Адам баласына құрсақтағы перзентіне бар әлемнің жарығын тарту еткен аяулы анадан артық жақын жоқ шығар, сірә. Дүниедегі тіршілік атаулының бәрі де алдымен анаға тағзым етеді. Ана – құдірет, ана – асыл қасиеттердің бастауы. Жердің бетін жеті айналып өтсе де, аналарының аялы алақанынан тараған жылуға шөлеркеуді терең перзенттік сезімге балаған тұлғаларымыз арулар мерекесі қарсаңында өз аналары жайлы мөлдір естеліктерімен бөлісті.
Айдархан Қалиев,
«Асыл дизайн» сән үйінің директоры:
«Анама мәңгі қарыздармын»
– Мен үлкен жанұяда өмірге келгенмін. Отбасында бес қыз, үш ұлмыз. Алдымдағы аға-әпкелерімнің алдында еркелеп, ең кенжесі болып өстім. Сол себепті де әке-шешем менен бар жақсысын аямаған. Мен өз анамды заманының қаһарманына балаймын. Ес біліп, етек жиғанша анам тағдырдан түрлі теперіш көрген. Өмірдің асау ағынымен, тіршіліктің тулаған толқынымен арпалысып жүріп, көзі тірісінде анамның қадір-қасиетін ұғына алмай қалған жоқпын ба деп жиі толғанатын болып жүрмін. Анам менің тәрбиеме тікелей араласқан адам. Анам өмірден өткелі тоғыз жыл. Осы тоғыз жыл ішінде таңғы астан кейін анамды еске алып, құран бағыштамаған кезім некен-саяқ. Кеңестің қысылтаяң шағында қалтаның жұқа, жағдайдың аса мәз еместігіне қарамастан, мені өнерге баулыды. Қазір қарап отырсам таң қаламын. Арқа басымыз кеңейіп, мүмкіндіктер молайған шақтың өзінде балаларымызға дұрыс көңіл бөле алмай жатамыз. Уақыт дейміз, қаражат дейміз. Басқа да мың түрлі сылтау ойлап табамыз. Ал менің анам жастайымнан өнерді сүюіме, ынтамның ашылуына, еңбекпен алға басуыма себепкер болған жалғыз адам. Бетімнен қақпаған, белімнен буып, бүгінгі кәсібімдегі алғашқы қадамдарды қаймықпай басуға мұрындық болды. Мен ол үшін осы аяулы адамға мәңгілік қарыздармын.
Анам Асыл Әбденқызы ауқатты әулеттің қызы болған. Әкесі Естемес жасы ұлғайған шақта татардың 15 жастағы жас қызына ғашық болып, өмірге менің анам келген екен. Алайда тағдыр анамды өз анасынан ерте айырған. Жастайынан жетім қалған анам бәйбішелердің қолында өскен. Бойжеткен шағына дейін жетімдіктің зардабын көріп келген анамның біз ержеткенде, «менде төркін жоқ, төркінім – осы сегіз балам» деп мені құшақтап жылағаны есімнен кетпейді. Осы себепті де шешем бойындағы бар махаббатын біздерге, құрсағынан шыққан сегіз балаға арнаған. Қызығы, бауырларымның ешқайсысы ана махаббатынан кенде болмаған. Шешем барлығына айрықша көңіл бөлген, бірде-біреуін назарынан тыс қалдырмаған. Өзі бай-манаптың қызы болғандықтан болар, анам сәнді киінгенді ұнататын. Қамзолға сәйкес орамал, ішінен лайықты көйлек киіп, біздің бойымызға киімге келгенде талғампаздық, эстетикалық қасиеттерді сіңдірді. Маталардың атауларын, олардың зерлі оюлары мен тігістерін көзімді ашқан күннен бастап танып, қызығып өстім. Дизайнер ретіндегі жеткен жетістігімнің қайнар көзі, алтын бастауы да – анам деп қуана айта аламын. Әлі күнге дейін жадымда қалғаны, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы қысылтаяңға қарамай, мені бес жылға музыка мектебіне берді. Бейнелеу өнері үйірмесіне де өзі жетектеп апаратын.
Шындығында, бірнеше брендке анамның есімін бергенімізбен, оның біз үшін жасаған толағай еңбегін ақтау мүмкін еместей көрінеді. Анам өмірінің соңында бала-шағасы, немере-шөберелерінің ортасында арқа-жарқа болып күн кешті. Жастайынан көрген кем-кетіктің орнын балалары, біздер толтыра алдық па, білмеймін. 1993 жылы «Асыл дизайн» сән үйін ашқан шағымда бір мезет те ойланбай, осы кішігірім бизнесімді анамның атымен атауды ұйғардым. Бертін келе, компания өмірге әкелген иіссуға да анамның есімі шартарапты шарласын деген ниетпен «Асыл» деген атау бердім. Иіссудың Италияның Милан қаласында өткен презентациясында журналистер «Асыл» деген сөздің мағынасын сұрады. Анамның есімі екенін айтқанымда қатты таңырқады. Себебі Еуропада мұндай үрдістер кездесе бермейді. Сонда мен өз шығармашылығымның негізгі өзегі тарихи Тараз бен Ұлы даламыздың сұлу табиғаты хақында екенін атап өттім. Менің анам осы Ұлы даланың ең сұлу, ең текті, сүйегі асыл аруы болғанын баяндап бердім. Кейін айтқан сөзімді санамда сараптап көрсем, мүлде қателеспеппін. Орта Азияда адамның атымен аталған иіссуды алғаш болып өндірген мен екенмін. Бұл үрдіс менің ізімнен еріп келе жатқан жастарға үлгі болса екен деймін. Мына байтақ ғаламның қай бұрышында жүрсек те, ана деген аяулы адам ғана біздің шын жанашырымыз, риясыз қолдаушымыз болып қала береді. Анамның есімі берілген брендтер қазір әлемді шарлап, қазақ даласының бойына Жер-ананың қуатын сіңіріп өскен өнерлі жастарға жол ашуда. Балаларына, немерелеріне адал жүріп, адал тұруды күн демей, түн демей үйретіп кеткен анамның әруағы разы болуы үшін бұл толағай тірлікті жандандыра бермекпін. Менің негізгі шабытым да, қуатым да – анамның өнегесі, Тараздың тарихы, Ұлы даланың рухы.
Бұл бағыттағы жасалған, әлі де жасалатын еңбектерім менің өмірімнің негізгі миссиясы. Ұлтымның ата дәстүрін, өмір сүру салтын, көшпенділер дәуірінен келе жатқан киім кию стилін шығармашылығымның негізгі бағыты ретінде ала отырып, күллі қазақ даласының аналарына, аруларына тағзым етіп өткім келеді. Бұл елімнің азаматы ретіндегі де ұлы парызым болмақ.
Жанұяда еркін әрі ерке болып өскен бала ержеткенде өз арман-мақсаттарына берік, ештеңеден тайсалмайтын, тәуекелшіл болып өседі емес пе?! Жөргекте жатқан шағымнан анамнан сіңген қасиеттің барлығы менің осындай тұлға, кәсіпкер, өнер иесі болуыма тікелей әсер етті. Анам өмірден озғалы тоғыз жыл өтті. «Әкесіз қалған жартылай жетім, анасыз қалған шын жетім» дегеннің мәнін енді ұғынып келеміз. Анам тірі кезінде ешқашан өлмейтіндей, тірліктің тұрлаулы шақтарында босамаған тамыр ешқашан суалмайтындай, бәйтерегім ешқашан құламайтындай жайбарақат жүріппін. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген әдемі әннің сөзіндегідей 50 жасқа келгенше анама еркелеп, есею дегеннің жауапкершілігін қатты сезіне қоймаппын. Анамның қазасы қыстың қаһарлы аязындай жаныма батып, терең дертке айналды. Күні бүгінге дейін сағыныш дерті меңдеп, аласапыран күй кешемін. Анамның есімін ардақтау мақсатында жасап жүрген істерім, жастарға көрсетіп жатқан өнегем ғана бүгінде жаныма шын медет болып отыр. Ғаламның қай түкпірінде жүрсеңіз де, бет түзер құбылаңыз тірі болса аялаңыз, ардақтаңыз. Бұл әрбірден соң анадан туған әр баланың перзенттік парызы емес пе?!
Несіпбек Дәутайұлы,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:
«Мен анама тартқанмын»
– Анам өте мінезді адам еді. Бетің бар, жүзің барды білмейтін. Кісімсіген кімнің де сай-сүйегін сырқыратып жіберетін. «Өңшең құл-құтандар» деп отыратын. Маған ашуланса: «Сен де!», – дейтін. «Ойбай, мені сен туған жоқсың ба?», – деймін. «Әке жағыңнан солсың!», – дейтін.
Шешеме «сен» деп сөйлейтін едім. Оның да, әкемнің де атын атайтынмын. Әжемнің бауырында өскендіктен болар.
Ол кезде не білемін?! Шешем мені аяусыз сабайтын. Сол баяғы өзімнен ғой. Тентектігім көп. Жалғыз қалсам, үйдегінің барлығын сыртқа шығарып ойнаймын. Өң құрсау салынған шыны-шәйнек. Сындырып аламын және айкезбе екенмін. Түннің бір уағында тұрып беталды кете беретін. Маңайдағы қойшылардың иті талай рет талай жаздаған. Содан кейін шешем бір аяғымды өзінің бір аяғына байлап жатады екен. Тағысын тағылар. Аяу жоқ, таяқтайды. Соның барлығына қарамастан, кешкісін «Күләннің жанына жатамын» деп әлек саламын.
Қайсыбірде тал түсте қой құрттап жаттық. Төрт-бестегі кезім. Құрттаған қозыны ма, лақты ма ұстай алмай қойдым. Сонда шешем ұзын сырықпен салып-ақ жібергені. Ар жағын білмеймін. Бір кезде көзімді ашсам… Көргенім – көк аспан, самсаған жұлдыз. Киіз үйдің іргесінде, темір төсек үстінде жалғыз жатырмын. Үй ішіне адамдардың дауысы. «Күлән!», – дедім. «Есін жиды, е, құдай есін жиды» десіп бәрі келіп мені бас салды. Тал түстен түннің бір уағына дейін ессіз жатыппын. Сірә, сырық талма жеріме тиген болуы керек. Әбілқазы деген түйеші келіп, әлсін-әлсін дем салып отырған.
Қазір ойлаймын. Мені талдырып жыққан шешем ғой. Есімді жиғанда ең әуелі соны іздегенім… Сірә, балаға анадан жақын ешкім жоқ болар. Көкте құдай болса, тіпті не істесе де, қандай зәбір көрсетсе де, тіліңді кәлимаға анаңның атымен келтірер.
Анам мені отқа салса жанбайтын, суға сала батпайтындай етіп қаққанда қанымды, соққанда сөлімді алып өсірді. Әкем өлген соң күнкөрістің қамымен біз ауылдан сиыр фермасына көштік. Екі ара төрт-бес шақырымдай. Иірсуға барып-келіп оқимын. Екінші кластамын. Сабақ күндізгі екіде басталып, кешкі алтыда бітеді. Қыстың көзі қырауда, бұл кезде қас қараяды. Ойлы-қырлы тау жолы. Қар қалың. Сақылдаған сары аяз. Кейде бұрқасын. Фермадағылар: «Күлән-ау, қарғадай баланы қасқыр жеп қоймай ма?», – деседі ғой. «Құдай берген жанды құдай алады», – дер еді шешем. – Құдайдың өзіне табыстағаннан басқа шарам қайсы?!».
Жарықтық қажырлы еді. Бір мезгілде ферманың жиырма шақты сиырын да сауды, отыз-қырық бұзау-танасын да бақты. Бұзау-танаға тарлауыт қойнауға шөп арқалап барып шашады. Екі мезгіл ме, үш мезгіл ме, есімде жоқ… Есімде қалғаны, таналарға қарап, қайырып тұру керек. Демалыс күндері мен тұрамын қойнаудың аузында. Кешке дейін. Сақылдаған сары аяз. «Өлмейсің», – дейтін анам. – Шыдамасақ, көнбесек, көзіңнен сораң сонда ағады».
Шешемнің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Озат атанып, сыйлыққа ақ бұзау алды… Отбасымызға біткен мал – сол. Ақ бұзау кейін ақ сиыр болды. Ақ сиыр жыл сайын бұзаулады. Аққа жарыдық. Соғыстан кейінгі жылдар ғой. Жұрттың шекесі қызып, жарып кете қоймаған кезі. Біздің үйде қарын-қарын май болды. Фермаға әртүрлі жұмысқа келіп-кетіп жүретін арбакештер «Күләннің майын жейміз» деп біздің үйге түсетін. Шешемнің қолы ашық. Кісі келсе, дастарқанға барын салатын. Кейін ойласам, әңгіме тегінде екен… Шыққан жері тек дәулетті ғана болып қоймаған, күнгей-теріскейдің игі жақсылары таңдап түсер үй болған. Мұны мен беріде Кенен атамнан естіп едім. «Иманақын нағашың адуынды, алайда кісі қадірін білетін азаматтығы айрықша еді. Талай дәмін татып, кісілігі мен жомарттығына талай дән риза болғанбыз», – дер еді. Кейін де Кенен атаммен бір көшеде тұрдық. Қасқа атымен ары-бері өтіп қалатын. Сонда кей кездері атының басын бұрып келіп, нағашы апаммен сол өткен-кеткен сөз қозғап жататын.
Анам тоғыз жасына дейін молшылықта, игі жақсылардан үзілмейтін отбасының ас та, төк дастарқанын жағалап өсті ғой. Кісіге, мейлі ол кім болса, ол болсын, алдына барын шашып-төгіп тастайтыны сол шығар.
Ауылда мектеп жеті жылдық болып, сегізінші класты аудан орталығында, интернатта оқыдым. Соны аяқтаған жылы «қой, үй-ішін енді өзім асырайын» деген ойға келдім. Соны айтып едім, көзіне жас ала қоймайтын анам босады. «Шынымен ержетіп қалғаның ба?», – деп. Сонда жасым он төртте. Сөйтіп, не керек, әуелі үш жыл аға шопанға көмекші, одан кейін жасым он жетіге келгенде бір қора қойды жеке бес жыл бағып, мал соңында жүрдік. Бозбала кез, жігіттік шақ дегендей, ауылға анда-санда бір-екі күнге барып-келуге кетіп, оным он шақты күнге ұласып қалатын кездерім де болатын. Сонда қойға шешемнің өзі ие болды. Мейлі жаз, мейлі қыс. Балаға ана, анаға бала сүйеу күнкөріс. Небір қиын-қыстау жағдайлар, қилы-қилы күндер де өтті басымыздан. Қойымызға қасқыр да шапты, ұры да алды. Болған іске болаттай берік анам қандай жағдайда да күйіп-пісіп, күйгелектене қоймайтын. «Басың аманда басқасының бір реті болады, өлсең де еңсеңді түсірме», – деп отыратын.
Әркім өз тағдырының қатал жолымен жүріп өтеді деген рас. Он бір жасымнан ала жаздай колхоздың шөп шабысында шөмелей салған, он төрт жасынан сегіз жыл қой баққан, екі жыл таудың тасын тасып қора салған, екі-үш жыл клуб меңгерушісі болған, одан аудандық газетке келген менің де кітап жазатын кезім бар екен. Жасым отыздан асып кеткенде «Алма ағашының бұтағы» деген тұңғыш кітабым шықты. Он мың таралыммен. Ол кезде шыққан кітап дүкендерге түсіп тұрады. Алматыға жиі-жиі баратын кезім. Біздің ауыл Алматыға өтетін ауылдың тұсынан өтеді. Екі ара көп болса бір шақырымнан сәл асады. Ауылға, шешеме соқпай кетуім сирек. Сол кітабым шыққан кезде көп ұзамай үйге жолым түскен. Екеуміз шай ішіп отырмыз. Байқаймын, анам маған қарағыштай береді. Бір кезде: «Сен кітапты жазасың ба?», – деді. «Қайдан білдің?», – деймін. «Әнеугүні дүкен ұстаған қыздар әкеліп берді», – деп жедел тұрды да, түпкі бөлмеден алақандай кітабымды кеудесіне басып алып шықты. – Тамақ асып, оларға жуып бердім». «Оқымай-ақ қойсаңшы, оны», – дедім. «Неге?», – деп ол аң-таң. Кітабымда махаббат жайлы да шимай-шатпағым бар еді. Содан біртүрлі қысылдым.
Кейін енді біраз кітаптарым шықты ғой. Ой, оларда не жоқ дейсің. Ойлаймын: шешем тірі болса, әйел затының әлеміндегі астан-кестең армандар, үздігулер, аңырауларды аударып-төңкеріп, асықтай иіріп жазар ма едім? Жаза алмас едім. Дәтім бармас еді. Адам бұ дүниеде анасынан ғана өзгеше өлерше ұялар, сірә. Сол сезім түйсіктің бір түкпірінде мәңгі сақталар.
Ана дегенде, оның алдындағы аманаттың ең бастысы – перзенттік парыз – ақ сүтін ақтау. Бірақ соған қолың жете бермейтін қасіретің бар. Қолың өз аузыңа өзің енді-енді жеткенде, тағдырдың жазуы – ата-анаң дүниеден озып кетеді. Басына көк тас қойдым демесең, өзге көрсетуге тиіс жақсылығыңа үлгермей қаласың.
Менде әлі-ақ бәрі болады, көзі тірісінде көруге тиіс қызықтың бәрін көрсетемін деп жүргенімде, анам 61 жасында ойда жоқта, үш-ақ күн жатып көз жұмды. Тоғыз жасынан кезек-кезегімен келіп отырған тағдырының талма жерден тиіп отырған соққыларының зардабынан шығар, кенеттен миына қан құйылып, отырған жерінде құлап қалыпты. Естіген бойда ауылға жетіп, ауданға үйге алып келдім.
Үйде жатқанның үшінші күні, түс ауа шығар, маған: «Шапағатты (қызым) шақыр, қолы-басымды шайып береді», – деді. Шапағаттың он екі-он үштердегі кезі. «Ол не біледі, Әмірханға (әйелім) айтайын да», – дедім. «Тексізсің сен», – деп өңі суып қоя берді. – Күні ертең қатының «шешеңнің өлерінде қол-аяғын жуғам» деп бетіңе салық қылады сенің. Өз қаным, қызыңды шақыр. Айтып отырамын, не істеп, не қоюды».
Қызым кіріп шыққан соң айтқаны: «Қолын шынтағына дейін, аяғын тізесіне дейін жуғызды. «Мен бүгін кетемін» деп жымиды. Папам жібермейді», – дедім. Сәлден кейін мені шақырып алып: «Еш жаққа ұзап кетпе, бүгін өлемін», – деп терең күрсініп алды. – Ауылға апарып, сорлы апамның (шешесін айтып отыр) жанына қой».
Иә, сол күні, түн жарымынан ауа демі үзілді. Мына дүниеде біз білмейтін ештеңе қалған жоқ сияқты көрінеді ғой. Осымыз бекер. Қалай дегенде де ешкім ешқашан түсіндіре алмайтын бір тылсым құбылыстар бар. Соның бірі – кейбір адамның дәмі таусылар сәті таяғында, көзі жұмылатын күнін дәл білетіні. Анам солай етті ғой. Қазасын дайындықпен, сабырмен күтіп алды. Мінезден шығар. Мінезді адам ажалмен бетпе-бет келгенде де тастай қатты табиғатынан айнымас. Кім білсін?!
Адам ата-анасын бөктіріп жүре алмайды. Бірақ олар жадында жасай береді. Рухының алдында жиі-жиі есеп те беріп қоясың. Көзі тірісінде не жасай алдым деген сауал сондағың. Өкініш өзекке тебеді.
Жоғарыда алғаш кітабым шыққандағы шешемнің үйіне келгем. Сол бір сәт… Ертеңгісін ғой. Шырт ұйқыда жатыр едім, бір жылы дем бет-жүзіме жақындап… Көзімді ашып алсам, анам маңдайымнан сүйгелі келеді екен. Отыз алты жасымда! Осы жасыма дейін қашан, қай кезде бетімнен сүйгені есімде жоқ мен біртүрлі тіксініп пе, қымсынып па: «Керегі жоқ, Күлән!», – деп бетімді бұрып әкеткенмін. Осы бір қылығыма опынамын. Кім білсін, «менің де балам кітап жазатын болыпты ғой» деген тосын қуаныштан аналық мейірімі асып-төгілді ме екен?! Қалай болғанда да, ерекше еміренгені күмәнсіз. Ал мен… Жарықтығым сол сәтте қандай күйде қалды екен деп күйіп-жанамын қазір. Жұрттың арасында: «Әй, бұл Несіпбектің алдын ала болжап болмайтын бір қиын мінезі бар», – дейтіні рас болса, сірә, анама тартқаным. Перзентке ол да мақтаныш, медет. Ақ сүті алпыс екі тамырымның ағысында көзім жұмылғанша жасай берер…