Ұлт қорғаны

10 қаңтар – ҚР Ұлттық ұланының құрылған күні. 


Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының ІІМ Ішкі әскерлері туралы» Жарлығымен құрылған құқықтық тәртіп әскері бүгінге дейін ел тыныштығын абыроймен қорғап келеді. Айтулы датаға орай Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Тараз қаласындағы 55/13 әскери бөлімі ұйытқы болған мерекелік кеште жергілікті Ұлттық Ұлан әскерінің үздік қызметкерлері марапатталды.


Ширек ғасырдан астам уақытта ұландықтар аянбастан ұлтты ортақ игілікке ұйыту, ел бірлігін сақтау және тыныштықты қамтамасыз етуге күш жігерлерін жұмсап келеді. Аталмыш бөлім өткен жылдың өзінде көшеде орын алған 700-ге тарта ұрлық-қарлықтың жолын кесіп, қылмыскерлерді құрықтаған. 55/13 әскери бөлімі құрылғаннан бастап жеке құрам республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі ауқымды міндеттерді орындауға атсалысты.
– Ұландық сарбаздарының арқасында 1992 жылы «Қазмежрайжазба» қоймасындағы өрт кезінде 15 миллион рубльді құрайтын мемлекеттік мүлік құтқарылды. Ал 1993 жылы республикалық қоймадан ұлттық валютаны әуежайға жеткізу бойынша және Мойынқұм ауданындағы апат кезінде төрт түлікті сақтап қалу ісінде өз үлесін қосты. Сондай-ақ, қаладағы өткізілген ауқымды шараларда әрдайым қоғамдық тәртіпті сақтап, қауіпсіздікпен қамтамасыз етіп келеді, – дейді бөлім командирі, подполковник Бауыржан Қабылбеков.


Мерекеге орай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үздік қызметі үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтановтың бұйрығымен бірқатар сарбаздар марапатталды. Бөлім майоры Бақытжан Кенесариев, аға сержант Сыпатай Рахымбердиев, кіші сержант Юлдаш Маманов Қ.Ақтановтың Алғыс хатымен марапатталса, отставкідегі полковник Владимир Лозовог, запастағы подполковник Рысмағанбет Жүсіпов, 55/13 әскери бөлімінің ардагері Әскербек Пржанов және сержант Жасұлан Оңғаровтарға мадақтама грамотасы табысталды.


Салтанатты жиында облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мұрат Байсеркенов сарбаздарды мерекемен құттықтады.

Comments (0)
Add Comment