Ұлт саулығы – ұлы мұрат

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы маңызды тапсырмаларының бірі – ауылдық жерлердегі медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған денсаулық сақтау саласын жаңғырту.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «Мен келесі жылдан бастап ауыл тұрғындарының мұқтаждықтарына бағытталған ұлттық жобаны жүзеге асыру жөнінде шешім қабылдадым. Екі жыл ішінде қазіргі кезде медициналық мекемесі жоқ 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толықтай жабдықталады. Осылайша мемлекет миллионнан аса азаматымызды алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтамасыз етеді», – деді.

Президенттің айтуынша, 32 аудандық аурухананы көпсалалы медициналық мекемелер деңгейіне дейін жаңғырту жоспарлануда. «Нәтижесінде жедел және орта технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндігі 500-ден 200 шақырымға дейін қысқарады. Үкімет бюджеттік процестің бір бөлігі ретінде ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін осы ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін барлық есептеулерді жасап, қажетті шараларды қабылдауы керек», – деп тапсырды Президент.

Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Ауыл тұрғындарының жалпы санының 60,0 пайызын құрайтын облысымызда ауылдық аймақтың денсаулық сақтау саласын дамыту – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту да аса маңызды.

Ағымдағы жылы аймақта 23 нысанның құрылысы басталса, оның 22-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Меркі, Жамбыл аудандарындағы озат тәжірибе орталықтары, сондай-ақ Талас ауданында 9 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтті. Облыста алдағы 3 жылда ауылдық жерлерде тағы 46 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда. 2023 жылы Талас, Меркі, Шу аудандарында ауданаралық ауруханалар ашу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар Шу және Қордай аудандарында «Үздік тәжірибе» орталықтары ашылады. Шалғайдағы елді мекендердің ауыл тұрғындарын қолжетімді профилактикалық, диагностикалық және консультативтік көмекпен қамтамасыз ету үшін 11 жылжымалы мобильді пункт жұмыс істейді. Олардың барлығы қажетті медициналық көмектің қолжетімділігі мен өз уақытында қамтамасыз етуге, халықтың қанағаттануына бағытталған. Бұл, түптеп келгенде, халықтың денсаулығының жақсаруына, өмір сүру ұзақтығының артуына әкеледі.

Қорыта айтқанда, облысымыздағы медицина мамандары Президенттің бағыт-бағдарын қолдап, халықтың денсаулығын жақсарту бағытындағы шараларды жалғастыратын болады. Себебі әрбір тұрғынның денсаулығын сақтау – біз үшін кезек күттірмейтін басты міндет.

Әсет Қалиев,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Comments (0)
Add Comment