Ұлттық спорт кеңінен насихатталуда

Бүгінде Тараз қаласында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, бәйге, асық ату, бес тас, ордабасы, құсбегі, садақ ату сынды 12 ұлттық спорт қамтылған. Аталған спорт түрлері бойынша 4 874 адам шұғылдануда.

Ұлттық спорт түрлерін насихаттау және дамыту мақсатында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі жыл сайын көктемде 18 жастан асқан спортшылар арасында «Қазақстан Барысы» қалалық іріктеу турнирін өткізеді. Сондай-ақ жастар арасында «Жас Барыс» турнирі ұйымдастыралады. Сонымен қатар балалар, жастар, ересектер мен ардагерлер арасында тоғызқұмалақтан, асық ату, көкпар, садақ ату және басқа да түрлерден қалалық жарыстар өтіп тұрады.
Мәселен, жуырда Үстел теннисі орталығында мектеп оқушылары арасында асық ату және бес асық спорт түрлерінен Тараз қаласының ашық біріншілігі өтсе, «Құмшағал» алқабында Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен командалық көкпардан Тараз қаласының ашық біріншілігі ұйымдастырылды. Аталған жарысқа Т.Рысқұлов, Жамбыл, Жуалы аудандары және Тараз қаласынан жалпы саны 8 команда қатысып, 100-ге жуық спортшы қамтылды. Бұған қоса Ұлыстың ұлы күніне орай «Көлтоған» алқабында арқан тарту, қазақ күресі, қол күресі және аударыспақ спорт түрлерінен өткен жарыстарға тұрғындар белсене қатысты.
Ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Оксана Борисюк,
Тараз қаласы әкімдігі дене шынықтыру және спорт
бөлімінің басшысы

Comments (0)
Add Comment