Ұлттық құндылықтарды ұлықтау – ұрпақ парызы

Наурыз айында Атырау қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысы өткен болатын. Аталған құрылтай аясында ұлттық болмысымыз туралы ауқымды ойлар айтылды.

Президент Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналғанын еске салды.
– Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды. Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы өзгерістер барлық салада болып жатыр, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ең алдымен биылғы құрылтай отырысы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келгенін айта келіп, үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін атап өтті.
– Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады.
– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз тіпті Шыңғысханның тегі кім деп айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аталған құрылтайда тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы ағартушылық деп санайды. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бейжай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді.
– Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек, – деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған.
– Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын еске салып, еліміздегі қайталанбас табиғи және тарихи ескерткіштерді кеңінен дәріптеуге шақырды. Бұл ретте Президент жерасты мешіттерін және тылсым табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылығын туғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма берді.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы дала өркениетінің сан мыңжылдық шежіресі саналатын таңбалы тастарды (петроглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ жалпы тарихи-мәдени мұрамызды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды.
– Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Ешкіөлмес жотасы – Еуразия құрлығындағы петроглифі ең көп жердің бірі. Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларында көптеген тарихи сурет сақталған. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн. Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек. Елімізде кәсіби археологтар тапшы, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар. Cоның салдарынан Қазақстанды археология саласындағы күмәнді адамдар жайлап алды. Олар құрылыс фирмаларына жекелеген жер телімдерінің тарихи-археологиялық маңызы жоқ деген жалған ғылыми қорытындылар беріп жүр. Осы қызметі үшін қыруар ақша алады. Дәл сол сияқты «қарақшы-археологтар» мәселесі де бар. Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналды. Тіпті еліміздің аумағынан табылған құнды жәдігерлерді Қазақстандағы, шетелдегі жеке коллекциялардан және әлемнің әртүрлі мұражайларынан көретін болдық. Бұл мәселені шұғыл қолға алу керек. Атап айтқанда, археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту қажет. Тарихи-мәдени мұра санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келтіретін шараларды күшейткен жөн. Тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да маңызды. Ондай мүмкіндік болмаса, еліміздегі мұражайларға қою үшін жәдігерлеріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасау керек. Әртүрлі фракцияның өкілі әрі құрылтай мүшесі саналатын Мәжіліс депутаттары бұл мәселені шешуге күш-жігерін салады деп сенемін, – деді ол.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз сөзінде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне айрықша тоқталды. Президенттің пікірінше, еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, дәстүрлі дініміз – сунниттік бағыттағы Ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Бұл орайда Мемлекет басшысы Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударған жөн деп санайды.
– Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет. Осы орайда, Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.
– Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде, озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы құрылтай мүшелерінің есіне өткен жылы құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан вейптердің таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтқанын еске салды.
– Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін. Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі, ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, соның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату қажет. Жалпы насыбай өндіріп, оны таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Онда вейп қана емес, насыбай таратқаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Бұл қадам насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ақпарат құралдары арқылы жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілуге тиіс. Бұл – ұлт саулығына да, еліміздің абырой-беделіне де кесірін тигізетін әдет. Біз өркениетті ел боламыз десек, одан толық арылуымыз керек. Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек.
– Мен барлық пікірді қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталғым келеді. Бұл, ең алдымен, тәуелсіздік және отаншылдық. Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз. Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет. Бұл, әсіресе әлемде «заңның күші емес, күштінің заңы» деген қағидат үстемдікке ие болып, «егемендігі осал мемлекеттердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылған-мыс» деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті. Қазір ресурстарға, инвестицияға, көлік логистикасы мен коммуникацияға қызу талас жүріп, жаһандық бәсеке күшейе түскенін баршаңыз көріп отырсыздар. Халықаралық мәселелер мен оларды реттеу жолдары туралы, соның ішінде аймақтық құрылымдардың экономикалық және саяси түйткілдерді шешетін құдіреті жайлы бұрынғы пайым-түсініктер қазіргі аса күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы заманда тым әсіреленген, тіпті, аңғал көзқарас сияқты көрінеді. Бізге әлемдегі оқиғалар және олардың ұлттық мүддемізге тигізетін әсері туралы кешенді талдау қажет. Бұл – құзырлы мекемелердің, ғалымдар мен саясаттанушылардың міндеті. Еліміз сындарлы диалог, белсенді дипломатиялық және сыртқы экономикалық қызмет арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыта береді, – деді ол.
Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл «Әділетті Қазақстан» идеясымен үндесіп жатыр.
– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жыл сайын өтетін Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамның ұсыныс-пікірлерін жинақтап, көп талқысына салатын салмақты диалог алаңына айналды. Осында көтерілген өзекті мәселелер мен тың бастамалар республикалық деңгейде шешімін тауып келеді. Бірқатары жаңа заңдарға арқау болып, құқықтық тұрғыдан реттелуде. Құрылтайдың маңыздылығының өзі – осында.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment