Әлеуметтік көмектің жаңа механизмі қандай?

Жаңа атаулы әлеуметтік көмек отбасылық кіріске қарамастан барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі.

Арайлым Бақытжанқызы

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет алдына атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тетігін, оның ашықтығын, әділдігін және еңбекке деген ынтаны қамтамасыз ету мақсатында түзету, сондай-ақ табысы төмен отбасылардағы балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы енгізу қажеттігі туралы нақты міндет қойды. Осыған орай, Халықты жұмыспен қамту орталығында қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен жиын өтті. Онда қала бойынша 11 округтің инспекторлары шақырылып, АӘК-тің жаңа бағыттары түсіндірілді. Алдымен сөз алған бөлім басшысы Гаухар Олжабаева 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін өзгерістердің бірқатарын ортаға салды.
– Министрлік АӘК берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын әзірледі. Басты бағыт еңбекке ынталандыру, табысы аз азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету болып табылады. Ұсынылған шараларды кешенді қарау қажет. Сондықтан ұсынылып отырған жаңа ұстанымдар – көпбалалы аналарды қолдауды, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмекті, кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын болады, – деді Гаухар Елубайқызы.
Жалпы бөлімнің берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, табысы аз отбасы балаларының 50 пайызға жуығы көпбалалы отбасынан шыққан. Осыған байланысты АӘК алушы көпбалалы отбасылар құрамынан балаларды шығарып, оларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыру қажеттілігі көрсетілген. Бұл көпбалалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-ауқатын арттыруға әкелетін жол болады. Көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы отбасы балаларының санына қарай 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін сараланып отыр. Ал екінші жағдай бойынша АӘК өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс. Осыған байланысты негізгі тетіктер де ұсынылыпты.
Сонымен қатар мемлекеттік атаулы көмек туралы заңды табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілді әлеуметтік топтаманы енгізумен кеңейтілетін болады. Мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етілетін болады. Ал оқушы балалар үшін мектептерде тегін ыстық тамақ, күнделікті мектепке дейін және кері тегін жол жүру, сондай-ақ мектеп формасы мен оқу құралдары мемлекет есебінен берілетін болады. Осылайша, АӘК-тің қолданыстағы тетігі түзетілетін болады. Көпбалалы отбасылар мемлекет қорғауында болып қала бермек. Егер көпбалалы отбасы жаңа жәрдемақыны ала отырып, табысы аз адамдар мәртебесінде қала беретін болса, ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес оған жаңа принциптерде құрылған, өзіне атаулы әлеуметтік көмек пен кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын АӘК тағайындалатын болады. Аталған заң жобасы табысы аз азаматтарға көмек көрсетудің атаулылығын, айқындылығын және әділдігін қамтамасыз етуге, оларға еңбекке жаңа ынталандырулар беруге тиіс, нәтижесінде мемлекеттік қолдау шынайы мұқтаж адамдарға көмектесетін болады.

Comments (0)
Add Comment