Бүгінде бір мезетте байлыққа кенелуді армандамайтын адам кемде-кем. Біреулер құр армандап қана қоймай, лоторея билеттерін оған жетудің жолы ретінде санайтыны жасырын емес. Себебі «бір ғана билет өмірімді түбегейлі өзгертуі мүмкін» деген үміт көпшілікті баурап алады. Кейбіреулер үшін лотерея сәттілік сыйлайтын мүмкіндік болса, енді бірі үшін тек қызық пен қиялды оятатын ойын іспетті көрінетіні де рас.
Әрине, арасында айы оңынан туып, әп-сәтте қуанышқа кенелген жандардың да бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Күні кеше «Дәмді себет» дүкендер желісі ұйымдастырған ұтыс ойынының жеңімпазы атанып, Hyundai маркалы автокөлікті олжалаған Талас ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Өміржан Сқақов – осы сөзіміздің дәлелі. Таластық ұстаздың айтуынша, өзі де о баста мұндай ұтысқа ие болатынына аса сенбепті.
– Ойын шарты бойынша «Дәмді себеттен» 5 мың теңгеден жоғары бағаға сауда жасап, оның ішінде «Милка» шоколадын сатып алған тұтынушыларға төлем түбіртегімен бірге арнайы купондар да үлестірілді. Купонның бір жартысы сатып алушыларға берілді де, екінші бөлігі ұйымдастырушыларда қалды. Сол арқылы ұтыс ойнатылды.
Шыны керек, қандай да бір ұтысқа қол жеткіземін деп мүлде ойлаған жоқпын. Себебі бұған дейін де осы «Дәмді себет» және «Фиркан» сауда үйлерінен осындай ұтыс купондарын алған болатынмын. Алайда олардың ешқайсысының әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде өткізетін ұтыс ойындарын үміт күтіп тамашалаған емеспін. Содан кейін болар, бұл жолы да аса бір сенім артпадым. Тіпті, ұйымдастырушылар «Құттықтаймыз, көлік ұттыңыз!» деп хабарласқан кезде де көңілімде қуаныштан бұрын күдік тұрды. Өйткені қазір осындай жолмен талай адамды сан соқтырып кеткен алаяқтар туралы жиі естіп, біліп жүрміз. Сондықтан көліктің кілтін қолыма алып, толық көз жеткізбейінше жақындарымнан сүйінші сұрауға асықпадым. Тек ұйымдастырушылар автокөліктің кілтін табыстаған кезде ғана ұтыста жолым болғанына иланып, бойымды шаттық биледі, – деп ағынан жарылды Өміржан Шәріпханұлы.
Әрине, ойламаған жерден олжалы болу бір ғана таластық ұстаздың басындағы жағдай емес екені белгілі. Тараз қаласының тұрғыны Аружан Серікбаева да өзін лоторея ойынында жолы болғыш жандардың қатарына жатқызады.
– Бұған дейін бірнеше лоторея ойынында бақ сынап көрдім. Осы күнге дейінгі ең ірі ұтысым – «Shym tell» ұялы телефондар салоны өткізген ұтыс ойынынан алған 500 мың теңге. Одан бөлек, бірнеше рет планшет, смартфон секілді бағалы сыйлықтар мен 200 мың, 50 мың теңге мөлшерінде қаражат та ұтып алғанмын. Сондықтан лоторея ойындарының көп жағдайда әділ өтетіне сенемін.
Жалпы, өз басым лотереядан ұтып алған сыйлықтарым мен қаржылай сомаларымды белгілі бір жауапкершіліктен туындаған жетістік немесе жоспарлы табыс емес, тек сәтті кездейсоқтық деп ғана қабылдаймын. Себебі бүгін мол табысқа кенелсең, келесіде жолың болмай ұтылып қалуың әбден мүмкін. Сол себепті лотореяның кез келген нәтижесін салқынқандылықпен қабылдаған жөн, – дейді Аружан Алматқызы.
Әлбетте, ұтыс ойынынан келген табыс ерекше эмоция сыйлап, қызығушылықты арттыратыны белгілі. Алайда сол қызығушылықтың соңы құрдымға апаруы да мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Бұл туралы тәжірибелі психолог Айдана Төребаеваның пікіріне құлақ түрген едік.
– Көп жағдайда лотереяға қатысу сырт көзге қарапайым әрі қауіпсіз әрекет сияқты көрінеді. Адам билет сатып алады немесе онлайн түрде промо-акцияға қатысып, кейін нәтижесін күтеді. Бұл үдеріс барысында адамда дофамин деп аталатын қуаныш гормоны бөлінеді. Дофамин – миымыздағы әлдебір жақсылықты күту сезімін күшейтетін негізгі нейрохимиялық элемент. Яғни, осы гормон арқылы адам ұтқан кезде ғана емес, дәл сол ұтамын деп күткен сәтте де ми қуаныш тудырады. Бірақ дәл осы «күту кезеңі» тәуелді мінез-құлықтың негізгі бастауы саналады. Өйткені ми ақырындап жеңіліске емес, жеңісті күту эмоциясына бой үйрете бастайды. Кейбір адамдар үшін лотерея нақты нәтижеге емес, сол нәтижені күту сезіміне тәуелді болады. Мұндай кезде адам ұтыс туралы фантазия құрып, болашақта не істейтінін ойша жоспарлап, эмоциялық түрде өзін көтереді. Бұл – құмар ойындарға тәуелділіктің алғышарттарының бірі.
Лотерея мен классикалық құмар ойындарының арасында шартты түрде шекара болғанымен, ол өте жұқа әрі нәзік. Себебі лотерея – қоғамда қауіпсіз ретінде қалыптасқан құбылыс. Көпшілік мұны көңіл көтерудің қалыпты түрі деп қабылдайды, алайда дәл осының тасасында таудай тәуелділіктің тұрғанын аңғармай жатады.
Лотереяның ең қауіпті тұсы – адамның аз ақша жұмсап, тез қатыса алуында. Ал аз шығын психологиялық түрде «тәуекел емес» деп қабылданады. Бірақ уақыт өте келе бұл жиі қайталанатын әрекетке айналуы мүмкін. Мәселен, лудомания өз кезегінде қызығушылық, тәуелділікке түсу және бақылауды жоғалту кезеңдері арқылы нығая түседі. Лотерея да осы механизмдерге негізделуі ықтимал. Әсіресе, адамның жеке өмірінде стресс, қанағаттанбау немесе мотивациялық дағдарыс кезеңдері болса, сәттілікке сену одан да арта түседі. Мұндай кезде ми оңай эмоциялық жолдарды іздейді. Адамдардың көбі лотереяны табыс көзі ретінде көрмейміз деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде адам ой-санасында дәл сол табыстың болуы мүмкін деген альтернативті шындықты құрып алады.
Ғылыми негізге сүйенсек, құмар ойынға тәуелділік – психологиялық тұрғыдан ең ауыр дерттердің бірі. Ол көбіне жасырын түрде дамиды. Басында адам тек акцияларға қатысып, ұтыс ойынын бақылап жүрсе, кейін бұл әдет күнделікті қажеттілікке айналады. Сондықтан лотерея ойындарына да мәдениетті тұтыну көзқарасымен қарау керек. Себебі бір сәттік ғана қызығушылық ұлғая келе орны толмас өкінішке соқтыруы әбден мүмкін, – дейді психолог.
Осы ретте «Лоторея ойындарын кез келген адам ұйымдастыра ала ма?» деген заңды сауалдың туындайтыны сөзсіз. Бұл мәселе еліміздің «Ойын бизнесі және лотерея қызметі мәселелері» туралы Заңымен реттелген. Құжатқа сәйкес елімізде лотореялардың үш түрі айқындалған.
Біріншісі – жедел лотерея. Әдетте мұндай лотереялар қалалардағы газет-журнал сататын дүңгіршектерде, дүкендерде сатылады. Жедел лотереяға қатысу үшін арнайы билет сатып алып, сондағы суретті өшіреді. Оның астындағы қандай ұтыс жасырылғанын сіз бірден біле аласыз. Ескере кететін тағы бір жайт, ұтыс көлемі неғұрлым аз болса, оған қол жеткізу соғұрлым тез болады. Яғни, сіз ұтысты бірден ала аласыз. Ал қомақты сома иеленген жеңімпазға ұйымдастырушылардың кеңсесіне баруына тура келеді.
Екіншісі – тираждық лотерея. Мұндай лотереялар тек белгілі бір уақытта ғана ойнатылады. Бұдан бөлек, аталмыш лотереяның билетін сатып алғандар ұтысты өздері бақылап отыруы керек. Тиражды лотереялар екі түрлі жолмен ойнатылуы мүмкін. Мәселен, алғашқысында ойыншылар сандарды өздері таңдаса, екіншісінде, автотаңдау арқылы арнайы бағдарлама кездейсоқ сандарды ұсынады. Осы сандар арқылы ұтыс ойнатылады.
Үшіншісі – онлайн лотереялар. Алдыңғыларынан ең басты айырмашылығы – онлайн лотереялар интернет арқылы өткізіледі. Ол үшін сыртқа шығып, билет сатып алудың қажеті жоқ. Ойын арнайы жүйеде жүзеге асырылады.
Ерекше атап өтерлігі, ресми түрде лотерея операторы болып тіркелмеген тұлға немесе ұйымға ұтыс ұйымдастыруға тыйым салынған. Бұған қоса, лотерея өткізуге жауапты ұйым үнемі тексерістен өтіп тұрады.
Айталық, 2025 жылы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті тарапынан жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған 121 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (ӘҚБтК) 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мәселен, лотерея операторы емес тұлға лотерея өткізетін болса, жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне (жеке кәсіпкерлерге) 300 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде осындай құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 750 АЕК болып белгіленеді. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтан түскен табыс тәркіленеді.
Сонымен қатар тираждық ұтыс ойындары арнайы комиссияның бақылауында жүргізіледі. Комиссия мүшелері халықтың арасынан таңдалып алынып, олар өз кезегінде лотерея барысын қадағалап, нәтижелерді растайды. Бұған қоса лотерея ойнатылатын құрылғыға да назар аударған жөн. Мұндай құрылғылар ішіндегісі айқын көрінетін мөлдір материалдан әзірленуі керек. Себебі ұтыстың шынайы болуы бірінші кезекте осы құрылғыға да тікелей байланысты. Сондай-ақ қауіпсіздік мақсатында лоторея ойындары жеңімпаздарының суреттері мен жеке тұлғасын өздерінің келісімінсіз жариялауға да рұқсат етілмейді.
Қазіргі ақпараттық кеңістікте лотореялар мен түрлі ұтыс ойындары күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналғаны белгілі. Біздің мұндағы мақсатымыз – көпшілікке лотореяны жарнамалап, жеңіл жолмен табыс табуға шақыру емес. Керісінше оңы мен солын тең таразылап, саналы оқырманға ой тастау. Өйткені ұтыс ойыны – өмірдегі көп таңдаудың бір түрі ғана. Ал сол таңдаудың салдары қандай болатыны адамның тек өзіне тікелей байланысты екенін естен шығармаған абзал.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ