Ұлттық университеттің беделі биіктейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында, басқа да республикалық алқалы жиындарда сөйлеген сөздерінде су қауіпсіздігі мәселесіне үнемі назар аударып, Үкіметке нақты міндеттер жүктеп келеді.

Мәселен, Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын атап көрсетіп, бірқатар түйткілдерді алға тартты.
«Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», – деді Мемлекет басшысы Жолдауда.
Осы тапсырма аясында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Тараз қаласында Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін құру туралы қаулыға қол қойып, 20 қыркүйек күні Ұлттық университет Әділет министрлігінен тіркеуден өтті.
Енді арнайы оқу орны су шаруашылығы мен ирригация жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды тұрақты түрде даярлайды. Бұл қуантарлық жағдай ғалымдарға үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Ендеше алдағы уақытта гидротехникалық құрылыстарды жобалау және пайдалану бойынша салалық мамандардың тапшылығы жойылатыны сөзсіз. Бұл мемлекет басшысының су мамандарының мәртебесін жоғарылату бойынша жасаған батыл әрі тиімді қадамдарының нәтижесі.
Президенттің Су ресурстары мен ирригация министрлігін құруы елімізде су саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге, саланы дамытуға үлкен серпіліс берді. Қазіргі кезде елімізде жаңадан 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналды реконструкциялау жұмыстары басталып кетті. Әр өңірде су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту, су үнемдеу технологияларын қамту арқылы су үнемдеу жұмыстары қолға алынды.
Министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, еліміздің су ресурстарын қорғайтын бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе көбейіп, жалпы штат саны 242 адамға жетіп, республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімдері ашылуда.
Бүгінгі таңда еліміздің су саласында 10 мыңға жуық адам еңбек етеді екен. Сала мамандарының еңбекақылары орта есеппен 25 пайызға көтерілді. Суды заңсыз пайдалану және су тұтынуды есепке алу деректерін бұрмалау фактілерін жою, сондай-ақ су қоры аймақтары мен нысандарында заңсыз шаруашылық қызмет мәселелерін реттеу үшін министрлікте жаңа Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитет құрылды.
Демек, жоғарыда айтылған ауқымды жұмыстарды атқаруға білікті, білімді кадрлар қажет. Бұл кадрлар ұлттық мәртебе берілген жаңа университетте даярланбақ. Ұлттық университетте «Су шаруашылығын басқару және автоматтандыру», «Мелиорация және гидротехнология», «Экология және аквамәдениет» жоғары мектептері болашақ мамандарды даярлайды. Жаңа университетте бұрынғы су саласына қатысты білім беру бағдарламаларымен қоса, жаңадан ашылған «Мелиоративтік жұмыстарды механикаландыру», «Гидроэнергетика», «Су шаруашылығының экономикасы», «Су дипломатиясы» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша мамандар білім алады. Сонымен қатар жастар «Болашақ» бағдарламасымен «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» мамандықтары бойынша шетелде білім ала алады.
Сонымен қатар ұлттық университетте жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы су бағыты бойынша «Ташкент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын механикаландыру» Ұлттық зерттеу университетімен қос диплом беру бойынша білім беру жүзеге асырылады.
Университет «Мелиорация және суармалы егіншілік», «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» бағыттарында докторанттар дайындайды. Ғылыми дәрежесі бар жас ғалымдарды дайындау мақсатында 8D074-«Су шаруашылығы», 8D086-«Су ресурстары және суды пайдалану» бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер жұмыс істейді.
2008 жылы мемлекеттің ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау көрсету мақсатында қабылданған «Дипломмен ауылға» жобасына су саласының мамандары енгізілді. Яғни, ауылдық елді мекенге барған су маманына жұмысқа орналасқан жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы, ал тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1 500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын көлемде 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие беріледі. Сондай-ақ 2024-2025 оқу жылына Ұлттық университетке 245 мақсатты білім гранттары бөлінген болатын.
Алдағы уақытта да білікті кадрлар даярлауда Ұлттық университетте үкіметтің қолдауымен ауқымды істер атқарылатынына сенімдіміз.
Білікті маман – су шаруашылығы саласының басты байлығы. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізуге қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін судың аз мөлшерін пайдалануға мүмкіндік беретін қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, гидротехникалық құрылыстарды салу және тозу мәселесін шешуге, өзен-көлдердің экожүйесін сақтауға қабілетті мамандарды дайындауда Ұлттық университеттің беделі жоғары болмақ.

Кенжеғали ШИЛІБЕК,
техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Comments (0)
Add Comment