айрықша маңызға ие болады.
Еліміздің Конституциясы жоғарыда аталған адамның ең ізгі қасиеттерін биік белеске көтереді. Қайбір халық болмасын ар-намысы – кісілік қасиеттерінің өлшемі, адамгершілігінің белгісі. Гуманизмге негізделген қоғамда ар-намыс пен ар-ұятты заң қорғайды. Осыны ескергендіктен, еліміздің Ата Заңының 17-бабында былай деп айқын жазылған: «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды».
Әрине, тәуелсіздік жылдарында Конституциямыздың жиі өзгерістерге ұшырауы тәуелсіз жас мемлекеттің даму ерекшеліктеріне, әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болуға ұмтылысына, нарықтық экономикаға көшу қиындықтарына, тоталитарлық жүйеде қалыптасқан түсініктер мен ұғымдардың санаға бірте-бірте сіңуіне, демократиялық құндылықтардың бірте-бірте орнығуына байланысты деп білу керек. Жалпы алғанда, конституциялық заңнаманың өзі бір қалыпта қалуы оңай емес, тұрақты Конституцияға ие болу үшін өтпелі кезеңдерді бастан өткеруіміз қажет еді. Бұл процесс әлі де жүріп жатыр.
Думан Мәуленов,
заң ғылымдарының кандидаты