Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Жамбыл облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысу үшін Тараз қаласына барды.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өңір әкімі қызметіне Нұрбол Жүнісбеков пен Ербол Қарашөкеевтің кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқыды.
Ұсынылған кандидаттардың әрқайсысының облысты басқару үшін қажетті кәсіби тәжірибесі бар екені атап өтілді.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 47 депутат Н. Жүнісбековтің кандидатурасын қолдап, 142 депутат Е. Қарашөкеевке дауыс берді. Дауыс беруге барлығы 189 депутат қатысты.
Облыс активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Әлихан Смайылов қазіргі уақытта өңірдің құрылыс, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында оң динамика байқалып отырғанын атап өтті.
«Облыста шағын және орта бизнеспен бірге ірі инвестициялық жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Бірнеше ірі әлеуметтік нысан салынып, пайдалануға берілуде», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-Министр Үкімет өңірлерде азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі шараларды іске асыруды жалғастырып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, әкімдіктерге салықтарды пайдалану тұрғысынан қосымша өкілеттіктер берілетін болады.
«Бюджетті басқару процесі бұдан да икемді болмақ. Тиісті өзгерістер жаңа Бюджет кодексінің жобасында қарастырылған», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы өңірдегі жұмыстың басым бағыттарының бірі халық пен ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Осыған байланысты ирригациялық желілерді салу, су шаруашылығы нысандарын күрделі жөндеу және жаңа суармалы жерлерді іске қосу жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізу талап етіледі.
Сондай-ақ Премьер-Министр Үкімет Жас өркендегі гидроқұралды жаңғыртуға қажетті қаражат бөлгенін еске салды.
«Келесі жылы 3 ірі су қоймасын салуға бюджетте тиісті қаражатты көздедік. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен шағын су қоймаларын салу керек. Аралық кезеңде суды жинауымыз керек», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Тағы бір маңызды бағыт – тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Бұған қазіргі нақты жағдайды ескере отырып қабылданған Халықтың табысын арттыру бағдарламасы айтарлықтай ықпал етеді.
Сонымен қатар өңірде өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін дәлелдеген «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жалғасуда.
Әлихан Смайылов атап өткендей, өңір экономикасын әрі қарай әртараптандыру өте маңызды. Мәселен, жаңа ірі инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек.
Ол облыстың химия өнеркәсібінің әлеуеті зор екенін, сондықтан ірі химиялық кешен мен «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету керектігін айтты.
Сонымен қатар Үкімет басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімді қайта өңдеу үлесін арттырудың, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының сүт-тауарлы фермаларды іске қосу тәжірибесін пайдалану арқылы, сондай-ақ автожолдарды салу және күрделі жөндеу арқылы көлік-логистикалық әлеуетті жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты Әлихан Смайылов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында 6,5 мың балаға арналған жаңа форматтағы 7 білім беру мекемесін салу жоспарланғанын еске салды. Бұл оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысыммен оқытуды және тозығы жеткен мектептер мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
«Облыстың жаңа әкімі мен барлық жергілікті атқарушы орган өкілдеріне Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындауда табыс тілеймін», — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.