Елімізде бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен еліміз бойынша бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты жиын өтті.

Басқосуға ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу бойынша жұмыс тобының мүшесі, ғалым-биотехнолог Әмір Қуат және өңіріміздің бірқатар қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ
өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы еліміз бойынша бірыңғай уақыт белдеуі белгіленуі уақытты тиімді әрі дұрыс жоспарлауға оң әсерін тигізетінін атап өтті.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев өткен жылы мемлекеттік органдар мен ғылыми институттардың елімізді бірыңғай уақыт белдеуіне көшіру туралы арнайы есебінің қорытындысы ел Үкіметіне жолданғанын айтты.
Ал ғалым-биотехнолог Әмір Қуаттың пікірінше, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, бұл биологиялық ритмдар мен адам денсаулығына кері әсер етеді. Оның сөзінше, уақыт белдеуін табиғи уақытқа сәйкестендіру қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуда маңызды рөл атқарады.
Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында сарапшылар 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Астана уақытымен бірдей облыстар мен қалалардағы уақытты бір сағатқа (UTC+5) ауыстыруды ұсынған
болатын. Жалпы қазіргі таңда елімізде UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі қолданылады.

Comments (0)
Add Comment