Лицензиялау балабақша мәселесін шеше ме?

2024 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдары лицензиялаудан өтеді. Оқу-ағарту министрлігі бұл бастама бөбекжайлардағы оқыс оқиғалардың алдын алып, білім сапасын арттыру мақсатында қолға алынғанын жеткізген болатын. Алайда жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары бұл бастаманы сынға алды. Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселенің мәніне үңілу үшін turkystan.kz тілшісі жекеменшік балабақша иелерімен тілдесті.

Кәсіпкер Аслан Қаженовтің бүгінде екі балабақшасы бар. Алғашқысын 2016 жылы ашқан. Алайда қолға алған жұмысы бірден жүріп кетпеді. «Астанаға келгенде кішкентайымыз болды. Орналастыратын жер таппадық» дейді ол. Бірақ жігері тасып тұрған жас «айлыққа жұмыс істеп жүре бермей, кәсіп ашайын» деп ойлайды. Сөйтіп алдымен дайын балабақшаны жалға алып, үш жыл жұмыс істеп көреді. Бұл іс қолынан келетін болған соң 2019 жылы өзі жүз пайыз қаражат салып, елорданың сол жағалауынан балабақша ашады. Биыл кәсібін кеңейтіп жатыр.

«Ата-аналар тарапынан сұраныс өте жоғары. Сол сұранысқа сай болу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Балабақшаның біреуінде 40, екіншісінде 70-ке жуық бала бар. Әйелім – біраз жыл мемлекеттік балабақшада психолог болып жұмыс істеген тәжірибелі маман. Ішкі тәртібін, баламен қалай жұмыс істеу керегін жақсы біледі», – дейді Аслан Қаженов.

Балалармен жұмыс істеу физикалық, моральдық тұрғыдан болсын, оңай жұмыс емес. Балабақшадағы түрлі оқыс оқиға түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желіге тарап жатқанын көріп жүрміз. Жекеменшік балабақша иелері мұндай жағдайдың алдын алу үшін тәрбиешілердің мәртебесін көтеру керек дейді.

«Тәрбиешінің қадірі жоқ, айлығы төмен, жүктемесі үлкен. Балабақшаға мемлекеттік дотация алғанбыз. Өзінің талаптары бар. Тәрбиешілер, тәрбиешінің көмекшісі бар 300 мыңға дейін алады. Педагогтердің айлығы көтеріліп жатыр ғой. Сол сияқты тәрбиешілердің де айлығы кезең-кезеңмен өсуі керек. Осы талаптармен жұмыс істейміз. Қазір тәжірибелі мамандарды жоғары айлықпен ғана ұстай аласың. Балабақшамыздың бағасы арзан емес. Сапасы да соған сай болуы керек деп есептейміз. Қызмет, тамақ жағынан.

Балабақшаларда түрлі жағдай болып жатыр. Бұл жекеменшік балабақшалардың атына кір келтіреді. Жұмысына жауапты емес мамандардың әрекеті бізге де ұнамайды. Талапты күшейткен жөн. Жетекшісіне қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастыру керек. Бізде бар болғаны жұмыстан шығарады. Сотқа барса, материалдық шығындарын өтейді, сонымен іс бітеді. Осы тұрғыдан келгенде лицензиялау талапты күшейтуге жұмыс істесе, қолдаймыз», – дейді LAIYQTY балабақшасының директоры Аслан Қаженов.

Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының  елордадағы филиалының директоры, «Керемет» балабақшасының негізін қалаушы Майра Бәйдібекова балабақшаларды лицензиялау мәселені шешпейді дейді. Осы салада 15 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан маман жаңа талап енгізілсе, ірі қалалардағы балабақшалардың 90 пайызы жабылатынын жеткізді.

«Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, барлық балабақшада түрлі жағдай болады. Мемлекеттік балабақшада сондай жағдай болса, шу шығармайды. Ал жекеменшік балабақшадағы жағдайды көрсетеді. Мұның бәрін лицензиялау үшін істеп жатыр. Негізі, бұрын лицензиялау жұмысы болған. Одан өткенбіз. Елімізде балабақша жетіспей жатты. Сол кезде лицензияны алып тастады.  Коттеджден, бірінші қабаттан балабақша ашуға рұқсат берді. Балабақшаны көбіне қалталы кәсіпкерлер емес, орташа табысы бар адамдар ашады. Адамдар кезінде кәсібін дамыту үшін мемлекетке сеніп, несие алды. Әупірімдеп аяқтан тұрғанда лицензияны қайтадан енгізіп жатыр. Енді олар жабылып қалатын болды», – дейді ол.

Алысқа бармай-ақ, елорданы алайық. Бұл – жастардың қаласы. Мұнда мемлекеттік қызметкерлер, жас отбасылар көп. Олар баласын 100-150 мың төлейтін балабақшаға бере алмайды. Одан 35-40 мың төлеп, коттедждегі балабақшаға апарған ыңғайлы. Әрине, бағасына сапасы сай жекеменшік балабақшалар да жетерлік. Бірақ әркім көрпесіне қарай көсіледі емес пе?!

«Үлкен балабақшалар бар, олар лицензияны қиналмай ала алады. Жағдайы бар. Бағасын білесіздер. Шағын балабақшалардың жағдайы қиын. Қазір жастар тәрбиеші мамандығына барғысы келмейді. Өйткені олар болашағын ойлайды, таңнан кешке дейін балаға қарап, мардымсыз жалақы алғысы келмейді. Сондықтан тәрбиешілердің жағдайына көңіл бөлуіміз қажет. Оларға тегін семинарлар өткізу қажет. Әлеуметтік көмек пакетін қарастырған жөн. Иә, бізге педагог статусын берді. Бірақ іс жүзінде ештеңе жасаған жоқ. Қазір қымбатшылық. Үкіметтің өзі бағаны реттей алмай жатыр. Ата-аналардың тамаққа байланысты төлемі де өспеді, 20 800 болып тұр. Баланы қалай тамақтандырасың? Проблема көп. Оның бәрі лицензиямен шешілмейді. Шетел туралы айтпай-ақ қояйын, мамандарымыз еліміздегі шипажайға барып, 10 күн демалуға жағдайы болмай жатады», – дейді «Керемет» балабақшасының негізін қалаушы  Майра Бәйдібекова.

Мемлекеттік балабақшада 18 жыл, жекеменшікте 10 жыл қызмет атқарған тәжірибелі маман Бану Әлкенова баланы ұрған тәрбиешілерді жазғыра бермей, жан дүниелеріне үңілгеніміз жөн дейді. Айтуынша, балаға деген көзқарасын өзгертетін тегін курстар ұйымдастырудың көмегі көп.

«Құжаттардың бәрін жинап апарамыз, Лицензиядан өтті немесе өтпеді деген хабар келеді. «Лицензия жағдайды өзгерте ме?» деген ой ғой. Жауапты міндетті алып отырған тәрбиешілердің мәртебесі қалай көтеріледі? Тығылып жұмыс істеп отырған балабақшалар лицензия бар екен деп жүгіре ме? Мемлекеттен осының бәріне көмек болуы керек.

Баланы ұрады, бір бөлмеде қаншама бала отырады, дұрыс тамақтандырмайды деп жатады. Неге мәселенің мәніне үңілмейміз. «Неге мұндай жағдайда отырсың?» деп сұрамаймыз. «Саған қандай көмек керек?» деп аяғынан тұруға көмектессе ғой. Бәрі өзі туралы жариялап, «Мен лицензия аламын, осы деңгейге көтерілемін» деп ұмтылар еді. Бізде, керісінше, жерге ұра береміз. «Жағдайың болмай тұр екен, қандай көмек керек» дейтін адам жоқ.

Мысалы, менде жұмыс істейтін тәрбиешінің көмекшісі 100 мың теңге айлық алады. Бір күні қарасам, айлығын алып, ойланып отыр. «Не болды?» десем, «Несиемді төлейін бе, балаларымды қыдыртайын ба әлде үйге тыныш қана қайта берейін бе?» деп отырмын дейді. Қиын жағдай», – дейді «Зерде» балабақшасының меңгерушісі Бану Әлкенова.

Оқу-ағарту министрлігі білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова Oqu-ağartu LIVE жобасына берген сұхбатында бүгінде еліміз бойынша балабақшамен қамту көрсеткіші 99 пайыз екенін айтқан еді. «Енді жаңа талап енгізілсе, бұл көрсеткіш азайып қалмай ма?» деген сұрақ туындайды. Елімізде 2020 жылы  425,6 мың, ал 2021 жылы 446 491 сәби өмірге келгенін ескерсек,
балабақшаның көбейгені әрі сапаға мән беріп жұмыс істегені маңызды емес.

Comments (0)
Add Comment