Ұлттық ойын – ұлт қазынасы

Ұлттық спортымыздың қай түрі болсын жас ұрпақты төзімділік пен шеберлікке, ұлтжандылыққа баулумен қатар, ерік-жігерін шыңдауға қосар үлесі көп екенін аңғару қиын емес. Алайда бүгінгі таңда осындай құнды ұлттық ойындарымыздың орнын батыстың атыс-шабыс мультфильмдері мен ойындары басып бара жатқаны жанымызға батады. Жалпы қазақта 150-ге тарта ұлттық ойын барын білесіз бе? Сіздің балаларыңыз ұлттық ойынның қай түрін біледі?

Арайлым Шабденова

Хан дойбысы –
стратегиялық ойын

Кейбір ұлттық спорт ойындары ескерілмей, ұмытылып бара жатқаны жанымызға батады. Соның бірі, көнеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойыны – хан дойбысы. Қазақтың хан дойбысы – ұлттық спорт түрінің бірі. Осыдан бірнеше жылдар бұрын аталмыш ойын түрін елімізде дамыту үшін Әнуар Қабдолдаұлы мен Қайрат Жақияұлы есімді азаматтар ұйым құрып, ойынға арнайы патент алған болатын. Осындай ұлт өнеріне жанашыр адамдардың еселі еңбегінің арқасында хан дойбысы қазақ елімен қайта қауышқан еді. Алайда бұл игі бастама соңғы жылдары жалғасын таппай қалды. Тіпті ел ішінде жарыстар да ұйымдастырылып жатқан жоқ. Бұл ойынның тарихы тым тереңде жатыр. Айталық, зерттеушілер Алматы облысы, Есік қаласының маңынан табылған «Алтын адамға» қазба жұмыстарын жүргізу барысында хан дойбысының ойын тастарын да қоса тапқан болатын. Киіз үй пішіндес тастар әртүрлі қазақы ою-өрнектермен нақышталып, пілдің сүйегінен жасалынған. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар бұл тастардың қолданыста болған мерзімін Үйсін мемлекетінің заманымен сәйкестендіріп отыр. Хан дойбысы ойынының ерекшелігі – мұнда Қазақ хандығының демократиялық билік жүйесі ойын түрінде көрсетілген.
Жалпы дойбы ойыны – адамзат ақыл-ойының жемісі. Бұл ойынның негізгі атауы «қазақтың дана би дойбысы» екен. Бірақ кейіннен халыққа түсінікті болуы үшін арнайы «хан дойбысы» деген атау берілген. Оның да өзіндік мәні бар. Бұл спорт түрiн насихаттаушылардың сөзiне сүйенер болсақ, хан дойбысы – сонау ертеректе мемлекет тiзгiнiн ұстаған хандардың, билердiң арасында кең таралған ойын түрi. Кезiнде хан, би секiлдi тұтас мемлекет тiзгiнiн қолына ұстаған бабаларымыз қазақтың дана би дойбысын тек ойын тұрғысынан емес, ел басқарудағы саяси құрал ретiнде де пайдаланған екен. Сол себепті де қарапайым халық арасында ашық жарияланбаған, кейіннен хандық дәуір аяқталған соң қарапайым халықтан алшақтап қалса керек. Жақында аталмыш спорт түрі туралы мынадай жазбаны оқып қалдым: «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деп халық арасында көп айтылып жүрген мақалдағы төртеуіміз көпке түсінікті, яғни төрт құбыламыздың тең болып, тура жолдан ауытқымай жүруiмiз. Ал алтау дегенiмiз кiм? Алтау ол – хан дойбысы ойынының кейiпкерлерi. Таратып айтар болсақ: хан, би, бек, алаш, тентек, қараша. Ендi жоғарыда айтып өткен мақалды талдап айтып берер болсақ, әлгi ханның айналасындағылардың барлығы қашанда басшысына құлақ асып, қилы-қыстау заманда бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруы тиiс. Қысқасы, алтау ала болмауға тиiс. Бұл ойынға қатысушы екi адам ханның рөлiн атқарады. Ал хан болғаннан соң, қол астыңда бiршама халық болады. Сондай-ақ жауларың да болатыны сөзсiз», – деп жазылған екен. Міне, осыдан-ақ бұл ұлттық ойынымыздың маңыздылығын, ары жағында үлкен философиялық мән-мағына жатқанын аңғару қиын емес. Алдыңыздағы төрткөз тортақтаны ертедегі соғыс алаңы ретінде қарайсыз. Кімнің саяси ақылы басым болса, сол адам жеңіске жететіндігі белгілі. Хан дойбысы – білген адамға сыры мен қыры терең, құны өлшеусіз, философиялық мәні зор, болашағы баянды, ата-бабаларымыздан қалған таптырмас мол мұраның бірі. Дойбының ең ғажабы – оның кестесі. Кесте ою-өрнектермен нақышталған. Ал тақтадағы ортақ фигура – қазақтың киіз үйі. Киіз үйдің сыртындағы ою-өрнектері, шаңырағының түсі, олардың дәрежесін, нақтылай айтсақ, ханы мен қарашасын, би мен батырын анықтауға көмектеседі. Хан кестесі жеті қазына мен жеті ырыстан құралады. Ондағы төрт қанатты ою – хан тағының белгісі. «Қарашасыз хан болмайды, құйрықсыз құс болмайды» дегендей, ханның екі серігі болады. Оң жағында – серкесі, сол жағында – қыран бүркіті.

Бестас ойынында шектеу жоқ

Халқымыздың асыл мұрасында баланың физиологиялық тұрғыдан жетілуіне ғана емес, қағылез, епті, алғыр болуына себін тигізетін ойындар баршылық. Өз кезегінде ол дана бабамыздың балаға, оның тәрбиесіне бейжай қарамағанын, баса назар аударғанын білдірсе керек. Ал бұл ұлттық тәрбие, ұлттық білімнің түп-тамыры біз ойлағаннан анағұрлым тереңде жатқан тәрізді. Махмұд Қашқаридің «Түркі тілдерінің сөздігі» еңбегінде бестас ойыны туралы мағлұмат кездеседі. Бұл мағлұматтар арқылы бестас ойынының сақ-ғұндардан бері келе жатқан ойын екеніне көз жеткізуге болады. Адамды жылдамдыққа, қағылездікке, тез шешім қабылдауға үйрететін, тарихы сонау ежелден басталатын таспен ойналатын ойынның «бестас» аталу себебі ойында бес тастың пайдаланылуымен байланысты. Әр ойын өзіндік ережесімен ерекше. Бекітілген ережелері – ойынның қаңқасы іспетті. Ойынға әбден машықтанған адам мен қолына алғаш тас ұстаған ойыншыны ажырату оңай. Ал адамзат баласы еңбек құралдары есебінде тас, ағаш, сүйектерді қолданып жүргенде-ақ пайда болып, қалыптасқан бестас ойынын ойнау оңайдың ісі емес. Кез келген ойын белгілі бір ережеге, тәртіпке бағынатыны анық. Бестас ойынын да ата-бабаларымыз сондай бір керемет ережелермен бекіткен. Яғни бірінші қатысатын адам саны анықталады. Ойынға қатысатын адам санына шектеу шоқ. Кемінде екі адамнан басталады. Ойнау үшін ең бірінші тас таңдалып алынады. Яғни қойдың құмалағынан үлкенірек домалақ бес тас таңдалады. Ойыншылар жиналғаннан кейін олардың ретін анықтау мақсатында бес тасты жоғары лақтырып, алақанға жинап, қайтадан жоғары лақтырады. Қаршып алу кезінде кім көп тас қаршып алса, соған байланысты ойыншылардың реттік тәртібі белгіленіп отырған. Ойыншылар тәртібі белгіленгеннен кейін бірлік ережесі бойынша ойын басталады. Бестас ойынымен таныс адамдар оның алуан түрі мен кезеңдерін білетін болар. Ойын «балта шабу», «тоқылдақ», «тарақтау», «құдыққа салу», «қуалау», «кедергі» сияқты көп кезеңнен тұрады. «Кедергі» аталатын кезеңге ойынды әбден меңгерген, епті қағылездер ғана өте алған. Түрлері «үштік», «төрттік» деп аталады. Одан кейін «жалау» деген түрі, «нәби» сынды бірнеше кезеңі бар. Мысалы, «жалау» ойынында төрт тасты жерге тастап, қолдағы қақпа тасты алып, оң қолыңызбен жерге 3 не 5 рет жалатуыңыз керек. Сонда сіз осы кезеңнен өткен болып есептелесіз. 3 не 5 рет жалату ойын басында ойыншылардың өзара ақылдасуына, келісуіне байланысты. Осылайша, бестас ойынының кезеңдері, тәртіптері, түрлері жалғаса береді. Кез келген ойынның баланың жетілуіне, ой-санасының дамуына қосар үлесі бар. Тілге тиек етілген бестас ойынының баланың дамуы үшін пайдасы зор. Ол бұлшық еттерін ширатып, дамытып қана қоймай, ептілікке, қырағылыққа, тез шешім қабылдауға, санауға, топтауға үйретеді. Сонымен қатар көздің көруін жақсартып, көз жанарын жетілдіреді. Ойын адамды тыныштандырып, сабырлылыққа үйрететін қасиетке ие. Ойынға қатысушы адамдар санына ғана емес, олардың жасына да шектеу жоқ. Бестас ойынын бала да, кәрі-жас та ойнай алады. Оны ойынның өзіндік ерекшелігі деп атамасқа болмайды.

Түйін:
Біз атап өткен қазақ халқының ұмыт болған ұлттық ойындарының екеуі ғана. Ал аталмағаны қаншама?! Қазақтың кең даласында қандай той болмасын спорттық ойындарсыз өтпейді. Байыптап қарасақ, той-томалақтарын ежелден осындай спорттық сайыстармен тұздықтап жүрген елдер аса көп емес те сияқты. Батыстың алпауыт елдері болсын, басқа болсын, негізінен өздерінің той-томалақтарында би кештерімен ғана шектемей ме? Ал қазақ, жоғарыда айтқанымыздай, ең аяғы ас берсе де ат шаптырып, балуан күрестіретін. Барымызды көрсетіп, өзіміз жылда атқарып жүрген істің саяси салмағын түйіндей түсетін уақыт жетті емес пе?! Сондықтан өзгенің қаңсығын таңсық көрмей, ұлттық ойындардың беделін көтергеніміз абзал болар еді. Себебі халық ойындары – халықтық тәрбиенің басты құралы. Ал өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру – бүгінгі ата-ананың басты міндеті.

Comments (0)
Add Comment