Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел дамуының алдағы уақыттағы басым бағыттарын жүйелі түрде белгілеп берді. Сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтуға және әділетті мемлекет құрудағы саяси реформаларға қатысты халықтың назарында жүрген мәселелер айқындалды. Сондықтан да Президенттің биылғы Жолдауы – қолдауға толық лайық.
Ел экономикасындағы қиыншылықтар мен одан шығудың жолдарын ұсына отырып, салық төңірегінде, инвестиция, кәсіп бастау, мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйелері, мемлекеттік қаржының талан-таражға салынбауы, тағы басқа мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді. Балабақша, тәрбиешілердің жалақысын көбейту, ұстаздар мәртебесін арттырудағы тапсырмалардың жалғасын табуы да назардан тыс қалмады. Жолдаудағы қуанышты хабардың бірі – 18 жасқа дейінгі балалардың шотына Ұлттық қордың инвестициялық табысынан келер жылдан бастап ақша түсуі. Яғни енді «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады. Бұл дегеніңіз жастарды қолдауға, демографияны жаңғыртуға таптырмайтын мүмкіндік.
«Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ, ұлт мүддесі үшін біріге отырып, әділетті қоғам құруда бірлесе жұмыс жүргізу керек», – деген Президент сөзі өте құптарлық. Бұдан бөлек, қаңтар оқиғасына қатысқан азаматтарға рақымшылық жариялануы жұртшылықты қуантты.
Әрине елдің бірлігін сақтап, ынтымаққа негізделген берекелі қоғам құру қолымызда. Сол үшін Жолдаудың жүзеге асырылуына атсалысу аса маңызды.
Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі бойынша пікірталастар болып жатқаны Президенттің де құлағына жеткен тәрізді. Елдің ынтымағы мен бірлігін басты назарда ұстайтын Президент ол туралы да нақтылап берді. «Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы бұл туралы.
Білім мен ғылым саласы қызметкерлерінің жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісін әрі қарай жетілдіріп, экономиканың сапалы дамуына ықпал жасауымыз керек. Демек, Жолдау бізге зор жауапкершілік жүктейді.
Президент өз Жолдауында: «Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл- еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ», – деп ұлттың ұйысуы үшін бірлік- берекенің қажет екендігін қайталауы тектен-тек емес. Ынтымақ болса еліміз өркендеп, дами бермек. Ел мен жердің тағдыры, ұлттың болашағы – өз қолымызда.
Жолдауда өзге де көптеген бастамалар көтеріліп, нақты міндеттер қойылды. Ол үшін Жолдауды насихаттауға, қалың жұртшылыққа түсіндіруге байланысты кең көлемде жұмыс жүргізуіміз тиіс.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін нақты шараларды да назардан тыс қалдырған жоқ. Әсіресе үш маңызды тірекке ерекше мән берілді. Олар: күшті Президент, ықпалды Парламент, естуші Үкімет. Осы Жолдауда қаржы көздерін іздеу, оларды тиімді игеру, инвесторлар тарту, сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешу және оған жол берген заңды және жеке тұлғалардан өндірілген айыппұлдарды білім беру мақсаттарына бағыттау мәселелері де назарға алынды. Сондай-ақ Президент Еуропа мен Азияны байланыстыратын мемлекетіміздің географиялық ерекшелігін ұтымды пайдалану қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар ішкі мәселелер, яғни азық-түлік бағасы және әйелдердің зейнеткерлік жасының тұрақтылығы біздің болашаққа деген сенімімізді нығайта түсері анық.
Луиза НАҒАШЫБАЕВА, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің «журналистика» мамандығының 2-курс студенті