Әлеуметтік саладағы өзгерістер

  ӨКҚ алаңында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Айдынжан Нарматов баспасөз брифинг өткізді. Ол 1 қаңтардан бастап, барлық зейнеткерлерге жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7%-ға артып, бұл ретте зейнетақының ең төменгі мөлшері 46 302 теңгені құрайтынын жеткізді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

– Заңға сәйкес 2022 жылы айлық есептік көрсеткіш 5%-ға индекстеліп, оның мөлшері 3063 теңгені құрайтын болады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгеге дейін өседі, яғни (5%). Мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің және айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюына байланысты жыл сайын индексация жасалады. Жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қалыптасқан зейнеткерлерге жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері алынатын мөлшерден 7% – ға арттырылады, бұл ретте зейнетақының ең төменгі мөлшері 46 302 теңгені құрайды. ЕТК-тің ұлғаюына байланысты мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 5% – ға артады, бұл ретте оның ең төмен мөлшері 19 450 теңгені, ең жоғары мөлшері – 36 018 теңге. Ал жаңадан тағайындалатын зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс келесі жылы 140 898 теңгені (46 АЕК) құрайды – деді ол.

Брифинг барысында айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюымен мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақы өсетіні де айтылды. Мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің еселенген мөлшерімен есептеледі. 2022 жылдан бастап ұлғайту 34 600 -дан астам мүгедектігі бар адамдардың, асыраушысынан айырылған 11 300 отбасының және 114 850 астам базалық зейнетақы алушының жәрдемақысына әсер етеді. Және жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 126 798 алушысы үшін 7 пайызға артады, яғни 2022 жылы 1 қаңтардан бастап облыс бойынша 367 122 төлем алушыларға төлем мөлшері арттырылып, еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерде 5%-ға арттырылады екен.

Ал 2018 – 2027 жылдар аралығындағы 10 жыл ішінде жыл сайын жарты жылдан қосу арқылы әйелдердің зейнеткерлік жасын 63-ке жеткізу көзделген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағына сәйкес биылғы жылы әйелдер зейнеткерлікке 60 жастан шығуда.

– Аталған заң талабы бойынша 2022 жылы 1 қаңтардан бастап бұл көрсеткіш 60 жас 6 айды құрайтын болады. Осы орайда 1961 жылдың екінші жартысында дүниеге келген әйелдердің жыл аяғына дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға жүгініп үлгеруі қажет екенін назарларына жеткізгіміз келеді. Желтоқсан айының соңына дейін жүгініп үлгермеген жағдайда, зейнеткерлікке шығу құқығына 60 жарым жасқа толғанда ғана ие бола алады. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕТЖ мөлшері ағымдағы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылатын болады. Осылайша ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі 41%-ды құрайды – деді Айдынжан Нарматов.
Сонымен қатар еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндеттеледі. Бұл шара барлық саладағы әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдардың ақшалай табысының өсуіне алып келеді.

Осы орайда елімізде мүгедектігі бар адамдардың жағдайы да жақсармақ. Бұрын мүгедек балалар және бала кезінен мүгедек жандар өз таңдауы бойынша бір жәрдемақы алатын. Енді, аталған Заңға сәйкес 1-ші топтағы мүгедек балалар және бала кезінен мүгедек адамдар, екі әлеуметтік төлемді қатар алатын болды. Олар – мүгедектігі бойынша төлем және ата-анасының (асыраушысының) біреуі қайтыс болған жағдайда, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы. Біздің облыста 300-ге жуық 1-ші топтағы мүгедек бала мен бала кезінен мүгедек жандар осы екі жәрдемақыны қатар ала алады.

Comments (0)
Add Comment