Әлихан Смайылов жайында не білеміз?

Бүгін, 11 қаңтарда ел Президенті өзінің конституциялық өкілеттігі негізінде Премьер-министр қызметіне Әлихан Смайыловтың кандидатурасын Парламенттің қарауына ұсынды,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Сөйтіп, 15 минут ішінде жаңа Премьер-министрді барлық фракция депутаттары бірауыздан қолдады. Ал енді ол кісі кім, не істеді деген сауалға жауап іздеп көрейік.

49 жастағы Әлихан Асханұлы 1972 жылғы 19 желтоқсанында Алматыда дүниеге келген. Әлиханның әкесі Асхан Смайылов көп жылдар бойы Алматы қаласының №17 емханасының бас дәрігері болып жұмыс істеген. Дәрігер ұлының есімін «ұлы билеуші» деген мағынада қойыпты. Оның есеп-қисапқа деген қабілеті бала кезінен байқалған екен. Содан болар әке-шешесі ұлының «қолданбалы математика» мамандығы бойынша білім алуына қарсы болмады. Сөйтіп, ол 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. 1996 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтын бітіріп, мемлекеттік басқару бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 1993-1995 жылдары «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы ретінде бастаған. Бір жылдан кейін Ұлттық статистика агенттігінің басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы болды. Оның жұмыс бабы негізінен статистикамен байланысты еді. Себебі 1998 жылы Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары атанды. Одан кейін бір жыл Президент әкімшілігінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, мемлекеттік инспектор қызметін атқарды.

Артынан Статистика агенттігінің төрағасы, Сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы, Қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» Ұлттық холдинг президенті, Қаржы вице-министрі, Статистика агенттігінің төрағасы, Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің төрағасы, Қазақстан президентінің көмекшісі қызметін атқарды.

31 жасында ол Қаржы министрі болып тағайындалып, 2019 жылы 25 ақпанда Президент жарлығымен Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі болды. 2021 жылы Президент жарлығымен ол осы лауазымға қайта тағайындалды. Ал 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап уақытша Премьер-министр міндетін атқарды.

Әлихан Смайыловтың «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдерімен марапатталған. Сонымен қатар «1 рангты кеңесші» дипломатиялық рангы бар.

Смайыловтың жеке өмірі туралы көп мәлімет жоқ.  Wikipedia-ның дерегінше, шенеуніктің бес баласы бар. Ал келіншегінің есімі – Балжан, оның да әкесі дәрігер екен. Шенеуніктен 15 жас кішілігі бар.

Сонымен қатар Алматының тумасы орыс және қазақ тілдерінде еркін сөйлейді. Негізінен ол Instagram және Facebook  желісінен гөрі Twitter-ді көбірек қолданады. Сондықтан оның жазбаларын Twitter желісінен оқуға болады.

Comments (0)
Add Comment