«Адамдардың хайуандардан артықшылығы – сөйлей білуінде». Иә, бұл тұжырым барлық жерде айтылып келеді. Адамдар ымдасудан сөйлесуге дейін үлкен бір жолды бастан кешірді. Одан кейін адамдар жазуды игере бастады. Нәтижесінде, мәтіндермен жұмыс істейтін жаңа мамандық иелері пайда болды. Олар өз кезегінде филолог деп аталды.
Филология гректің «сөзге ғашықтық» деген сөзінен шыққан екен. Тарихи деректер филологтардың 2 500 жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын әйгілейді. Оған себеп – антикалық дәуірде Грекия мен Римдегі мектеп оқушылары әдебиетке жақын бір сабақты оқып жүрген. Кейінірек ол сабақтың бүгінгі филология пәніне қатысты болғаны анықталып отыр.
Бұл мамандықты таңдаған жандар көбіне өткен күннің тарихына көз жүгіртіп, санасына түйгенді ұнатады. Кез келген дүниенің тарихына баса мән береді. Ал мамандықтың өзі ежелгі гректердің өмірімен және тұрмысымен тығыз байланысты. Өйткені ежелгі гректерде шешендік өнерді меңгеру, жұрт алдында сөйлей білу, өзіңді тапқырлықпен тығырықтан алып шыға білуге баса назар аударылған. Кейіннен бұл ерекшелік еуропалықтарға, одан кейін араб елдерінің тіршілігімен біте қайнасып кетті.
Бүгінгі ғылымда да филологияның атқаратын қызметі айрықша. Ал филологиямен журналистика, тарих сынды іргелі салалар біріксе, руханияттағы алып күшке айналары сөзсіз. Ендеше, осы салаларды бір арнаға тоғыстырып, жалынды жастарға білім беретін жоғары оқу орындарына артылар сенім жүгі өте ауыр. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультеті осы сенімнің үдесінен толығымен шығып келеді.
Бүгінде аталған факультетте 4 ғылым докторы, 33 ғылым кандидаты мен 13 PhD докторы қызмет етуде. Сондай-ақ онда жалпы саны – 2 432 студент, оның ішінде 8 докторант пен 93 магистрант білім алуда.
Заманауи ақпараттық технологияларды, шет тілдерін жетік меңгерген, халықаралық, ұлттық және өңірлік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлауды мақсат тұтқан факультет базасында телестудия, ресурс орталығы, латын әліпбиі кабинеті, «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының компьютер класы, «Қазақстан тарихы» пәнінің мамандырылған кабинеті, Қапаш Тасболатұлы атындағы педагогикалық шеберлік кабинеті, латын графикасын оқытуға арналған оқу-әдістемелік кабинеттері бар. Сонымен қатар студенттердің академиялық ұтқырлық бойынша шетелде тәлім алуына да бар мүмкіндік қарастырылған. Факультетте студенттеріміз «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау», «Шетел тілдері мұғалімдерін даярлау», «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау», «Филология: ағылшын филологиясы», «Аударма ісі», «Тарих», «Филология: қазақ филологиясы», «Конвергентті журналистика» және «Web- журналистика» білім беру бағдарламалары бойынша оқиды.
Айталық, «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасы 6В02313-«Аударма ісі» және 6В02312-«Филология: ағылшын филологиясы» бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Қазіргі уақытта кафедраның қызметі ғылыми-педагогикалық әлеуеттің тұрақты өсуімен, заманауи жабдықтармен жабдықталған ғылыми-зерттеу орталықтарының болуымен сипатталады. Сондай-ақ кафедраның білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталған барлық қызметі Ұлттық білім беру жүйесінің мақсаттары мен міндеттеріне, ел мен аймақтың даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Оқу-өндірістік және дипломалды практикаларды «Аударма ісі» мамандығының студенттері «Taraz Travel» туристік компаниясында және «Interlingua» білім беру орталығында, ал «Филология: ағылшын филологиясы» мамандығының студенттері «Білім», «Парасат» және «Астана» колледждерінде өтеді. Болашақ аудармашылар практика барысында аудармашы мамандығының қыр-сырымен, аударманың түрлерімен танысып, ауызша және жазбаша аударма жасауды үйренеді. Болашақ филологтар практикасы колледждерде жүргізіледі. Студенттер оқу орнындағы оқу бағдарламаларымен, оқу жоспарларымен, тәрбие жұмысының жоспарларына қанығады. Ағылшын тілінен сабақ беруді, сабақ жоспарын құруды және талапқа сай рәсімдеуді үйренеді және студенттердің педагогикалық дағдылары мен кәсіби құзыреттілігі қалыптасады.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы бойынша білім беру бағдарламасында көрсетілген барлық практика түрлері оқу жоспары мен академиялық күнтізбесіне сәйкес жүргізілуде. Жамбыл облыстық және Тараз қалалық білім басқармалары мен университет тарапынан жасалған екіжақты келісімшарт негізінде 6В01700-«Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» мамандығында білім алатында облыс аудандары мен қала бойынша барлық мектептен практикадан өтуге мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ Жамбыл инновациялық жоғары колледжімен, «Достық» білім беру орталығымен, «125 education ЖЖС» орта мектебімен де келісімшарт жасалып, студенттер практикадан өтуде. Педагогикалық практика барысында студенттер талапқа сәйкес бөлінген сыныптарына сынып жетекшісі мен пән мұғалімі функциясын атқарады.
«Тарих» кафедрасының мақсаты – еңбек нарығында креативті ойлауы бар, кәсіби және жалпы мәдени құзыреттіліктері, көшбасшылық қасиеттері бар, тарих ғылымы мен білім беру саласында еңбек қызметін жүзеге асыруға қабілетті, тарихи оқиғалар мен тарихи көздер мен процестерді талдау дағдыларын меңгерген жоғары білікті, бәсекеге қабілетті тарихшы-бакалавр мамандарын даярлау, патриотизм рухында, туған жердің тарихи дәстүрлері мен мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу. Аталған кафедра білім беру мен ғылымның негізгі қағидаттарына сәйкес құрылған және студенттерді магистратурада білім алуды жалғастыруға ынталандыруға, кәсіби қызмет бағытын өзгерту кезінде өзінің білім беру және арнайы білім деңгейін дербес арттыруға, сондай-ақ студенттердің академиялық ұтқырлығына қол жеткізуге және олардың еңбек нарығында табысты бейімделуіне бағытталған. Сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша орта білім беру мекемелерінің жоғары сынып оқушыларын ғылымға баулу мақсатында мектеп оқушыларының қатысуымен ғылыми-әдістемелік конференциялар мен семинарларды жүйелі түрде ұйымдастыратын «Мұрагер» және «Глобус» үйірмелері құрылған. Кафедра қызметкерлері мен студенттер аталмыш үйірмелермен тығыз жұмыс істеп келеді.
6В02211-«Тарих» білім беру бағдарламасы студенттері оқу (археология), өндірістік 1 (архив), өндірістік 2 (музей), дипломалды өндірістік практикаларынан өтеді. Студенттерге практика алдында кафедрада бағыттау (нұсқау беру) конференциясы ұйымдастырылып, мақсат-міндеттер кеңінен таныстырылады.
Оқу практикасы Тараз қаласы маңындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді таныстыру бағытында болады. Ол бір апта бойы бірнеше бағыттағы экскурсиядан тұрады. Практиканың алғашқы күндері студенттер «Тектұрмас» кесенесіне барып, тарихи кешенді жан-жағын аралап көріп, зерттейді. Содан кейін «Түймекент» қалашығы, «Қарахан», «Айша бибі» және «Бабаджа хатун» кесенелеріне аялдап, мол мағлұмат алады. Оқу-археологиялық практика кезінде студенттер «Төрткүл» керуен сарайына да ат басын бұрып, түрлі артефактілерді, құмыра, құрылыстарды көріп, суретке түсіп, тарихына саяхаттап қайтады.
«Тарих» мамандығын тәмамдаған түлектердің мұрағаттардың қызметі, мұражайлар, тарихи орындар мен ғимараттардың және осыған ұқсас туристік көрікті жерлер, саяси ұйымдар, жалпы немесе арнаулы орта білім беретін оқу ордаларында жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Орыс тілі және әдебиеті» кафедрасының 6В01702-«Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» бағдарламасы бойынша студенттер Тараз қаласы орта білім беру ұйымдарында өздерінің педагогикалық (өндірістік) тәжірибесінен Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназия, №35 орта мектеп, А.Пушкин атындағы №41 мектеп-гимназия, Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектеп және т.б. өте алады.
«Орыс тілі және әдебиеті» кафедрасында білікті әдіскерлер тарапынан студенттерге пән бойынша сабақтардың тақырыптарын жоспарлау, сыныптан тыс іс-шараларға да көңіл бөлу, оқушылардың білімдерін бағалау бойынша тиісті әдістемелік көмектер көрсетіледі. Студенттеріміз сабақ барысында түрлі жаңа технологияларды пайдаланып, дидактикалық материалдар балалардың сабаққа деген ынтасын көтеруде. Бірінші күннен бастап коммуникациялық қарым-қатынас орнатылды. Сыныптан тыс тәрбиелік іс-шаралар жастардың тұла бойында рухани құндылықтарын арттыруға бағытталған. Ең маңыздысы – орыс тілі сабақтарында пәнаралық байланысқа да көңіл бөлініп келеді. Кафедра ұстаздары орыс тілінде оқитын жалпы білім беретін мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға да белсенді қатысады. Бүгінде Қазақстан Республикасының 5 және 9-сынып оқушылары орыс әдебиетін, профессор Л.В.Сафронова және доцент Н.В.Свидова авторлығымен шығарылған кітаптармен білім алуда. Оқу бағдарламаларының түлектері білім беру қызметтеріндегі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Аталған кафедра түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі 100 пайыз деп сеніммен айтуға болады. Білім беру қызметі нарығында университет ұстанымын, лингвистика және әдебиеттану мәселелері бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер барысында едәуір маңызды нәтижелерді, сонымен қатар оңтүстік өңірі мен еліміздің білім беру саласын жаңғырту бағдарламаларына қатысуын қамтамасыз ететін білім сапасы мен бітірушілер дайындығын жоғарылатуды мақсат тұтқан кафедра ғалымдары халықаралық, республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияларына, жобалар жазуға, мектеп оқулықтарын дайындауға белсене қатысады.
«Әлем тілдері» кафедрасында 6B01707-«Шетел тілдері мұғалімдерін даярлау» бойынша студенттер практикасы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы, Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясы, Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясы, №47 орта мектебі, №3 мектеп-лицейі, №38 орта мектебі, №31 Бауман атындағы орта мектебі, №7 мектеп-гимназиясы, Гайдар атындағы №35 орта мектебінде жүзеге асырылуда. Тәжірибе барысында студенттер мектеп бағдарламасына сәйкес оқу үдерісін ұйымдастыру, оқу-әдістемелік жұмыс және құжаттамамен, сабақ жоспарын дайындаумен танысты. Сонымен қатар жетекшілерімен бірлесе отырып, сабақтарға дайындалып, өз сабақтары мен пән мұғалімінің сабақтарына талдау жасайды. Шет тілдерін меңгеру нарығында жаңа тұрпатты және бәсекеге қабілетті маман дайындайтын «Әлем тілдері» кафедрасы стратегиялық дамуда инновациялық білімге және зерттеу жұмыстарына басымдық береді.
«Филология және журналистика» кафедрасындағы 6В03212-«Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарының барлық салаларында теориялық, практикалық дағдылары бар, кәсіби жоғары білікті, заманауи-инновациялық үдерістерді толыққанды меңгерген, сандық журналистикадағы соңғы жетілдірілген өнімдермен еркін жұмыс істей алатын, жаңа форматты журналистикада телерадио, баспа журналистикасының барлық жаңалықтарын толық игерген кәсіби маман даярлау. Ал 6В03213-«Web-журналистика» білім беру бағдарламасының мақсаты – осы салаға қатысты жаңа заманауи технологияларды игере отырып, кез келген бұқаралық ақпарат құралдарында еркін жұмыс істейтін, әлеуметтік желілерде жаңалықтар сайтын құра алатын, теориялық білімі, қажетті практикалық дағдылары бар және қазіргі заманғы инновациялық технологияларды қолдана білетін білікті мамандарды тәрбиелеу.
Қазіргі уақытта кафедра қызметі ғылыми-педагогикалық әлеуеттің тұрақты өсуімен, қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықталған ғылыми-зерттеу орталықтарының болуымен сипатталады. Кафедрада және университеттің ғылыми кітапханасында оқу және ғылыми-техникалық әдебиеттердің кең заманауи базасы бар. Мамандық бойынша оқу және оқу-әдістемелік әдебиеттің едәуір үлесін кафедраның профессор-оқытушылары әзірлеген. Кафедраның білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталған барлық қызмет М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жарияланған стратегияға, миссияға, білім кеңістігіндегі түрлі көріністерге және құзыреттіліктерге сәйкес жүзеге асырылады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, жалпы алғанда, ұлттық білім беру жүйесінің мақсаттары мен міндеттеріне, ел мен өңірді дамытуға арналған жоспарға сай жүргізіледі.
Ғылымның дамуы және халықаралық деңгейдегі зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігі – факультеттің басым стратегиялық бағыттарының бірі. Осы бағыттағы факультеттің ғылыми-зерттеу жұмыстары профессорлық-оқытушылық құрамының жеке жұмыс жоспарларына сәйкес жасалады. Аталмыш жоспарда оқытушылар «Scopus» және «Web of Science» базасына кіретін журналдармен шетелдік, халықаралық, республикалық және университеттің «Дулати Хабаршысы» басылымдарына ғылыми мақалаларын жариялауды, шетелдік, халықаралық, республикалық конференцияларға қатысуды, студенттердің ғылыми жұмысына жетекшілік жасауды басты назарда ұстайды. Факультетте ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша 2 ғылыми жоба қаржыландырылған. Биылғы оқу жылында факультет ғалымдары тарапынан 7 монография басылып шыққан. 192 ғылыми мақала, оның ішінде 151 халықаралық басылымдарда, нөлдік импакт-фактор, «Scopus» және «Web of Science» базасына кіретін журналдарында 41 мақаласы жарық көрген. Факультетте 10 ғылыми үйірме жұмыстары жүргізіледі. Олардың қызметінің негізгі мақсаты – студенттердің ғылыми-зерттеу қызметін қарқындату, олардың ғылыми зерттеулерге қатысу жолымен, әр студент үшін өзінің қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес, жеке тұлғаның шығармашылық дамуына өз құқығын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Факультет оқытушыларының арасында биік белестерді бағындырып жүрген ұлағатты ұстаздар аз емес. Олардың қатарында филология ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Құрметті профессоры Зиба Құламанова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Күлзинат Қарымбаева, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Рысты Керімбаева, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ермекбай Серікбаев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Рахима Иманалиева, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесі тарихын зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Сейдахан Бақторазовтардың шоқтығы биік. Сонымен қатар 2 оқытушымыз 2023 жылдың 20 желтоқсандағы Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен әлемнің жетекші орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту үшін «500 ғалым» бағдарламасының стипендия иегері атанғаны да – біз үшін зор жетістік.
Кез келген оқу ордасының деңгейі түлектерінің біліктілігімен өлшенетіні белгілі. Бұл тұрғыда біздің факультет дарынды шәкірттерден кенде болып көрген емес. Оның жарқын дәлелі – әр жылдары факультет қабырғасынан қияға қанат қаққан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Маралтай Райымбекұлы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Коммуникация және маркетинг департаментінің директоры Аруна Ортай, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бас редактор-аудармашысы Жадыра Ускенбаева, ҚР Президенті Баспасөз қызметінің маманы Шынболат Күзекбаев, «Aulieata media» ЖШС бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев, ақын, «Qazaqstan» Ұлттық арнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Aq jol» газеті бас редакторы орынбасарының міндетін атқарушы Нұржан Қадірәлі секілді мақтаныштарымыз. Бұлардан өзге де түлектеріміз түрлі жетекші салаларда жемісті еңбек етуде.
Қорыта айтқанда, бүгінгі қоғамда жоғарыда біз атап өткен мамандық иелері ауадай қажет. Ұлттық рухты оятып қана қоймай, халықтың тілін, ділін сақтап қалуына ықпал ететін мамандар осылардың арасынан шығатыны сөзсіз. Кез келген мемлекеттің рухани нәрі тілі мен әдебиетінде және тарихында жатыр. Онсыз елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан қанша жерден заман жаңғырып, әлемді жаһандану жайласа да, ұлттық руханиятқа үлес қосып жүрген ұлағат иелеріне деген сұраныс ешқашан азаймайды. Ал «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультеті бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да үздіксіз жалғастыра береді.
Гулнур ИСАБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Филология және гуманитарлық ғылымдар»
факультетінің деканы