Үлкеннің жолы өнеге

Ата-ана үшін бауыр еті баласының дені сау болып туылып, қатарынан кем қалмай өсуі – бір қуаныш. Ал балалардың өмірге мүгедек болып келуі кім-кімге де ауыр соққы екені анық.

Толғанай АТАБАЙ Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Оларға бір ауыз жылы сөз айтудың өзі көңілге медет сыйлайды емес пе? Тап осындай мақсатта қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйытқы болуымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының және жүзуден Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зульфия Габидуллина мүмкіндігі шектеулі балалармен және ата-аналарымен жүздесті. Параспортшымен болған жылы жүздесуге естуінде ақауы бар «Мейірім» мектеп-интернаты мен көру кемістігі бар «Болашақ» мектеп-интернатының балалары қатысты. Ежелден «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деп өскен біздің халық үшін үлкендердің ақылын алып, өмірлік тәжірибесін үйрену қоғамдық маңызы зор іс саналады. Үлкендердің өмірлері өнеге дейтін болсақ, олардың жастар тәрбиесінде алар орны зор. Елу жасында аты атырапқа тараған спортшы кешке жиылғандарға ақылын айтып, өнегелі жолынан сыр шертті.

– Жігер мен ұмтылыс мені қолтығымнан демеді. Спорт деген сиқырлы өнер құлшынысымды арттырды. Уақыт өте келе саламатты өмір салтын қолға алдым. Бала күннен спортпен шұғылданып өстім ғой, енді неге тұралап қалуым керек деп жаттығуға кірістім. Тек өзім үшін жаттығу жасап жүрдім. Алға деген ұмтылыспен мен өздерің білетіндей спортта үлкен жетістіктерге жетіп жүрмін. Жалпы адам қанатсыз құс секілді. Ылғи да биік асуларды армандайды. Сол асыл арман мұратқа жеткізеді. Өмірдің заңы осындай. Бастысы, өмірден түңілуге болмайды, – дейді чемпион.

Өз кезегінде балалар да жігері мұқалмаған спортшыға әсем әндерін жолдап, шара көркін қыздырды. Сондай-ақ 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Ж.Жолдыбаева мен Ш.Әлібаева биыл «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасының бастау алғаны және жоба аясында 30 ерекше баланы қамту көзделіп отырғандығын айтты.

Шара соңында «Біз біргеміз!» еріктілер қоғамының қолдауымен балалар назарына «Astana cinema» кинотеатрында мультификациялық қойылымдар ұсынылып, тәтті бәліштер мен сусындар үлестірілді.

Comments (0)
Add Comment