Жарқыраған көше қашанда жанға жылу сыйлайды. Көшелердің бойына орнатылған жарықтандыру шамдары ауызсу, газ, жол және байланыс салалары секілді шаһар мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі болып есептеледі.
Аталған мәселе Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің тікелей назарында. Қаланың үш жылдық Даму картасында да бұған баса мән берілген. Соның нәтижесінде көне шаһарда жарқыраған көшелердің саны жыл санап артып келеді.
Бұл тұрғыда «Ұлы дала» шағынауданында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Биыл аталған шағынаудандағы 100-ден аса ауланың 23-не және 44 көшенің 15-не жарық шамдары орнатылып, іске қосылды. Бұл жұмыстар 2026 жылы да өз жалғасын табады. Жалпы, 2023 жылы шаһардағы 83, 2024 жылы 76 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылды. Ал биыл 71 көшені жарықтандыру жұмыстары толығымен аяқталса, қалған 14 көше келер жылға өтпелі.
Сонымен қатар былтырдан бері қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоба құны 8,4 миллиард теңге болатын жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы жүргізілуде. Жоба биыл аяқталады.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ