Биыл әдебиетке алғаш келген жас қаламгерден бастап, мүйізі қарағайдай алып ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттап, ел руханиятының алтын діңгегіне, ұлттың ұстынына айналған «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл толып отыр.
Тарихтың талай тезін бастан кешіріп, мәртебелі уақыттың ағымымен алуан түрлі мәселені қаузап, ұлттың басындағы қуанышы мен жұбанышын қарашаға жеткізген басылым ғасырға жуық уақытында өз бағыт-бағдарынан айнымай, талап-тілегінен танбай келеді.
Жиырмасыншы жылдарының аяқ шенінде Қазақ АКСР-ның астанасы Қызылорда қаласынан Алматыға ауысқаннан кейін ел зиялылары ұлт руханиятына белсене араласып, көркем әдебиетті дамытуға бар күштерін салды. 1933-1934 жылдары театрлар мен студиялардың іргесі қалана бастады. Міне, осы 1934 жылдың 10 қаңтарында «Қазақ әдебиеті» газеті де жарық көріп, алғашқы санының маңдайшасында «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген ұраны болған екен. Сол үдеден шығып, қашанда ел руханиятының барометрі болған газеттің шежіресінде шығармашылықтың шыңына шыққан тау тұлғалардың ізі қалды. Тұңғыш редакторы – бірегей жазушы Ғабит Мүсірепов болса, жауапты хатшы – Мұхамеджан Қаратаев, ал әдебиет әлеміндегі үш бәйтерек Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтер де осы газеттің ақылдастар алқасында болды. Қиын-қыстау кезеңде жарық көріп, сол тұстағы ашаршылық, саяси-қуғын сүргінге қарамастан, бір топ қазақ зиялылары газетті шығаруға жанын салды. Мұхтар Әуезов, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Сырбай Мәуленов сияқты өзге де қазақтың небір майталман қаламгерлері «Қазақ әдебиетінде» қызмет атқарып, қалам тербеді. Газет алғашқы жылдары белгілі бір жүйемен жарық көрмесе де, өз оқырманын рухани дүниемен сусындатты. Соңында 1934 жылдың 12-18 маусым аралығында Алматыда Қазақстан жазушыларының I съезі дүрілдеп өтіп, Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның тұңғыш төрағасы болып ұлы ақын Ілияс Жансүгіров сайланды. Бас-аяғы үш жылдың ішінде қазақ әдебиеті қаулап өсіп, жаңа өлеңдер, поэмалар, әңгімелер, повестер мен романдар жарыса жазыла бастады. Газеттің алғашқы жылдарында оның беттерінде қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің ғылыми-әдеби зерттеулері, басқа мақаласы көптеп жарияланған. Автордың «Қырғыз дастаны – Манас», «Қазақтың халық музыкасы және музыка театры», «Қазақстанның көркем өнері», «Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар» атты мақалалары жарық көрді. Газеттің таралымы 1934 жылы 1-3 мың көлемінде болса, 1935 жылы 3 500-ге жеткен. Жаңа газет жыл құсындай бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап кетті. Десе де, 1940-1954 жылдары газеттің шығуы белгісіз себептермен тоқтап қалып, 15 жылдық үзілістен кейін 1955 жылдың қаңтар айында қайта шыға бастады. Қайта жарық көрген басылымның бас редакторы Сырбай Мәуленов болды. Осы жылдан бастап газет бір жүйеге түсіп, өзіндік жолын қалыптастырды. Қазақ әдебиетін дамыту жөніндегі жемісті жұмысы үшін басылым 1984 жылы өзінің 50 жылдық мерейтойында «Халықтар достығы» орденімен марапатталған.
Осынау ғасырға жуық уақытты бедерлеген басылымға Мемлекет басшысы да құттықтау сөзін арнап, газет ұжымына ақ тілегін жеткізіпті. «Сіздерді «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Бұл – ұлт баспасөзінің айтулы белесі. Ғасырға жуық уақыт ішінде газет қалың оқырманы бар беделді басылым ретінде қалыптасып, төл тарихымыздың жаршысына айналды. Алғашқы сандары «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген ұран сөзбен жарық көрген апталық әрдайым осы үдеден шыға білді. Басылым ұлттық құндылықтарды, қазақ қаламгерлерінің туындыларын кеңінен дәріптеп, руханиятымыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов сынды арыстарымыз негізін қалаған «Қазақ әдебиетінде» біртуар тұлғаларымыздың қолтаңбасы қалған. Газет бетінде әрдайым елдік мәселелер көтеріліп, ұлт болашағына қатысты салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады. Төл әдебиетіміздің алтын дәуірін қалыптастыруға зор еңбек сіңірген апталық алдағы уақытта да өзіне жүктелген мәртебелі міндетті мінсіз атқара береді деп сенемін», – депті өзінің құттықтауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да оқырманын әдебиеттің әр буынындағы жазушылардың жауһар шығармаларымен қауыштырып жүрген газет ұжымын мерейтойымен құттықтады. «Мемлекет басшысының бастаған реформалары мен халық үшін маңызды ақпараттарын қалың оқырманына талмай жеткізіп, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртып келеді. Басылым қоғамымыздың рухани азығына айналып, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдайтын абыройлы алаңға айналды. «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымын осынау мерейтоймен құттықтап, сіздерге таусылмас шабыт, толағай табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін», – деп жазды министр құттықтау жазбасында.
Осы ретте, біз «Қазақ әдебиетінде» 40 жылдан бері табан аудармай қызмет етіп, тілшіліктен бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары деңгейіне өсіп, бүгінде редакция меңгерушісі болған жазушы-сатирик Еркін Жаппасұлынан газет тарихы туралы сыр суыртпақтадық. «Қазақ әдебиеті» газетіне мен Шерхан Мұртазаның басшылық қызметте болған кезінде келдім. Кейіннен Шер-аға басқа қызметке ауысқанда, Төлен Әбдік басшылыққа келді. Сол кездегі алуан мәселелерді, әдебиеттегі, рухани-мәдени тақырыптармен қоса әлеуметтік проблемаларды да қаузады. Оралхан Бөкей де осы бір қалыпты жалғады. Газеттің басшылығына келген барлық қаламгер ұлттың мәселесін көтеріп, ел руханиятына айтарлықтай үлестерін қосты. Сол жылдары бізді өңір-өңірге жиі іссапарға жіберетін. Біз сонда әр аймақтағы қордаланған өзекті мәселелерді зерттеп, газет беттерінде көлдей-көлдей мақалалар жазатынбыз. Біз жазған мәселелер сол кездегі Орталық партия комитетінің, биліктің құлағына жетіп, бізді нысанасына алған кездер де болды. Дегенмен газеттің басшылығы да, мақаланы жазған адам да сол кезде жауапкершіліктен қашпайтын. Бүгінгі газетті басқарып отырған Дәурен Қуат та осындай ағалардың жолын жалғап келе жатқан басшылардың бірі. Осы газет арқылы қаншама жас қаламгердің тырнақалды туындыларының тұсауы кесіліп, қырандай томағасы сыпырылды», – дейді жазушы-сатирик.
Ал кезінде он жылға жуық баба басылымды басқарған, жақында ғана өмірден озған Жұмабай Шаштайұлы да көзі тірісінде ел газетінің өзі басқарған тұстағы кезеңді еске алып, бізбен бөліскен еді. «1996 жылы «Заман Қазақстан» газетінде басшылыққа келгенімнен бастап мен елдегі басылымдардың ұлт руханиятын оятудағы күшіне мән бердім. 2008 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне басшылыққа келген кезімде «Қайтсем газет арқылы халық санасына сілкініс жасасам?» деген ойдың шырмауында болдым. Әртүрлі шетелдік газет-журналдарды ақтарып, олардың қандай ерекшеліктері мен артықшылықтары барына назар аудардым. Дегенмен барлығы біз ойлағандай бола бермейді екен. Ол уақыттар елдің экономикалық мәселесі қиындап, рухани тұрғыда саябырсыған уақыты ма екен деп те ойлаймын кейде. Кезінде «Қазақ» газетін ашқан ел руханиятының әулиелері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты зиялылар да сол күйді кешсе керек. Ол кезде қаржылық та тапшылық болған шығар. Дегенмен күллі халықтың ғылым-білімге ұйыса ұмтылып, газеттің ғұмырының ұзақ болуына ықпал ете алмады. «Қазақ әдебиеті» газетінің алтын ғасыры деп 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың басы деп айтар едім. Сол кездегі Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбек сияқты қарағайға қарсы біткен бұтақтардың заманында бұл басылым дәуірледі. Мен «Қазақ әдебиеті» газетін кезіндегі ұлт ұстындары шығарған «Қазақ» газетінің заңды жалғасы деп есептеймін. Себебі екі газеттің де мақсаты – ел санасына сілкініс салып, әдебиетіміз бен мәдениетімізді дамыту болатын», – деген болатын жазушы.
Тоқсан жыл ұлттың рухани азығына айналған газетті құттықтап жатқандардың қарасы мол. Соның ішінде Түріксой Жазушылар одағының төрағасы, танымал ақын Ұлықбек Есдәулет: «Қазақ әдебиетінің» тамыры тереңде, бұтағы – биікте, жемісі – жұртының жүрегінде! Кешені бүгінмен жалғаған, ертеңге рухани жол салған өрелі де өркенді газет. «Қазақ әдебиеті» газеті – тіл мен әдебиеттің, өнер мен мәдениеттің, дәстүр мен тарихтың, білім мен өркениеттің тағылымды, өнегелі жаршысы! Мерейтойың құтты болсын, қазақ баспасөзінің абызы!», – десе, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, жазушы Тұрысбек Сәукетаев: «Біздің туған әдебиетіміздің туын көтеріп келе жатқан басылымның бірі – «Қазақ әдебиеті». Өз басым ес біліп, етек жиған кезімнен, 8-9-сыныптан бастап үзбей оқып келе жатқан сүйікті газетім. Бұл үлкен той қазақ әдебиетінің тойы деп есептеймін. 90 жыл бойы қазақтың тарихымен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан басылым ұлттың даму тарихын бедерлей білді. Қай ұрпаққа болмасын тағылымы мол мағлұматтарға толы ақпараттарды бере білді. Қазақ руханиятын байытуға үлкен үлесін қосқан басылымның көрер жарығы ұзақ болсын дегім келеді», – дейді ол.
Жазушы Сәкен Сыбанбай: «Қазақтың қазақтығын сақтап қалған газеттің бірі – «Қазақ әдебиеті», – деп баға бере келе: «Ол әдебиетіміз бен мәдениетімізді ғана насихаттаумен шектелген жоқ, сонымен қатар ұлттың басындағы бүкіл қуаныш пен жұбанышты, қайғы мен қасіретті, кемшілік пен мәселені жазды, жазып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлттық мемлекет құрудың ұстындарын ұсынды. Қазір де әдебиет пен мәдениет мәселелерін алғы лекке шығара отырып, ұлттың болмысын, өзегін, қадір-қасиетін сақтап қалу бағытындағы мазмұнды мақалалар жариялап жүр. Сүйікті газетіміздің мерейлі 90 жасы құтты болсын!», – деп ақжарма тілегімен бөлісті.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы: «Бұл басылым қазақ мәдениеті мен әдебиетінің алтын діңгегіне айналды. Бүгінгі технологияның дамыған заманында, әлеуметтік желілер алдыға шыққан заматта өз оқырманын жоғалтпай уақытпен бірге үндесіп, ел руханиятына сүбелі үлесін қосып келеді. Әрбір жас талант осы басылымда тырнақалды туындысы жарияланғанда, әдебиет ауылына өз отауын тіккендей қатты қуанатыны ақиқат. Бүгінгі 90 жылдық торқалы той бүкіл қазақ мәдениеті мен қазақ қаламгерінің тойы деп білемін», – деп баға берді.
Жазушы Ғаббас Қабышұлы: «Бүгінде Тоқсанның төріндегі Әдеби апталығымыз – мен үшін жап-жас отауым», – деп кезіндегі қазақ зиялыларын осы газет арқылы танысқанын баяндайды. «Қадірлі қаламгер ағаларымның, дарынды құрдастарымның, інілерімнің көбімен осында таныстым. Тізе түйістіре қызмет еткен Нығаңнан, одан соң бала мінезді дархан бас редакторымыз Сыр-аға Мәуленовтен, кезінде ұлы Мұхтар Әуезов оң сапар тілеген, кейінде әлем әдебиетінің білгір өкілі болған бас редакторымыз Әнуар Әлімжановтан үлгі-өнеге алған жылдарым – қымбат шақтарым. Редакцияда қызметтес болған жас ақын-жазушылар – Ізтай Мәмбетов, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Өтежан Нұрғалиев, Қабдеш Жұмаділов, Ақұштап Бақтыгереева, Өтеген Күмісбаев, Әбілғазы Нағметов… бір отбасының балаларындай едік. Жазушылар одағы басқармасының қаулысы бойынша 1974 жылы Әдеби қордың директоры болып тағайындалып, басқа шаңыраққа барсам да, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясы атты қадірлі ұжыммен, Құдайға шүкір, әлі де біргемін», – дейді ол.
Ақын Мейірхан Ақдәулет: «Ана тілімізді ұшпаққа шығаратын – «Қазақ әдебиеті» газеті», – деп баға беріп, басылымның ұлттың алдында алатын орнын атап өтті. «Қазақ әдебиетінің потенциалы ешқандай ұлттыкінен кем емес. «Қазақпыз» деп құр әләуләйімді айтқаннан реалды дүниелерді іске асырған әлдеқайда нәтижелі, жемісті болмақ. Қазақты шынымен жақсы көрсек, әдеби басылымдарға жағдай жасау қажет. Қазір тіл мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, көптеген жұмыс қолға алынып жатыр ғой. Тілді ұшпаққа шығаратын да осы әдеби басылым. Мемлекеттік билік тарапынан ықпал етсе де, барлық интеллигенцияға, тиісті мекемеге «Қазақ әдебиетін» талап етіп тұрып жаздырсын. Бұл газет өзінің жағдайы жақсы болып, өзге қаламгерлерге, жастарға жағдай жасай алатындай, көмектесе алатындай деңгейде болғаны жөн», – дейді ақын.
Иә, «Қазақ әдебиеті» қазақ әдебиетінің әлденеше буын қаламгерлерінің қанатын қатайтып шығарған шығармашылық ұстахана іспетті болды. Ұлт руханиятының шамшырағы, Темірқазық жұлдызы іспетті бұл басылым толқын-толқын буынға туындыгерлік платформа ретінде тоқсан жыл бойы қызмет етіп, сонау алыптармен жалғасқан салқар керуен ұлттық әдебиеттің ұлы көшін тынбай алға сүйреп келеді. Сондай-ақ газет оқу-ағарту, білім, ғылым саласындағы әралуан көкейкесті мәселелерді сөз етіп, кино, театр сынды келелі тақырыптарын кеңінен толғап, белгілі әдебиет, өнер қайраткерлерімен сұхбат жүргізіп, олардың жаңа шығармашылық туындыларын оқырмандарға таныстырып отырады. Жаңа таланттарды танытып, аға буынның сиясы кеппеген дүниелері де осы басылымның бетерінен орын алып келеді. Ендеше елдің мәдениеті мен әдебиетінің жария-жаршысы болған баба басылымға біз де ғұмырының ұзақ болуын тілейміз!
Наурызбек САРША,
журналист