Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың басшылығымен апта сайын қоғамдық қабылдау ұйымдастырылуда. Кезекті қабылдау №7 аумақтық округіне қарасты «Дос-Нар» сауда орталығының маңында өтті.
Сәндібек ПІРЕНОВ Суретті түсірген С.АБЖАПАРОВ
Әрине, қалада жыл сайын ілкімді жобалар жүзеге асып, қордаланған мәселелер уақыт сәтімен оң шешімін табуда. Әсіресе, соңғы жылдары шаһардың әлеуметтік-экономикалық жағынан өрістеуіне ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Бірақ әкімнің қабылдауына келген тұрғындардың кезегіне қарап, әлеуметтік мәселелердің әлі де алдыңғы қатарда тұрғанын білуге болады. Соның ішінде тұрғын үй мәселесі бойынша қайырылған көпбалалы, жалғызбасты аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың қатары көп болды. Мысалы, бес бала тәрбиелеп отырған қала тұрғыны Фатима Сарбасова пәтер кезегіне 2010 жылы құжаттарын тапсырыпты.
– Үй кезегінде тұрғаныма он жылдан асты. Былтыр сол тізім бойынша 1800-ші едім. Биыл кезек жылжымады. Үлкен балам он екі жаста, кенжем үшке енді толды. Осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрып келеміз. Тіпті арендалық үйге тұрудың ауылы алыс болды. Иә, 58 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алып отырмыз. Бірақ ол да жақын арада тоқтайды, – деп көзіне жас алды.
Тұрғынның сөзін мұқият тыңдаған Ержан Жұматұлы биыл қазан айында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 15 үй пайдалануға берілетінін айтты. Бірақ жоба бойынша үй толығымен салынып біткен соң, шешім әкімнің емес, комиссияның шешімімен қаралады екен. Яғни аталмыш үйлер шын мұқтаж жандарға беріледі.
Әрине, қабылдауға келген тұрғындардың қатарында тек жеке басының қамын емес, қаланың шырайын ашу бағытындағы мәселелерді көтергендер болды. Солардың бірі – Нұрила Тәжікова. Ол 10-шы мөлтек аудандағы көппәтерлі үйлер мен аялдамалардың заңсыз жарнамалардан көз ашпай келе жатқанын айтып, Тараз қаласының прокуроры Жамбыл Сматовтан аталған аумақтағы бейберекетсіздікті түбегейлі шешіп беруін сұрады.
– Біз қабылдауға алып келген 50-ге жуық жапсырма қағаздар тек бір ғана үйдің подъездерінен алынды. Ал ондағы үйдің іргелері, орындықтарын айтпағанда, қоқыс жәшігіне жапсырылған қағаздарды да көрдік. Олардың көбі 95, 130 мың теңге жалақыға жұмыс ұсыныпты. Мейлі, жапсырсын. Бірақ сол ұсынған жұмыстардың барлығы дерлік қаржы пирамидасы секілді. Жарнамада көрсетілген жалақыны ешкім ұсынбайды, – деді Нұрила Тәжікова.
Бірінші сұрақ бойынша Жамбыл Сматов қаланың көркін қашырған жабайы жарнамаларды ретке келтіруде тиісті шара қабылданатынын жеткізді.
– Қала тазалығы бойынша мәселе түсінікті, бұған полиция қызметкерлері барынша атсалысады. Ал қаржы пирамидалары бойынша Полиция департаменті профилактикалық бейнероликтер дайындап, ғаламтор мен БАҚ-та жиі жариялап тұрады. Рас, қазіргі уақытта әлеуметтік желіде барлығын бақылап отыра алмаймыз. Бірақ алаяқтықпен айналысып жүргендерге қатысты арыз түссе, бірден іске кірісіп, мәселені анықтаймыз. Сол секілді қазір сіз ұсынған қағаздағы жарнама бойынша ешкімнен арыз түскен жоқ, – деді Жамбыл Сматов.
Жалпы қоғамдық қабылдауға 60-қа жуық қала тұрғыны келіп, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Сауалдардың 70 пайызы тұрғын үй, коммуналдық шаруашылыққа байланысты болса, 20 пайызы әлеуметтік, ал қалған 10 пайызы басқа да өзекті мәселелер екен. Енді әкімдік тарапынан қоғамдық қабылдауға қайырылған тұрғындардың мәселелері бойынша кері байланыс орнатылып, комиссия құрылып, ұсыныс-талаптар зерделенбек.