Өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – мемлекеттік саясаттағы басымдыққа ие бағыттардың бірі. Қазір еліміздегі отбасылар баланың дүниеге келген сәтінен бастап оның ер жеткеніне дейін мемлекеттің қолдауынан кенде қалмайтынына бек сенімді бола алады.
Мұндай сенімділікке жол ашқан жайттардың бірі – 2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын құру мәселесін көтеруі болатын. Нәтижесінде Президенттің бастамасымен жас азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ білім алуына жан-жақты жағдай жасалып отыр. Осылайша өткен жылдан бастап жылма-жыл қазақстандық балаларға 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қордан, инвестициялық табысты қоса алғанда, қаражат аударылып келеді.
«Біз азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартып, балаларымызға кемел келешекті құрудың негізін қалап жатырмыз», – деді бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасының басты мақсаты – келер ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру арқылы қаржы ресурстарын үнемдеу жолымен әр балаға ұлттық байлықтан тиесілі үлес беру.
2024 жылы аталған бағдарламаға 2006-2023 жылдар аралығында туған 6 919 131 адам қатысқан. Олардың әрбірінің шотына 100,52 доллар жіберілген. Аударылған ақшаның жалпы сомасы – 695,5 млн АҚШ долларын құрады. Ал Жамбыл облысында 472 мың 426 балаға Ұлттық қордан 47 миллион 488 мың 262 теңге тиесілі төлем жасалған.
Биыл бағдарламамен қамтылғандардың жалпы санынан 304 815 адам 18 жасқа толып, оларға аударылған қаражаттың жалпы сомасы 30,6 млн АҚШ доллары көлемінде болды. Оның ішінде жамбылдық 21 626 жасөспірім 2 миллион 173 мың 846 теңге нысаналы қаражаттарын алып үлгерген.
Баянды бағдарлама алғашқы жылы-ақ экономистердің оң бағасын алды. Мәселен, қаржыгер маман Арман Байғанов мұндай жүйенің басқа елдерде, атап айтқанда Таяу Шығыста сәтті жүзеге асып жатқанын айтады.
– Балаларды қаржылық капиталмен қамтамасыз ету идеясының әлеуеті зор. Дегенмен, инвестициялық кіріс көлемі қордың бір жылдағы қызметіне байланысты болатынын ескерген жөн. Жыл сайын аударылатын қаражаттың бала 18-ге толғанша жиналатынын ескерсек, бұл жоғары білім алуға немесе баспаналы болуға мүмкіндік беретін алғашқы капитал болады, – дейді ол.
Мұндай игі іс ата-аналардың да қолдауына ие болып отыр. Айталық тараздық көпбалалы ана Ғазиза Садуақасқызы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы өте жақсы бастама болғанын айтады.
– Бөлінген қаражатты баланың білім алуына немесе баспаналы болуына жұмсау үшін қолға берілмей, сақталатыны да ұтымды болды. Әйтпесе, қолға түскен ақша жұмсалып кететіні белгілі. Баланың болашағы үшін берілген қаржы оның өз мүддесіне жұмсалғаны жөн. Тіпті, доллармен сақталып, алдағы уақытта құнсызданбаудың қамы ойластырылғаны да қуантады, – дейді Тараз қаласының тұрғыны.
Ал 2025 жылы 18 жасқа толмаған ел азаматтарының әрқайсысына 129,38 доллар көлемінде қаражат аударылды. Осылайша бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың жинақтарының жалпы сомасы инвестициялық кірісті қоса алғанда 232,94 долларға ұлғайды. Нәтижесінде жалпы аударылған сома көлемі 888 млн долларға жетті.
Жалпы, биыл бағдарламаға 2007 жылдан 2024 жылға дейін туған 6 921 035 бала қатысып жатыр. Олардың ішінде 324 430 азамат осы жылы 18 жасқа толады екен.
Еске сала кетейік, жинақталған соманы кез келген жас азамат 18 жасқа толғанда пайдалана алады. Жинақтар Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шоттарға аударылып, жоба қатысушылары тиісті соманы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, білім алуға жұмсайды.
2025 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша, бұл мақсатқа 66 571 өтінім беріліп, оның ішінде жалпы сомасы 5 316,7 мың долларға 53 001 өтінім орындалған. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға 34 388 өтінім беріліп, 29 542-сі орындалып, 2 964 мың доллары төленген. Білім беру бойынша 32 183 өтінім жолданып, оның ішінде 23 459 өтінім қанағаттандырылып, 2 352,7 мың доллар төленген.
Соның бірі Алматы қаласында білім алып жатқан Жамбыл облысының тумасы Диана Мадиярбек. Ол Ұлттық қордан өткен жылы бөлінген қаржыны болашақта үй алуға пайдаланғанды дұрыс көріпті.
– Биыл жоғары оқу орынына мемлекеттік грантпен түстім. Сондықтан Ұлттық қордан берілген ақшаны «Отбасы банкінен» жеке есепшотымды ашып, соған аударттым. Сол есепшотыма шәкіртақымнан да салып отырамын. Бұйыртса, болашақта өз баспанамды алуға мүмкіндігім болады, – дейді ол.
Балаңыздың шотында жинақталған қаражатты тексеру де қиын емес. Оны арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН енгізе отырып көруге болады.
Ұлттық қордың қаражатын жас отандастарымызды қолдау мақсатында пайдалану – еліміздің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық шешім. Аталған бастама өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етіп, кейінгі ұрпаққа болашаққа зор сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Еркін САЙЫН