Ұлт болашағы саналы жастардың қолында

Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен орталық кітапхана залында «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» тақырыбында конференция өтті. Жиынға Мойынқұм аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры, Аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Шубаева модераторлық етті.

Болашақ ұрпаққа ұлттық тәрбие жайлы ой қозғап, санаға сіңіруге септігін тигізуді мақсат тұтқан басқосуға аудан орталығындағы орта мектептердің жоғары сынып оқушылары, жас ұстаздар мен белсенді жастар, ақсақалдар және аналар алқаларының мүшелері қатысты.
Әуелі аудандық орталық мешіттің бас имамы Р.Еспенбетов дін және салт-дәстүр төңірегінде әңгіме өрбітсе, Бірлік ауылдық аналар кеңесінің төрайымы, Билер кеңесінің мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Р.Жетібаева «Отбасы – тәрбие бастауы» тақырыбына кеңінен тоқталды. Ал Жамбыл облысы білім басқармасы Мойынқұм ауданы білім бөлімінің педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің психологы М.Жылқыбаева психологиялық тренингтер жүргізді. Сондай-ақ аудандық жастар ресурстық орталығының директоры М.Күнту қазіргі жастардың проблемалары жайлы ой қозғап, болашақ білімді жастардың қолында екенін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы М.Тулеулиев осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралардың ұлт тәрбиесіне қосар үлесі орасан зор екенін айта келе, жастарға жарқын болашақ тіледі.

Әмина Мұса

Comments (0)
Add Comment