1913 жылы Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтар негізін қалаған, 2006 жылы жазушы Қоғабай Сәрсекеев қайта жалғаған «Qazaq» газетіне биыл 110 жыл толып отыр.
Ата басылым ортамызға қайта оралғанда, елімізде заң ғылымдарының негізін қалаған академик Салық Зиманов: «Тәуелсіздік жылдарында Алдан Айымбетов «Казахская правданы» шығарды. Жаңа заманда Қоғабай Сәрсекеев «Қазақ» газетін қайта жаңғыртты. Бұл – зор елшілдік жұмыс, қазақ баспасөз тарихында үш анық, болашақта зерттелер саяси құжат», – деп жоғары бағасын берген болатын. Газеттің 2013 жылғы ғасырлық мерейтойында Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Қазіргі қолымыздағы Қоғабай Сәрсекеев қол қойған газет – сол», – деп бүгінгі газеттің заңдылығын жалпыға жария еткен еді. Өкініштісі сол, газеттің екінші тынысын ашқан Қоғабай Сәрсекеев те, басылымның қайта шығуына атсалысқан тұлғалар – Гүлнар Дулатова, Салық Зиманов, Хасан Оралтай, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Рымғали Нұрғали, Серік Қирабаевтар да қазір ортамызда жоқ. Дегенмен «тірі адам тіршілігін жасайды», газеттің екінші тынысын ашқан қайраткерлер өмірден өтсе де, бұл күндері басылым жұмысы тоқтап қалмай, өз оқырманымен қауышып келеді. Ал тарихи газеттің 110 жылдығын атап өту бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазылыпты. Шүкір, «Qazaq» газетінің 110 жылдығына арналған шаралар жер-жерде өтіп жатыр.
Тұңғыш бас редактор Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін шығаруға 1913 жылдың 5 қаңтарында Орынбор генерал-губернаторының рұқсатын алған. Газеттің алғашқы нөмірі сол жылы 2 ақпанда Орынбордағы Кәрімов, Хұсайыновтар баспаханасында басылып шықты. Газеттің алғашқы төрт нөмірі «Қазақ» деген жазумен, бесінші нөмірінен бастап киіз үй салынған суретпен (қазіргі тілмен айтқанда логотиппен) жарық көрді.
Өздеріңіз білесіздер, өткен ғасыр басында ресми іс жүргізу тілінде қазақ ұлтының атадан балаға мирас болған өз атауы қасақана бұрмаланып, «қырғыз-қайсақ» аталып келді. Әрине, бұл қазақ оқығандарының жанын жаралады. Сондықтан туған халқының төл атын қайта жаңғырту мақсатында Алаш арыстары ұлт баспасөзін «Қазақ» деп атады. Бұл жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы: «…Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың әруақты аты деп, газетіміздің атын «Қазақ» қойдық», – дейді газеттің алғашқы санында. «Әуелі, газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бастайды арнау сөзін күрескер көсемсөзші. Одан әрі: «…Бүтін дүние жүзіндегі халықтар газет арқылы дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер кімге пайдалы, кімге зарарлы екенін күні бұрын біліп, пайдалы болса шаттанып, зарарлы болса сақтанып тұрады. Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе. Жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері газет арқылы жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет – білім таратушы. Газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші. Төртінші, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады», ؘ– деп, толып жатқан ел үшін атқарылатын негізгі міндеттерді айқындап көрсетеді.
Газеттің бір жыл толуына орай жарияланған «Екінші феурал» деген бас мақалада тәуекел деп газет шығаруды бастағанда небәрі 750 сом ғана қаражат болғаны жазылды. «Қазақтың» шығуына оның бастырушысы болған Мұстафа Оразаев көп еңбек сіңірді. Оның әкесі Ахмет ишан газетті шығаруға қаржылай көмектесті. Содан газет бірінші санынан 46 санына дейін Мұстафа Оразаевтың қаражатымен шығып тұрса, ал 47 санынан бастап оның басылуын «Азамат» серіктестігі қолға алды. Серіктестікке мүше болып кіргендер 100 сом жарна төледі. Сөйтіп, газетті қаржылай қолдады. Ал, Ахмет Байтұрсынұлына шындықты газетке шырқыратып жариялағаны үшін айыппұлдар салып тұрған, кейде темір торға да тоғытқан. Сондай-ақ сол заманның қалталы азаматтары ақша жинап, газетті жабылудан, Ахаңды түрмеге тоғытудан сақтап қалып отырған. Дегенмен елге қызылдардың келуімен газет жабылды, артынан оның бастауында тұрғандар мен авторлары жаппай қуғын-сүргінге ұшырады. Көбі атылып кетті.
Қиын-қыстау уақытта «Қазақты» 1913 жылдан 1917 жылдың қыркүйегіне дейін Ахмет Байтұрсынұлы абыроймен басқарды. Ол іссапарда болғанда газетке Міржақып Дулатұлы, 261, 162 нөмірлеріне Жанұзақ Жәнібеков қол қойды. «Қазақ» газетінің тарихын бір кісідей зерттеген тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова айтқандай, «Қазақ» газетінде үш редактор болды деуге негіз бар.
Қырғыз атанған ұлтының төл атауы қайта жаңғырып, қырдағы елдің ішін кезген «Қазақ» газетінің бетінде көтерілген өзекті мәселелерге разы болған Шәкәрім Құдайбердіұлы басылымға жетекшілік еткен Ахмет Байтұрсынұлына ағалық қамқорлығын білдіріп, ақ батасын өлең арқылы жолдайды:
«Дүниеге келді бізден бір талапты ұл,
Ержетсе, бар қазақтың басшысы бұл.
Бөгеттен, ауру-сырқау аман сақтап,
А, Құдай! Құтты, өмірлі, бақытты қыл!
Үмітті Орынбордан бала туды,
Қолына жарық сәуле ала туды.
Мақсаты қараңғыда жүрген халқын,
Ойлайды тура жолға қаратуды.
Күтіп ем, туа ма деп көзім сүзіп,
Бұл кезде кетіп едім күдер үзіп.
Хабарын «Уақыт»-тан білгеннен соң,
Тірілді өлген үміт қаным қызып.
Көп қайғы болды бүгін ұмытылғандай,
Бейнеттен бір зор ауыр құтылғандай.
Жақындап жан шығарға шөлдегенде,
Құмартқан сусын бейне жұтылғандай.
Қайғысыз жас жігіттей бола қалдым,
5-6 подписчикті тауып алдым.
Бір тамшы қарлығаштың суындай ғып,
Алуға жылдық «Қазақ» ақша салдым.
Табармын шамам келсе тағы жолдас,
Қам қылмай, қартайдым деп жатып болмас.
Үмітті жаңа туған жас баланы,
Ағайын, қырғыз-қазақ, түгел қолдас!
Ойлама, газет бізге не керек деп,
Газетсіз ел жаны жоқ, өлгенге есеп.
Көл болар көп түкірсе деген пәни,
Кетпей ме бір тоқтыны қасқыр да жеп?!»
Міне, осылайша қазақ елінің шығысы мен батысына, солтүстігі мен оңтүстігіне тараған газеттің жанашырлары табылды. Ел ішіндегі ағайын-туғандар, жегжат-жұражаттар қуана қолпаштап, жаңа ұшқан «Қазақтың» қолтығынан демеп, бойына күш-қуат берді.
Расында, Ресейдің отаршыл жүйесі дәуірінде өмірге келген «Қазақ» газетінің көтерген жүгі ауыр болды. Газет бетінде ең өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, қазақтың шұрайлы жерлеріне орыс мұжықтарының қасақана қоныстандырылып отырғанын аңқау елге аңдату мақсатында «Жер мәселесі» (№10, 12 сәуір, 1913 ж.), «Жер жалдау жайынан» (№34, 16 қазан, 1913 ж.), «Көшпелі һәм отырықшылық норма» (№20, 29 маусым, 1913 ж.), «Қазақ һәм жер мәселесі» (№54, 16 наурыз, 1914 ж.), «Жер сату» (№188, 8 шілде, 1916 ж.), «Жер турасындағы телеғырам» (№227, 26 сәуір, 1917 ж.), «Жерді қалай бөлу?» (№228, 3 мамыр, 1917 ж.), «Жер комитеттерін жасау керек» (№231, 27 мамыр, 1917 ж.) секілді өзекті мақалаларды елге жеткізуде маса болып ызыңдады.
Осы тұста «Қазақтың бас ақыны» деп алғаш Абай туралы мақаланы Ахмет Байтұрсынұлы жазғанын, ол 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көргенін айтсақ, артық болмас.
«Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құты жоқ деп айтса да боларлық, олай болуы – сөзі басылмағандықтан. Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді. Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім. 1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Көп сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың ара оқыса да, түсіне алмайды. Не мағынада айтылғаны біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түсіндіріп, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Оның сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі оқулыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыны да сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардан оқшау, олар сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзінде ғана емес, өзінде де болған. Абайдың қандай болғанын көзбен көрмесек те, көргендердің айтуынан біле- міз», – деп басталады Ахмет Байтұрсынұлы-ның 110 жыл бұрын «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласы.
Жалпы 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде төте жазумен жарияланған мақалаларды қазіргі әліпбиде оқуға мүмкіндік бар. Жетпіс жыл бойы «зынданда жатқан» газеттің біраз нөмірі Ұлттық кітапханада сақталған. Төте жазумен шыққан газеттегі материалдарды алғаш қазіргі әліпбиге түсіріп, кітап етіп шығарған ғалым – Үшкөлтай Субханбердина. Дегенмен аталған кітапқа газеттің барлық мақаласы енбеген.
Осы күнге дейін «Қазақтың» шаң басқан архивтерде жатқан түпнұсқаларын отандық және шетелдік архивтерден құмнан алтын іздегендей ашып алып, оны төте жазудан (Байтұрсынұлы әліпбиінен) қазіргі жазу үлгісіне түсірген ғалымдардың еңбегі жалпақ жұртқа жетпей жатқаны рас. Бұрнағы жылдары «Қазақ» газетінің 1913, 1914, 1915 жылдардағы топтамасы жарық көрді, қалған 1916, 1917, 1918 жылдардағы топтамасы қаржының жоқтығынан шықпай қалғаны да ащы ақиқат. Мамыр айының соңында Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне орай «Азалы жылдар мен азапты жолдар: тарих сабағы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Сол қасіреттен қасиетке айналған киелі орында болған тарихтан тағылым алар жиында қуғын-сүргін мен ашаршылықты зерттеумен айналысып жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес өзінің «Арыс» баспасы дайындаған «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдардағы топтамасын әлихантанушы-ғалым Сұлтан Хан Аққұлы басқаратын «Алаш» ғылыми-зерттеу институты жарыққа шығаратынын сүйіншіледі. Әрине, бұған дейін дайын кітаптардың қаржының жоқтығынан шықпай келгені, жылда мемлекеттік тапсырыспен ондаған кітаптар шығаратын Мәдениет министрлігінің бұған селқос қарағаны өкініш тудырады. Ештен кеш жақсы. Енді 110 жылдық аясында ұлтжанды азаматтардың арқасында осы олқылықтың орны толатыны қуантады. «Газет жүз жыл бұрын не жазды, қандай мәселе көтерді?» деген сұрақтарға сол кітаптардан жауап табуға болады.
Иә, осыдан 110 жыл бұрын оқырманға жол тартқан «Қазақ» газетін біз ұлт басылымдарының атасына балап жүрміз. Әрине, «Қазақтың тұңғыш газеті ол емес қой» деп бұған қарсы уәж айтатындар бар. Дегенмен 1870 жылы Ташкентте жарық көрген «Түркiстан уәлаяты» газеті «Туркестанские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде жарық көрді. Яғни ол қазақ тілінде шыққан толыққанды газет болған жоқ. Сонымен қатар онда тек патша үкіметінің шешімдері, жарлықтары ғана жарияланды. «Дала уәлаяты» да сондай болды. Сондықтан сол қиын заманда салыстырмалы түрде ұзақ жарық көрген, ұлттың мәселесін ашық көтерген, жұрттың сауатын ашуда маңызды рөл атқарған «Қазақ» газетінің ұлттық баспасөз тарихында алатын орны зор. Бір қуаныштысы, «Қазақ» газеті жарық көрген күн, яғни 2 ақпан елімізде Ұлттық басылым күні ретінде бекітілді. Биылғы мерейтойдағы ауыз толтырып айтарлықтай басты жаңалық осы болса керек.
«Асықпаңдар, артымызда қазы бар, тергеп талай көрлеріміз қазылар» деп көрегендік танытқан Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Qazaq» газетінің 110 жылдығы осылай ұлықталып жатқаны қуантады. Бұл да азаттықтың арқасы.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,
«Qazaq» газетінің бас редакторы,
Ақпарат саласының үздігі