Ұлы дала елінен алыстағы АҚШ-қа

Мұхит асқан қазақ баласының америкалық арманы

«Істің көзін тапқанды табыстың өзі табады» дейді дана қазақ. Расында, алдына мақсат қойып, оған жету жолында талмай, тынбай еңбек еткен жанның түбінде ұшпаққа шығатыны анық. Табан ақы, маңдай тердің ақысы жерде қалмайтынын ескерсек, жылдар бойғы жұмыстың жемісі толайым табыс пен абырой-бедел болып қайтады.

Өз ісіне деген жанкештіліктің, оған деген адалдықтың арқасында жетістікке жеткен жандар елімізде аз емес. Осындай азаматтың бірі – Нұрбосын Сыбанбаев. 1976 жылдың қаңтарында дүние есігін ашқан ол жастайынан оқуға, білуге құштар болып өскен. Мектепте үздік оқып, қатарластарының алды болған Нұрбосын еңбекқорлығы мен білімге құмарлығының арқасында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Экономика» факультетіне грантқа түседі. Сондай-ақ құқықтану магистрі де атанады.
Жоғары оқу орнында жүріп білімін шыңдаған Н.Сыбанбаев алдағы өмірін кәсіпкерлікпен байланыстыруға мықтап бел буады. Осылайша жаңа мыңжылдықтың басында өмірлік жары Айгүл Құлымбетовамен отбасылық кәсібін бастауды қолға алады. Алғашында құрылыс саласында еңбек еткен жұбайлар мейрамханалар ашып, халықаралық коммерциялық тасымалдар мен логистикамен айналысты. Қол ұстаса жүріп бизнестің талай белесін бағындырған отбасылық жұп тек жанұяда ғана емес, ортақ істе де бір-біріне қолдау білдіріп, демеу бола білді. Ерлі-зайыптылар жеткен жетістігімен тоқтап қалмай, алдарына алыстағы Америка Құрама Штаттарына аттанып, мұхиттың арғы жағында бақтарын сынап көруді жөн көреді.
Алдына нақты мақсат қоя білген адамның оған жету үшін барын салатыны анық. Осы арманын орындау мақсатында Нұрбосын Сыбанбаев 2019 жылы АҚШ-қа қоныс аударып, онда жүк тасымалымен айналысуға шешім қабылдайды. Тынымсыз тірлігі мен еселі еңбегінің арқасында жұмысының жемісін көріп жүрген жандар бүгінде Америкада табысты кәсіп жүргізуде.
Осы ретте Нұрбосынның өзі таңдауы не себепті АҚШ-қа түскені жайында былай дейді: «Мен үшін бұл – шексіз мүмкіндіктер елі. Мұнда кәсіпкерлер әлемдегі ең тұрақты валюта – АҚШ долларымен тікелей жұмыс істей алады. Бұл бізге экономикалық қана емес, стратегиялық артықшылықтар береді. Мен еңбекті жоғары бағалайтын отбасында туып-өскенмін. Сондықтан алдымнан шыққан әр кедергі, әр сәтсіздік – мен үшін сабақ алып, тәжірибе жинаудың таптырмас тәсілі. Бұл ретте мен кәсібімнің темірқазығы ретінде адалдық қасиетті алға ұстап, шынайылық пен іскерлік рухты бизнестің негізгі талабы деп білемін».
Төрт баланың ата-анасы ретінде Нұрбосын жұбайы Айгүлмен бірге америкалық өмір салтына бойлай еніп, заман ағымына сай өмір сүруге бейімделіп келеді. Қиындықтарға қарамастан, олар америкалық арманды орындау жолында алдынан ашылатын сан түрлі мүмкіндіктерді пайдаланудан қашқан емес.
Америка жерін басып келе жатқан қазақстандық кәсіпкер үшін тәртіп пен еңбекқорлық – мызғымас ұстаным. Әрі қазіргі заманғы іскерлік балеттің қарқынды ырғағында нарықтық хореографияға бейімделу – үлкен өнер. Сол себепті жергілікті серіктестермен үйлесімді жұмыс істейтін Нұрбосын мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды жоғары бағалайды.
Н.Сыбанбаевтың бизнес жүргізу алаңы ретінде АҚШ-ты таңдауын үлкен саяси қадам ретінде де санауға болады. Өйткені қазақ даласына деген сағынышы оған мұхиттың арғы жағындағы кәсібін бұдан әрі дамытып, өзінің Отанының дамуына үлес қосуға итермелеп келеді. Демек, Нұрбосын Сыбанбаевтың америкалық жүк тасымалдау индустриясындағы бұл оқиғасын туған жерінен шалғай елде жүргізіп жатқан табысты кәсібі туралы ғана емес, сонымен қатар түрлі таңдаулар, сын-тегеуріндер мен кәсіпкерлік арманға ұмтылу жолындағы бірегей әңгіме деп қабылдаймыз.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment