Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы әлеумет тарапынан қызу қолдау тапты. Құнды құжатты ел дамуына еңбек етіп жатқан әр сала қызметкері ерекше ықыласпен қабылдады.
Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауыл шаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бірқатар бастамалар көтерілді.
– Біз қазіргі қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Дегенмен еліміздің жаңа геосаяси ахуалдағы ұзақ мерзімді дамуын естен шығармауымыз керек. Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет. Алайда болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс. Сондықтан әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет. Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз, – деген болатын Мемлекет басшысы құнды құжатта.
Енді бұл Жолдауды жүзеге асыру барысында әр сала өзіне қатысты тұста тосырқап қалмауы керек. Президент ұсынған жаңғыртуларды әрқайсысымыз өзімізден, өз санамыздан бастағанымыз жөн. Яғни өзіміздегі ескі қағидаттардан арылып, бүгінгі күннің арнасымен алға қарай ұмтылғанымыз жөн. Сол үшін де бізге санамызды жаңғырту туралы терең ойланып, пәрменді әрекет ету керек деп ойлаймын. Бұл туралы Президент: «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды. Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет. Өнеркәсіпті реттеу және оған қолдау көрсету мәселелері түрлі заңнамалық актілерде көрініс тапқан. Бірақ ортақ мақсат көрсетілмеген, жүзеге асырылатын саясат пен шаралардың арасында өзара байланыс жоқ. Сондай-ақ жекелеген секторларды немесе салаларды реттейтін көптеген заң бар. Мысалы, «Электр энергетикасы туралы» Заң, «Көлік туралы» Заң. Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді Заң жыл соңына дейін әзірленуге тиіс. Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз», – деп атап өтті.
Жалпы Жолдауда айтылған межелер мен міндеттердің барлығы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы жүзеге асады. Алайда заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. Бұл туралы Президент Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс. Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын. Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет. Сондай-ақ квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыру керек. Сонымен қатар Қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту қажет. Мысалы, біз мүмкіндігі шектеулі адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізуі үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Олар әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болуға тиіс», – деп анық көрсетілді.
Президент атап өткендей, Үкіметтің жіберген қателіктерінің салдарынан онлайн оқудағы олқылықтар ойдағыдай түзетілмеуде. Кез келген өзгерістің бір қайыры бар десек, қашықтан оқытудың да жақсы жақтары болары анық. Жаңа формат оқушылар мен ұстаздарды жаңа машықтарды игеруге мәжбүрлеп қана қоймай, тұтастай білім беру жүйесін цифрландыру ісіне де серпін берді. Сондықтан Мемлекет басшысы: «Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет», – деп нақты тапсырма жүктеді.
Мемлекет басшысы еліміздің жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуы тиіс екенін айта келе, бұл мақсатқа жету жолының бір бағыты ретінде үздіксіз білім алу концепциясын дайындауды тапсырды. Концепция бейресми білім берудің балама нұсқаларын белсенді енгізу, өз бетінше оқыту нәтижелерін тану, кәсіби дағдыларды сертификаттау мәселелерін қамтиды. Нәтижесінде, азаматтардың сауаттылық деңгейі мен цифрлық білімі артады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы кәсіптік білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға қайта бағдарлау керектігін айтты. Бұл бағытта дуальды оқыту жүйесі мен «Жас маман» жобасы жүзеге асып жатқанын, дегенмен жастарды жұмыспен қамту және экономиканы әртараптандыру үшін кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту бойынша түбегейлі шешімдер қабылдау қажеттігін жеткізді. Отандық білім беру жүйесінің басты мақсаттарының бірі – жоғары және жоғары білімнен кейінгі кәсіби білікті мамандар даярлауды халықаралық білім беру стандарттарына сәйкестендіру.
Жолдауда айтылған тың бастаманың бірі – алдағы уақытта елімізде кәсіпкерлер- дің жаңа толқынын дайындауға ерекше екпін түсіріледі. Оның бастамасы ретінде білім берудің барлық деңгейлерінде – мектептерден жоғары оқу орындарына дейін «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылады. Ал бүгінде ел игілігі үшін еңбектеніп жүрген кәсіпкерлерді Президент білім саласына инвестиция салуға шақырып, мемлекеттің күшімен ғана білім саласының алдында тұрған барлық міндеттерді шешудің мүмкін еместігін жасырмай айтты. Расында да, жаппай кәсіпкерліктің дамуы тұрақты жұмыс көзінің ашылуына, жұмыссыздық көрсеткішінің төмендеуіне, салық базасы мен жергілікті бюджеттің нығаюына оң әсер ететіні баршамызға аян.
– Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көтеру жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді, – деді Мемлекет басшысы.
Елімізде алғаш қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» құқықтық құжат мұғалімдердің мәртебесін арттыру, әлеуметтік кепілдіктер жүйесіне жол аша отырып, білім саласында еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде тәлімгерлік жасаған ұстаздарға 1 айлық көлемінде қосымша ақы төлене бастайды. Сонымен бірге дәптер тексергені үшін және сынып жетекшілігі үшін ұстаздарға төленетін қосымша төлемақылардың да мөлшері 2 есеге өсті. Сондай-ақ магистрлік дәрежесі үшін мұғалімдер 27 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақы алуда. Мұның барлығы да Президент сөзімен айтсақ, азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған батыл қадамдар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында өзіміз күткендей дағдарысты еңсеру жолдарына барынша назар аударылған. Президент осы мақсатта жаңа экономикалық курстың негізгі жеті бағытын айқындап берді. Оның ішінде өндірісті дамытуға қатысты өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану аса маңызды міндет екенін атап өтті. Ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін толыққанды жүзеге асыра алмай келе жатқанымызды айтқан Президент тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажеттігін жеткізді. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды. Сонда ғана ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттырып, дағдарысты еңсеретін боламыз. Ал бұрынғысынша өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығын шетелден таси беретін болсақ, алға жылжымайтынымыз белгілі. Тағы бір мәселе – мемлекет қаржысын үнемдеу, оны барынша тиімді пайдалану жағына назар аударылғаны. Квазимемлекеттік сектордағы пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын таппақ. Сонымен қатар өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шаралары жетілмегендігі, бұл бағытта жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ екені де айтылды. Салдарынан еліміз бойынша сансыз көп жобаға ысырап болуда. Сол үшін өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заң жобасын әзірлеу тапсырылды. Ауылдық округтер кірісін ұлғайтып, мүліктік құқығын кеңейтіледі. Ол үшін жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін күшейту қажет. Президент жергілікті жерде бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейтінін айрықша атады. Сондай-ақ бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудырып жатқанын келтірді. Сондықтан да жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет.
Жолдауда елдің даму деңгейін арттыру мен тұрмыс сапасын жақсартудың нақты бағыттарын айқындап берді.
– Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу, – деді Президент. Осы бағытта нақты тапсырмалар да берді. Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың нәтижесінде миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны үлестірілді. Сондай-ақ Жолдауда мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатындығы айтылды. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Бұл қолдау да дер уақытында қабылданған шешім деп ойлаймын. Жолдауда барлық сала бойынша дамудың нақты жоспары көрсетілді. Ең бастысы, елімізде әрбір сала бойынша оң өзгерістер жасалмақ. Ал нақты жоспар, болашаққа басқаша бетбұрыс жаңа жетістіктерге жетелейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған осы Жолдауында еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік даму бағытында көптеген келелі мәселелер қамтылды. Расын айту керек, бірқатар қиындық туындап, кедергілер кездесті. Мұндай келеңсіз көрініс кәсіпкерлік саласын да айналып өте қойған жоқ. Іскер азаматтар да өз ісінде айтарлықтай зардап шекті. Бұған кәсіп ашу үшін алынған несиелер, өзге де төлемдер көп кедергісін келтірді. Әсіресе, ол жұмысы толық қосылмаған кәсіпкерлер үшін айтарлықтай проблемаға айналды. Жолдауды мұқият оқып шықсақ, Мемлекет басшысының бұл саланы қолдауға қатысты қабылдаған шешімдері мен Үкіметке берген тапсырмаларын бізге жасалған үлкен қолдау деп білемін. Ендігі кезекте отандық өнім өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетілмек. Ол үшін Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына нақты механизм қалыптастыру жөнінде міндеттер жүктелді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге жұмыс жасауға кедергі келтіру өте ауыр қылмыс ретінде қаралатынын да жеткізді. Ол үшін арнайы нормативтік құжат әзірленеді. Әсіресе Президенттің осы орайда айтқан шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктіруді белсенді жүргізу керек деген ұсынысы көңілден шықты. Сондай-ақ алдағы уақытта агроөнеркәсіпті дамытуға арналған 5 жылдық мемлекеттік бағдарлама қабылданатыны да қуантады. Президент кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдаудың арқасында 2025 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға жетуі қажеттігін, осы бағытта жұмыс жасау керектігін баса айтты. Бағыт айқындалып, тапсырма берілді. Енді оны жүзеге асыру мақсатында жұмыс жүргізу ғана керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауыл шаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бірқатар бастама көтерді.
– Еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек. Олар: игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі; жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі; әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу; өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру; адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту; «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау; мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу, – деді аталған Жолдауда Мемлекет басшысы. Президент білімнің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығы мен денсаулық сақтау саласын дамыту жайында айта келіп, отбасылық-демографиялық жағдайына және балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді.
Мемлекет басшысының пікірінше, заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейінше, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір аспектісін табысты жүзеге асыру мүмкін емес. Алдымызда мемлекеттің азаматтарға қызмет етуінің жаңа стандарттарын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыстар бар. Бұл істе маңызды рөл атқаратын құқық қорғау органдары мен сот жүйесін үлкен реформалар күтіп тұр.
– Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша қылмыспен күрес саласын жаңғыртқан жөн. Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің аражігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын. Тағы да қайталап айтамын, заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуге тиіс. Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жолдауда ұлттық бәсекелестікке қол жеткізуде цифрландыру ісі барлық реформалардың негізгі тетігі мен басты құралына айналатыны айтылған. Бұл тұрғыда саяси реформалар мемлекетті басқаруға азаматтарды көптеп тартуға бағытталуы керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру.
– Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсысымызға байланысты. Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ. Әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған. Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Бір атап өтерлігі, осы жолғы құжатта еліміздің әлемдік дағдарыс жағдайындағы алда тұрған міндеттерді нақтылы атап көрсетілуі Қазақстанның болашағына деген сенімді нығайта түсті. Жер мәселесі біраз жылдардан бері түрлі саяси ойындардың ошағына айналғаны да жасырын емес. Енді міне, қазақ жері өзімдікі деп сол жерге барынша жанашырлықпен және мейлінше жауапкершілікпен қарайтын кез келді.
– Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек», – дей келе Президент елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыру керектігін қадап айтты.
Расында да, Қазақстанның жер жағдайында осы өнімдерге деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдік нарыққа да батыл қадам жасауға болар еді. Ендігі мәселе осы істі ұйымдастыруда болып отыр. Осыған орай Президенттің вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдалану және жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алатынын ескеріп, оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек деген ойын жүзеге асырудың зор маңызы бар деп санаймыз.
– Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды, – деп Мемлекет басшысы басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отырғанын ашық айтты.
Әлі де болса, ауыл еңбеккерлерінің ауыр да бейнетті жұмыстары тым арзан бағаланып жүргенін және осы саладағы табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенелетіні елімізде нарықтық экономика басталғалы айтылып келе жатқаны анық. Бұл мәселе де Жолдауда айтылмай қалған жоқ. Сонымен қатар Мемлекет басшысы: «Субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет», – дей келе, келешекте агроөнеркәсіп нақтылы бір жоспармен дамитындай болса, осы салаға бөлініп жатқан қаржы мен түрлі ресурстардың жұмсалуын қатаң бақылау мүмкіндігі туралы да да сөз қозғады.
Жалғыз қазақ халқының ғана емес, жалпы адамзаттың тағдыры тарих таразысында тұрған осы бір өләра тұста ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылымына кейбір өзгерістер енгізу жөніндегі нақтылы ұсыныстары көңілден шықты. Әсіресе мемлекеттік аппаратты ықшамдау қажеттілігі бұрыннан туындаған мәселе болатын. Бұл орайда министрліктердегі жауапты хатшылар институтына Президент арнайы тоқталды.
Ел Президентінің Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Мұндағы барлық бағыттың дамуы ел тағдыры үшін маңызды. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа құжат ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын көрсетіп бергендей. Ел Президенті қарапайым еңбек адамының, зейнеткерлердің, мемлекеттік қызметкерлер мен білім-ғылым саласындағы еңбек етіп жүрген ғалымдардың, қала берді мемлекеттік басшылықта отырған депутаттар мен министрлердің, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әрқайсысының міндетін, қызметіндегі өзгерістер мен жаңалықтарды санамалап айтып өтті. Әсіресе соңғы уақыт көлемінде денсаулық саласы қызметкерлерінің еңбегінің бағалануы керектігін, соған орай әлеуметтік көмектің тағайындалуын тапсырды.
Қандай заман, қай қоғам болмасын білім алуды ешқашан шетке ысырып қойған емес. Осыны жете түсінген Қасым-Жомарт Кемелұлы басты назарды жасөспірімдердің спорт пен шығармашылық тұрғыда білім алуына жағдай жасауға жұмсауды, әрбір жас бүлдіршінге мектепке дейінгі оқу-тәрбие берілуі керектігін, балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру орындарын көбейту үшін жұмыс жүргізуді тапсырды. Қазіргідей жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетінін де жасырмады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құнды құжатта ұлттың жаңа болмысы жайлы орынды сөз қозғады.
– Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын, – деген Президент өз сөзінде ұлтымызды жаңа сапаға көтеру үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек деген ой тастайды.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген өлмес қағидасын алға тартуы да тегін емес еді. Өйткені осы күні баршамызға ел тағдырынан қымбат құндылық жоқ.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ