Үлестік құрылыс туралы не білген жөн?

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі белең алып тұрған бұл күнде үлестік құрылыс саласын реттеудің өзектілігі расымен де арта түсті. Жаңа жылжымайтын мүлікке сұраныс артқан сайын тұрғын үй сегментіндегі заңды айналып өтетін жосықсыз ұсыныстар да көбейген.

Қалалардағы жаппай үдеріс жұртшылықтың жайлы да қолайлы баспанаға көбірек ден қоятынын көрсетеді. Тұрғындар негізінен мектеп пен балабақшадан, емхана мен сауда үйінен қол созым жерге қоныстанғысы келеді. Әдетте көппәтерлі тұрғын үй кешендері осындай ыңғайлы ортада менмұндалап тұратыны белгілі. Сол үшін де баспаналы болуды армандайтын әрбір азамат пәтер сатып алудың оңтайлы тетіктерін талдап-таразылауға асығады. Бірі үй алуға жылдар бойы қаражат жинаса, енді бірі несие рәсімдейді. Бұл ретте баспана мәселесін үй құрылысына үлестік қатысу тәсілі арқылы шешу ел тұрғындары арасында кеңінен тарап отыр.
Қазақстандағы үлестік құрылыс – жылжымайтын мүлік нарығының өсуі және азаматтардың оған мұқтаждығын ескеретін болсақ, бұл кеңінен таралған тәжірибе. Үлескерлік құрылыстың бірқатар артықшылығы бар, олардың бастысы қайталама тұрғын үймен салыстырғанда бағасы төмен болып табылады. Сонымен қатар белгілі бір тәуекелдер бар. Мысалы, тікелей тұрғын үй құрылысының бітуін ұзақ күту немесе шартты рәсімдеу кезінде құрылыс салушының (уәкілетті компанияның) алдауы немесе күткендей болмауы. Бұл мақалада сіз жылжымайтын мүлікті үлестік құрылыс арқылы сатып алу кезінде күтпеген жағдайлардан аулақ болу үшін қандай сақтық шараларын қолдану керектігін біле аласыз.
Жамбыл облысының әкімі Н.М.Нұржігітовтің 30.05.2023 №97 қаулысымен Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 7 сәуірдегі «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» № 486-V ҚРЗ Заңының 6-бабына сәйкес, «облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының» Ережесіне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы (үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаттар беру, үлескерлердің ақшасын тартуға берілген рұқсаттардың есебін жүргізу, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру және т.б.) құзыреттер бойынша толықтырулар енгізілді.
Үлескерлерден ақша тартудың бұл түрі тұрғын үй қатынастары саласындағы қолданыстағы заңнамаға қайшы келетіні көрсетілген. Үлескерлерден ақша тарту «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (әрі қарай – Заң) 7-бабының 1-тармағына сәйкес үш әдіспен жүзеге асырылады:
1) бірыңғай оператордың кепілдігін алу;
2) екінші деңгейдегі банк жобасына қатысу;
3) көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын орнатқаннан кейін үлескерлерден ақша тарту.
2. Көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы үшін осы бапта көзделмеген өзге де тәсілдермен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынады.
Заңның 23-бабына сәйкес, құрылыс салушы және (немесе) уәкілетті компания тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар Бірыңғай оператормен кепілдік беру туралы шарт жасалғаннан немесе жергілікті атқарушы орган үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат бергеннен кейін ғана жасалатындығын көрсете отырып, көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жобасының жарнамасын жүзеге асыруға құқылы. Жарнамада құрылыс салушы және уәкілетті компания туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
Жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен құрылыс нысанын салу барысында «Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру» мемлекеттік қызметін алмай, әлеуметтік сайттарда көппәтерлі тұрғын үйлерді сату бойынша жарнамалау жұмыстарын жүргізген жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабына сәйкес, сот органының шешімімен айыппұл салуға алып келеді.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қаты- су – тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа негізделген қатынастары. Қарапайым сөзбен айтқанда, сіз ақша төлейсіз, ал сізге тұрғын үй салып беріледі.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт – уәкілетті компания мен үлескер арасында жасалатын, тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға байланысты құқықтық қатынастарын реттейтін шарт. Бұл шартта бір Тарап көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталғаннан кейін екінші Тарапқа көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беруге, ал екінші Тарап – көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті төлеуге және қабылдауға міндеттенеді.
Үлескер – көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті алу мақсатында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасасқан жеке тұлға (уақытша болатын шетелдіктерді қоспағанда) немесе заңды тұлға.
Осы Заңның 12-бабында қарастырылғандай, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар, сондай-ақ талап ету құқығын басқаға беру туралы шарт тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып, уәкілетті компанияның ұсынысы бойынша көппәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда есепке алуға жатады.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты есепке алу уәкілетті орган бекіткен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды, сондай-ақ олар бойынша талап ету құқығын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Сондай-ақ осы Заңның 3-бабына сәйкес, Заң бір тарап көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуді және құрылыс аяқталған соң, екінші тарапқа көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлерді немесе тұрғын емес үй-жайларды беруге міндеттенетін, ал екінші тарап төлем жүргізуге және көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлерді немесе тұрғын емес үй-жайларды қабылдауға міндеттенетін қатынастарға қолданылады.
Заңның 18-бабына сәйкес, уәкілетті компания үлескерлердің ақшасын тартуды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатының негізінде жүзеге асырады.
Қосымша ақпарат қажет болған жағдайда, мына мекенжай бойынша (Төле би №35 «А», байланыс нөмірі: 8 (7262) 43-78-80, 43-47-82) ақпарат алуға болады.

Айтқазы Қарабалаев,
Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы
басқармасының басшысы

Comments (0)
Add Comment