Әйел – ана, әйел – өмір тірегі, тіршіліктің тұтқасы. Бүгінгі қыз – ертеңгі аяулы жар, ақ жаулықты әже, әулеттің ұйытқысы. Халқымыз оларды қашанда қадірлеп төріне шығарған, елдің көркі деп бағалаған, ар-ұятының айнасына балаған. Он күн тарап, бес күн өретін бойжеткеннің бұрымы әлімсақтан бері бір отбасының ғана емес, тұтас елдің болмысының көрінісі іспетті. Сол үшін оның қылығын қырық үй болып қадағалап, ақ арына дақ түсірмеген. Осы арқылы санасына ізгіліктің дәнін сеуіп, жүрегіне иман ұялатқан. Қызына ақылын айтып отырып, келінін де тәрбиелей білген.
Заман көші алға жылжыған сайын қажеттіліктердің де өзгеріп отыратыны белгілі. Кешегі Зере мен Айғанымдай абзал әжелердің орнын бүгінде ұлттық тәрбиені ұлықтайтын орталықтар алмастырып келеді. Әрине, бұл – уақыт талабы. Сондай еңселі орталықтардың бірі былтыр Таразда бой көтерді. Шаһардың қақ төрінде орналасқан «Анаға тағзым» орталығы – қыз-келіншектер мен әйел-аналарға рухани-адамгершілік тәрбие беріп, асыл құндылықтарымызды насихаттап келе жатқан орда. Бұл небәрі 1 жылдың ішінде қыздардың, болашақ аналардың бас қосатын, үлгі-өнеге алатын «Қарлығаштар мекеніне» айналды. Арулардың жанына медеу, көңіліне дауа табатын рухани орта қалыптасты. Рухани мәдениет және өнегелі құндылықтармен таныстыру, қыздардың жан-жақты дамуы және шығармашылық жеке тұлғасын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін, эстетикалық тәрбиені мен практикалық дағдыларын дамыту, Батыс мәдениеті мен ұлттық қадір-қасиетінің жетістіктерін интеграциялау, мәдениет элементтерін жаңғырту және кейінгі ұрпақ өкілдері арасында тарату, нәзікжандылардың тарихи құндылықтарға деген ішкі беріктігін қалыптастыруға және нығайтуға бағыттау, бағдарламалар бойынша білім беру, қыздарға ұлттық дәстүрлерді жалғастыруға, ұрпақ сабақтастығын сақтауға және қабілетті тұтас тұлға қалыптастыруға көмектесу, жаһандану үдерістерінің әсерінен өзгеретін қазіргі әлемде ұлттық мәдениеттің өзіндік ерекшелігін сақтауды басты бағыт еткен орталықтың қазақ қыздарына берері көп.
– Мұнда жас қыздарды ертегі оқудан бастап, домбыра тартуға, ән мен күй шертіп, сурет салу мен би билеуге баулып, бойжеткендер мен қыз-келіншектерге іс тігу, ас әзірлеу, тіпті сол арқылы кәсіп иесі атануға да бағыт-бағдар беріледі. Орталықта «Ана тілі» шешендік өнер, «Інжу-маржан» әдеби, «Қазына» ұлттық аспаптар, «Ерке сылқым» хореография, «Қызғалдақ» ұлттық экотәрбие, «Сырлы әлем» бейнелеу өнері, «Бойтұмар» қолөнер және дизайн, «Береке» аспаздық, вокал сынды 9 үйірме бар. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында әйел-аналарға бет әрлеу, тырнақ шебері, қолөнер және вокалдан 4 курс және «Сырғалым» сырласу, «Ақ жаулық» ене мен келін өнеге мектебі, Белсенді ұзақ өмір сүру клубтарымен қатар, «Жан дауа», заңгерлік кеңес беру кабинеттері жұмыс істейді, – дейді орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали.
Үйірмелер мен курстарда 400-ге жуық тұрақты қатысушы тіркелген. Солардың бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Анар Әуесбек. Ол «Сырғалым» сырласу клубының мүшесі.
– Көне заманда қыз баланың сырласар құрбысы да, ақыл-кеңесшісі де жеңгесі болғаны анық. Аталған клубта жеңге мен қайын сіңлі арасындағы қарым-қатынасты жаңғырту мақсатында 13-18 жас аралығындағы қыздарға арнайы дәріс оқытылады. «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген сөз бар. Расында, болашақ ұрпақты тәрбиелейтін де, білім беретін де – аналар. Сондықтан ұрпаққа тәлім бермес бұрын болашақ аналар, қыз-келіншектердің тәрбие алғаны маңыздырақ. «Сырғалым» сырласу клубы да нақ осы мақсатта жұмыс жүргізуде. Клуб жетекшілері қыз баланың бойындағы қарым-қабілетін ашуға, өзін-өзі тануға, пайдалы іспен айналысуға баулиды. Сырласу клубының арнайы жеке бөлмесі де бар. Бөлме қазақи нақышта, қабырғадағы сырға бейнесімен әсемдеп бедерленген. Бір жағында түрлі тақырыптағы кітаптармен толтырылған сөрелер, ортада қыздардың жұмыс істеуіне арналған үстел орналасқан.
Бүгінде мұнда 27 жасөспірім ару дәріс алуда. Бірінші топ – 13-14 жас, екінші топ 17-20 жас аралығын қамтиды. Тағы бір айта кетерлігі, қатысушылар мұнда тек дәріс тыңдап қана қоймай, өзге қыздармен жақын араласып, рухани тұрғыда әңгіме өрбітеді. Әрине, әрқайсысының өзіндік ерекше қабілеті, мінезі бар екені даусыз. Мәселен, бірі әдебиетке қызықса, енді бірі спортқа икемді. Клуб қатысушылары осы қабілеттерін әрі қарай шыңдап, танытуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ оларға қазақ халқының ұмытылып бара жатқан көне әдет-ғұрып, ырым-тыйымдары туралы арнайы жеке сабақ өткізіледі. Қорыта айтқанда, «Сырғалым» клубынан бұрымдылардың үйренері жетерлік, – дейді ол.
Орталықтың жасап отырған еңбегінің қазақы салтымыз бен қоғамның тарихи дамуының сабақтастығын бұзбай, құндылықтарымызды сақтау үшін өскелең жас ұрпаққа дәстүріміздің озық үлгілерін насихаттау мен Жаңа Қазақстанды бірге құруда маңызы зор. Орталық ашылған күннен рухани-адамгершілік тәрбие беру мақсатында 207 іс-шара өткізіп, оған 6 193 адам қатысқан. Бұл бір жасқа толған қадамын жаңа басқан орталық үшін үлкен жетістік екені сөзсіз. Оның ішінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Анаға сәлем» республикалық онлайн байқауы, облыстық «Киелі кимешек» жас тігіншілер мен қалалық «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» атты келіндер сайысы, «Анаммен бірге кітап оқимын», «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» мақал-мәтел жарыстары, «Ерте, ерте, ертеде …» театрландырылған қуыршақ театрының қойылымы, «Ұлы дала кереметі» тимбилдинг, «Табиғатым – махаббатым» арт-терапия, Құмар Қарасаеваның «Тәтті мұң» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Сондай-ақ өңірге жұмыс сапарымен келген Халықаралық сараптамалық комиссия мүшелері, Кувейттен Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад әл-Каддуми, Ташкенттен Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілері дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Әзиз Мұртазаев, Алматы қаласынан Қазақстан Қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова орталықтың жұмысымен танысып, жоғары баға бергенін де мақтанышпен айта кеткен абзал.
«Анаға тағзым» мерекелер мен мерейтойларды назардан еш тыс қалдырған емес. Айталық, тарихы бай, тағылымы мол, сан ғасырлар тоғысынан аман өтіп, бүгінгі дәуірімізге жеткен, ежелден халқымыздың рухани-мәдени орталықтарының біріне айналған киелі Тараз шаһарының күніне және Жамбылдан шыққан атақты тұлға, қазақтың Шер-ағасы атанған белгілі Халық жазушысы, ұлт жанашыры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, журналист Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай «Ай мен Айша» жас қылқалам шеберлерінің облыстық байқауы ұйымдастырылғаны – жоғарыдағы сөзіміздің айқын дәлелі.
Әдебиет пен көркем өнерді ұштастыра білген жарысқа 150-ге жуық жас суретші қатысып, үздік картина иелері марапатталды. Орталықтың ауласына керегелер керіліп, барлық жұмыстар сонда көпшілікке ұсынылды. Келушілердің емін-еркін тамашалауына барлық жағдай жасалды.
Жарыстың ережесіне сәйкес қатысушылар Шер-ағаның ардақты анасына сөзбен қойған ескерткіші «Ай мен Айша» романын оқып, әйел- ана образын қылқаламмен бейнелеуі тиіс болатын. Олар тек сурет салып қана қоймай, көркемсөздің қайнарынан қанып ішіп, Айша ананың тағдырын таныды. ХХ ғасырда қазақ халқының басынан кешкен зұлмат жылдарын көз алдынан өткізді. Қиындыққа қайыспайтын қазақ анасының қайсарлығын, төзімділігін үлгі етті.
Облыстың 8 ауданы мен Тараз қаласынан келген қылқалам шеберлерін қазылар жас ерекшеліктеріне қарай бағалады. Бірінен-бірі өткен туындыларды саралап, әділ бағасын беру қазылар алқасына да оңайға түспеді. Десе де, жарыс болғандықтан дарындылар дараланып шығуы заңдылық. Сонымен, жас ерекшеліктеріне қарай қатысушылар үш топқа топтастырылып, әр топтан бір І орын, екі ІІ орын, үш ІІІ орын тағайындалды. 18 жүлделі және 15 номинациялық орындар белгіленіп, жеңімпаздарға қала әкімінің атынан дипломдар мен Алғыс хаттар, сондай-ақ ақшалай және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен қатар қазақтың бас ақыны, ұлы, дана, ойшыл, сазгер Абай Құнанбаевтың мол мұрасын насихаттау, өскелең ұрпаққа ақыл мен парасатты, сөз құдіреті мен көркемсөздің мәйегін бойына сіңіру, ұлыларымызды құрметтеу, даналарымыздың даралығын бағалау, қастерлей білуге баулу мақсатында өткен «Желсіз түнде жарық ай…» атты әдеби-сазды кеш те көпшілік көңілінен шықты. Ал бүгінгі жаһандану жағдайында ежелгі ұлттық қолөнерімізді қазіргі заман талаптарына сай қайта жаңғырту, осы арқылы оның екінші тынысын ашу, әйел-аналар мен қыз-келіншектер арасындағы жұмыссыздық деңгейінің азаюына септігін тигізу, көрпе-жастық тігуге икемі бар нәзік жандарды ынталандыру, әйелдердің кәсіп ашуына қолдау көрсетуді мақсат тұтқан «Көрпе-Fest» фестивалін де жұртшылық жылы қабылдады. Жазғы демалыс уақытында «Киіз өңдеудің заманауи үлгісін үйрету» шеберлік сағаттары да өткізілген. Шеберлік сағатына 37 адам қатысып, аз уақыт ішінде осы өнерді игеріп алды. «Анаға тағзым» орталығындағы тігін үйірмесі сабақтарына қатысқан 3 ару осыған жолдама алған. Олар кәсібиліктерін жетілдіріп, шеберліктерін шыңдау мақсатында теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде сынады. Шараны белгілі қолөнер шеберлері Левантина Козлова мен Раушан Иманали жүргізді.
– «Ең тәтті фестиваль» деп атауға тұрарлық «FoodFest-Taraz» байқауының да жөні бөлек. Мұнда он саусағынан бал тамған аналар мен қыздары тәтті тағам пісіріп, өзара сайысқа түсті.
Шараға көпбалалы аналар мен олардың көмекшілері, аспаздық өнерді үйреніп жүрген қыздары қатысты. Мұнда үміткерлер ас әзірлеудің қыр-сырымен бөлісіп, көздің жауын алатын, тіл үйірер мәзірімен көпшілікті таңдай қақтырды. Фестивальге қатысушылар тапсырманы мұқият орындады. Қойылған талап та жоғары. Яғни дайындалатын ас тек дәмді ғана емес, адам ағзасына пайдалы да болуы тиіс. Тіпті кейбір жұп берілген уақыттың ішінде бір емес, екі бәліш пісіріп, бірнеше салатты да турап тастады.
Қатысушылардың аса үлкен жауапкершілікпен әзірлеген тағамдарына қазылар алқасы өз бағасын берді. Әрине, сайысқа қатысып, өз өнерін көпшілікке паш етудің өзі ерлік. Қатысушылардың ешқайсысының еңбегі еш кеткен жоқ. Соны ескерген қазылар да олардың әрқайсысына жоғары баға беріп, алғыстарын білдірді. Ұрпағын үй шаруасына баулып, жақсы іске үйретіп жүрген аналарға қашанда құрмет ерек. Жарыс қорытындысы бойынша аналар мен олардың қыздары бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Республика күніне орай ұйымдастырылған «Ақ отау» қолөнершілер этнофестивалінің де маңызы орасан. Себебі осы шеберлердің ерен еңбегінің нәтижесінде Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне еніп отырғаны белгілі.
Сол күні «Анаға тағзым» орталығының алаңында «Ақ отау» фестиваль-жәрмеңкесінің көрмесі ұйымдастырылып, қазақтың киіз үйі тігілді. Киіз үй жасайтын қолөнершілердің жұмыстары қойылып, сандық жасап, көрпе тігетіндер, қамшы өріп, киіз өңдеушілер, текемет басып, алаша тоқушылар қаз-қатар тізіліп, олардың жасаған жұмыстары көздің жауын алды. Құдды бір этноауылды еске түсірген-ді.
Салтанатты шара қазақтың күмбірлеген күміс күйімен ашылып, орталықтағы жас өнерпаздардың әсем өнері жанды жадыратты. Әуелі Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтап, орталықтың бір жылда атқарған жұмысына оң бағасын берді. Қолөнершілердің еселі еңбектері үшін рақметін айтып, Алғыс хатпен марапаттады.
Еліміздің ұлық әрі ұлттық мерекесі қарсаңында «Ақ отау» қолөнершілер фестивалін өткізудегі басты мақсат та салтымыз бен қоғамның тарихи дамуының сабақтастығын бұзбай, құндылықтарымызды сақтай отырып, жас ұрпаққа дәстүріміздің озық үлгілерін насихаттау болды. Әлемге жылуын сыйлап, айналаға тек шуақ шашатын аналар қауымы ақ батасын беріп, келген қонақтар тілектестігін білдіріп жатты.
Қадамын жаңа нықтаған орталық бір жылда 270-ке жуық іс-шара ұйымдастырды. Оның бәрі жас ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі істер екеніне ел куә. Шара соңынан қонақтар мерейтойға арнайы жайылған ақ дастарқаннан дәм ауыз тиді, – дейді Эльмира Иниятқызы.
«Ақылшы ене, инабатты келін» онлайн байқауының да тағылымы терең. Байқауға Тараз қаласы, Байзақ, Жуалы, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Сарысу аудандарынан бірнеше ене мен келін қатысқан болатын.
Байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтар моделін қалыптастыру, жас және аға буын арасындағы қарым-қатынас, отбасының қоғамдағы рөлі мен беделін арттыру. Конкурс ережесіне сәйкес, қатысушылардың эсселері, отбасылық бейнероликтері қазылар алқасының сараптауынан өтіп, жеңімпаздары анықталды.
Әр сайыста жүйріктен жүйрік озары белгілі. Бұл байқауда Жуалы ауданынан келген енесі мен келіні Гүлшат Сейдалиева мен Жанерке Абйсақов топ жарды. Ал тараздық Гүлнар Нарболдиева мен Жадыра Байжанова 2-орынға қол жеткізсе, байзақтық Шырын Қапарова мен Динара Бейсалиева 3-орынды еншіледі. Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйлықтарға ие болды.
«Анаға тағзым» орталығында «Достық дастарқаны», «Tiflo-асхана», «Tiflo-тігін» жобалары, қазақ тілін үйренушілер үшін «Ынтымақ» жобалары мен «Белсенді ұзақ өмір сүру» (Клуб Активного долголетия) әжелер клубы да жұмыс істейді.
Орталықтың «Жан дауа» психологиялық көмек беру кабинетінің психолог маманынан 144 әйел-аналар мен қыздарға психологиялық кеңес берілген. Бұған қоса, «Қыз балалардың жеке гигиенасы» тренингі, «Өтпелі ке-зең – өтетін кезең» сұхбат, «Ризашы- лық – мейірімділік бұлағы» тренингі, «Әкем – ас- қар тауым» семинар-тренинг, «Табиға- тым – махаббатым» арт-терапия акциясы аясында «Мен ағашпын» медитациясы және «Суретті жалғастыр» психологиялық жаттығуы да жүргізілген. Ал «Заңгер кеңесі» кабинетінде мамандар 45 әйел-анаға кеңес берсе, оның ішінде офлайн заңгерге жүгінген 10 әйел заң шеңберінде қанағаттандырылған. 17 ананың онлайн (телефон арқылы) қойылған сұрақтарына заңгерлік кеңестер жолданған. Мәселен, «Шөлдала» алқабындағы № 57 мектепте 13 тұрғынға банктен алған несиені толеу және жарты жылға шегеру, сот шешімін өзгерту, материалдық көмек алу жолдары, туысқандарын үйіне есепке тұрғызу сынды мәселелерге қатысты тұшымды жауаптар берілді. Сонымен қатар орталыққа келген әйел-аналарға отбасылық зорлық-зомбылық кезде кімнен көмек алуға болатындығын, жұмыскерлерден төленбеген еңбекақыларын өндіру жолдары туралы мәселелерге толық заңгерлік көмек алынып, қанағаттандырылған.
«Анаға тағзым» орталығы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Халықаралық Тараз инновациялық колледжі, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі, Тараз сервис және технология колледжі, «Аспара» колледжі, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Руханият және тарихтану орталығы, Жамбыл облыстық, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі, ҚХА жанындағы Аналар кеңесі, Іскер әйелдер қауымдастығы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, т.б. ұйымдармен тығыз байланыста және серіктестік қарым-қатынаста қызмет атқаруда.
Орталық осылайша қазақтың қаракөз қыздарының басын бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, оларды сан түрлі өнерге баулуда. Оның «Анаға тағзым» деген атауының өзі абыройын асырып, беделін биіктетіп тұрғандай.
Құрмаш Қаптағай