Ұлт жоспарына айналған құнды құжат

Қазір елімізде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандықтарды арманға бастайтын жол» деген мақаласы бүгінде кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан кезең. Мақалада елді дамытудың «100 нақты қадамы» ашып көрсетілген.

Бұл құнды құжаттың қазіргі таңда әлемнің саяси сарапшылары маңызды шешім екенін мойындады. Расында, «100 нақты қадам» бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспары» деп бұқаралық ақпарат құралдарында атап көрсетілген. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырумен Қазақстан мемлекетін нығайтуға, негізгі бағыт-бағдардан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді түрде өтуге бағытталған «100 нақты қадам» жүктеген міндеттерді жүзеге асыру – өте жауапты іс.
Ұлт жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспары екені көрсетілген. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Біртектілік пен бірлік» және «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжатта мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған.
Ұлттың келбетін сақтап, мемлекеттің абыройын асқақтату, күрделі кезеңде бағыт алған жолдан адаспай, сенімді өту – елдің ең маңызды мақсаты. «100 нақты қадам» – осы мақсатқа жету жолында айқын бағдар боларлық құжат. Бағдарламада айтылғандай, бұл жоспар «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қоя салмай, оларды «жүйелі емдеу» нәтижесінде қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негізделген.
Мінсіз қоғам қоғамдағы түрлі салалардың тазалығынан басталады. Соның ішінде мемлекеттік саланың дұрыс жұмыс жасауы, мемлекеттік қызметкерлердің ашық та әділ қызмет етуі аса маңызды. Сондықтан «100 нақты қадам» жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесіне үлкен көңіл бөлінген. Мысалы, 1-қадамда мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту мәселесі қарастырылған. Яғни ендігі жерде мемлекеттік қызметке қабылданған маман қай жақтан оқу бітіріп келсе де, яғни ол тіпті «Болашақ» бойынша оқып келсе де, мемлекеттік қызметті ең төменгі сатысынан бастайды. Ал бұрын олай болған жоқ, жаңадан келген адам бөлім басшысы болып та тағайындала беретін. Яғни ендігі жерде мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі өзгертіледі. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке қабылданушылар бұдан былай алты ай сынақ мерзімінен өтеді. Бұл бағдарламаның 4-қадамында айтылған. Еңбекақыны қызмет нәтижесіне байланысты төлеу, міндетті түрде жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлер беру, мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу, мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – осының барлығы мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтере отырып, оларға үлкен жауапкершілік жүктейді.
«Нақты 100 қадамның» 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналған. Себебі заманауи мемлекет құруда кәсіби аппараттың рөлі өте зор. Кәсіби аппарат құрудың 15 қадамы азаматтарды мемлекеттік қызметке алғаш қабылдау рәсімінен бастап, оларды кешенді аттестаттауға дейінгі аралықты қамтиды.
Ұлт жоспарының басым бағыттарының бірі – жемқорлыққа қарсы күрес көрініс тапқан. Сондай-ақ азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту, «Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керек» деген міндеттер қойылған. Ұлттық комиссия бес институттық реформаны кезең-кезеңімен орындауды келісілген басқару бойынша жүзеге асыруы, тұжырымдамалық шешімдер қабылдап, іс-қимылдың нақты жоспарын айқындауы тиіс екені және өзге де жайттар атап көрсетілген. Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру Ұлт жоспарының 13-қадамында атап көрсетілген.
Құжатта мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғыртуға, мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиістігі, мемлекеттік қызметке алғаш қабылдағандарға міндетті түрде сынақ мерзімін енгізу, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру, еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу туралы нақты тапсырмалар жазылған. Ұлт жоспарының 16-34 қадам аралығы заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналған. Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, судьялардың жаңа Этикалық кодексін жасау және тағы басқа мәселелер 19-қадамда көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Құжаттың 20, 21 және 22-қадамдары сот саласына арналған.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейту. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті (БМСК) басымдықпен қаржыландыру. Бастапқы көмек аурудың алдын алу және ерте бастан күресу үшін ұлттық денсаулық сақтаудың орталық буынына айналады», – дейді. Бүгінде адамдардың көзі ашық, көкірегі ояу деп ойлаймын, сондықтан аурудың алдын алу мен ауруды бастапқы кезеңінде емдеудің маңыздылығын жақсы түсінеді. Бәрі алғашқы медициналық көмектен басталады, қаржыны осы салаға бағыттаудың, оған баса көңіл бөлінуінің өзі азаматтарға үміт сыйлайды.
Ұлт жоспарының 76, 77, 78, 79-қадамда-ры Қазақстанда білім беруді дамытуға бағытталған. Мысалы, 76-қадамда ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасы көтеріліп, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізіліп, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарының жаңартылатыны жазылған. Әсіресе табысты мектептерді ынталандыру жүйесінің құрылуы. Бұл – таң атқаннан кешке дейін мектепте болып, бар ғұмырын келешек ұрпаққа білім беруге арнаған ұстаздар қауымы үшін өте қуанышты жайт.
Қазір дамыған мемлекеттердің көшінен қалып қоймау үшін бір тілді ғана меңгеру аздық етеді. Тәуелсіздігімізді алғалы бері мемлекеттік тіліміздің дамуы, қолданыс аясының кеңейтілуі үшін барлық жағдай жасалды. Біздің жастарымыздың қазақ тілімен қатар орыс тілін де жетік меңгергені белгілі. Енді, міне, заманның талабына сәйкес, ағылшын тілін де меңгеруіміз қажет. Көп тіл білгеннен қазақ қор болмайды, керісінше мүмкіншіліктері молаяды. 79-қадамда дәл осы ағылшын тілін игеруге маңыз берілетіні жазылыпты: «Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу», – делінген.
Ұлт жоспарының тағы бір ерекшелі-гі – оны іске асыру тетігі нақты түрде белгіленген. Бес институттық реформаның жүзеге асырылуын басқаратын Ұлттық комиссия құрылып, оның жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі кеңсесінің белгіленуі «100 нақты қадамның» мән-мағынасын айқын көрсетеді.
Ал 81-қадамда жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу туралы айтады. Одан әрі мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту қажеттігіне тоқталады. Мұның бәрі уақыт талап етіп отырған мәселелер. Медицинаның ақылы болуы дәрігердің алдына ауырып барған адамға дұрыс диагноз қойып, сапалы емдеуге жол ашатын болады деп ойлаймын. Халыққа керегі – денсаулық саласы қызметкерлерінің өз жұмысына адалдығы, кәсібилігі.
«100 нақты қадам 5 институционалды реформа» бір сәтте жасалған қадам болған жоқ, бұған үкіметтен бастап басқа да билік органдары үлкен дайындықпен келді. Құнды құжатта Нұрсұлтан Әбішұлы халықаралық қауымдастықтағы жағдайдың ушыға түсуі, әлемдік экономикалық саясаттың салмағы мен ықпалы арта түскендігін тілге тиек еткен етқан болатын. Ол атап өткендей, Жолдауда еліміздің экономикасын, жалпы қоғамымызды, елдегі түрлі билік құрылымдарын заман талабына сай жүйелейтін 100 нақты қадам түзілген еді. Бұл – өте үлкен ауқымды жұмыс. Бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар – сол стратегияның аясында атқарылуы тиіс шаралардың бірі. Сонымен қатар «Мәңгілік ел» идеясын да жүзеге асырудың негізгі жұмыстары жүріп жатыр. Қорыта айтатын болсам, бұл «100 нақты қадам» Қазақстанды арманға жетелейтін және сол арманды бағындыру жолындағы баспалдақ іспеттес деп есептеймін. Енді тек Елбасының осы идеяларын іс жүзінде орындау мәселесі ғана тұр. Еліміздің берекесі мен бірлігі мықты болса, бұны да орындауға мүмкіндігіміз мол.
Нақты қадамдарда айтылған жайттардың барлығы – қарапайым халыққа өте керек дүние. Мемлекет басшысының өзі айтқандай, бұл шағын және орта бизнеске, шаруа қожалықтарына оң ықпалын тигізбек. Ұлттық жоспарды орындау аясында біз елімізде индустрияландыруды жалғастырып, еңбек өнімділігін арттыратын боламыз. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру, мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізде көшу, мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау міндеттері мен оларға қатысты нақты мәселелер еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.

Лаула СЕЙДІЛДА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Конвергенттік журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Comments (0)
Add Comment