Әлия үздік атанды

Медицина қызметкерлері мерекесіне орай 83 жылдық тарихы бар Жамбыл медициналық колледжінде «Үздік мейіргер – 2019» кәсіби байқауы өткізілді.

Адам өмірінің арашашысы болған ақ халатты абзал жандардың қоғам үшін сіңірген еңбектері орасан зор. Төккен тер мен жұмсалған еңбектің сыйы – адам денсаулығы. Медицина өкілдерінің төл мерекесіне орай әр жылы мейірбикелер арасында облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып отырады. «Бұл cайыстың басты мақсаты – мейірбике мәртебесін көтеру, олардың біліктілігін арттыруға ынталандыру, теориялық білім деңгейін анықтау. Байқау арқылы бәсекелестікті арттыру барысында медициналық көмек көрсететін кадрлар жұмысының сапасын жоғарылата аламыз», – дейді жарыс ұйымдастырушылары.
Жыл сайын өткізілетін кәсіптік бұл жарыста биылғы жылы 2 аудандық және 6 қалалық емханалардың ең үздік 8 мейірбикесі бақтарын сынады. Онда мейірбикелер жетістіктері, қабілеттері, өздері жайлы роликтер жасау және де тестілеуден өту секілді 4 бөлім бойынша бақ сынады. Сайыс қорытындысына сай жүлделі І орын иегері ретінде №2 қалалық емханасының мейірбикесі Әлия Аманбаева танылып, республикалық сайысқа облыс атынан қатысуға жолдама еншіледі. Сонымен қатар Жамбыл облыстық қан орталығының намысын қорғаған Ляззат Досанбаева ІІ орынды қанжығаласа, №5 қалалық емхана мейірбикесі Эльвира Бадыгжанова және Жамбыл аудандық орталық емханасының мейірбикесі Айдана Нажмадинова үшінші орынды өзара бөлісті.
– Адам өміріне араша түсудің өзі – үлкен бақыт. Ерекше мамандық иесі екенімді әрдайым мақтан тұтамын. Байқауда жанкүйерлік танытып, қолдау білдірген №2 қалалық емхана басшылығына және ұжымыма алғысым шексіз. Алдағы республикалық байқауда да үздік атануға бар күшімді саламын, – дейді жарыс жеңімпазы Әлия.

Аружан Тынышбай,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ студенті

Comments (0)
Add Comment