Әлеуеті зор әлеуметтік бастама

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған бес əлеуметтік бастамасы аясында өңірде сала-сала бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде баспана, студенттердің жатақханасы, елді мекендерді газдандыру және ауыл шаруашылығындағы түйіні тарқамаған мәселелер өз шешімдерін тауып келеді. Осы орайда, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен бес әлеуметтік бастаманың орындалуы бойынша облыстық тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҚЕАҚ тапсырысы аясында ұйымдастырылған шараға облыс әкімдігі басқарма басшыларының орынбасарлары, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, аудандық, қалалық жастар ресурстық орталықтарының директорлары мен белсенді жастар қатысты. Басқосуда «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастан бес әлеуметтік бастаманың елімізде іске асырылу барысына мониторингтік жұмыстар жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етіп, халықты толғандыратын проблемалық мәселелерді анықтау және оның шешу жолдары бойынша мемлекеттік органдармен тиісті шаралар қабылданып отырғанына тоқталды.
Сондай-ақ басқосуда алғаш болып Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Дилья Сөгжанова бес әлеуметтік бастаманың бірінші бастамасы бойынша хабарлама жасап, бүгінгі күні облыс орталығында «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша Сүлейменов көшесінің соңынан соғылған 15 ықшам ауданда жəне «Арай-2» алқабында пəтерлер сатылып жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша 400-ге жуық тұрғын басыбайлы баспанасына қол жеткізіп үлгерген. Сондай-ақ сала маманы «Бақытты отбасы» кешенді бағдарламасы жасақталып, 300 азаматтың құжаты мақұлданғанын хабарлады. Өз кезегінде екінші бастама бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстарын жүргізу басқармасының басшысы Өмірзақ Қоспанов атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, бұл бастамада жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту ұсынылғанын атап өтті.
Сондай-ақ конференцияда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында облыста бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын мәлімдеді.
– Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында инвесторлармен айтарлықтай жұмыс жүргіздік. Сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жиналыстар өтіп, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғам тарапынан мамандар кездесулер ұйымдастырылды. Елбасының аталған Үндеуіндегі мақсат-міндеттер бойынша М.Х.Дулати атындағы ТарМУ тарапынан 500 орындық жатақхана салу жоспарланып, бүгінде оның құрылысы басталып кетті. ТарМПУ бойынша жатақхананың жобасы дайын. Тек оны салатын жер мәселесі шешілсе болды. Ол да әне-міне шешіліп қалу қажет. Сондай-ақ ТИГУ бұрынғы «Тараз» қонақ үйін сатып алу арқылы жатақхана мәселесін түбегейлі шешкелі отыр. Яғни аталған қонақ үйді 500 студентке шақтап, ғимаратқа жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Сәтін салса, ол жатақхананың құрылысы осы айда бітеді. Ал колледждерге келетін болсақ, облыс орталығында Жамбыл медициналық колледжі мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі жатақхананы қажет етеді. Нақтырақ айтқанда, аталған екі колледжге 650 орындық жатақхана қажет. Бүгінде ол мәселені шешу үшін инвесторлармен жер мәселесі мен қаржы мәселесін шешу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Демек, аталған жұмыстар келесі жылы басталып, жаңа оқу жылына дейін бітуі керек. Сондай-ақ Меркі ауданындағы №9 колледжге де 100 орындық жатақхана салу қажет. Қазіргі таңда инвестор табылып қойды. Енді жер мәселесі шешілсе, жұмыстар басталмақ. Мұндағы жұмыс та жаңа оқу жылына дейін толық аяқталуы тиіс. Демек, келер жылы колледждерде екі жатақхана пайдалануға берілетін болады, – деді Талғат Салқанұлы.
Сонымен қатар жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы газдандыру бөлімінің басшысы Бақтыбай Қырықбаевтар тиісінше әлеуметтік бастаманың 4-5 бастамалары бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың есебін берді. Сондай-ақ шараға қатысушылар баяндамашыларға сұрақтарын қойып, нақты жауаптар ала білді.

Comments (0)
Add Comment