Әлемді өзгерткен әйелдер

Жер бетіндегі ұлы тұлғалардың санын нәзікжандылар жыл сайын толықтырып келеді. Ғаламды әлдиімен тербетіп, тұрмыста да, қоғамдық өмірде де, ғылымда да өздерін сан қырынан көрсетіп келе жатқан арулардың есімі тарихқа енуде. Олардың қатарына әйгілі Нобель сыйлығын алған әйелдерді қосуға әбден болады. Себебі олар – әлемді өзгертушілер.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Нобель – әлемдегі ең беделді сыйлық. Оның лауреаттары қатарында рентген сәулеленуін, пенициллинді ойлап тапқан атақты ғалымдар бар. Нобель сыйлығымен Нельсон Мандела, Барак Обама секілді танымал қайраткерлер марапатталған. Жыл сайын қазан айының басында бүкіл әлем назары Швеция мен Норвегия еліне ауысады.

Дәл осы уақытта Стокгольм және Осло қалаларында Нобель сыйлығы лауреаттарының есімдері жарияланады. Бұл күні Нобель қоры сайтына миллиондаған қолданушылар кіреді. Нобель сыйлығы 1901 жылдан бері әр жыл сайын физика, химия, медицина, әдебиет және бейбітшілік салалары бойынша елеулі жетістікке жеткен ғалымдар мен ұйымдарға беріледі. Марапаттау рәсімі жыл сайын 10 желтоқсан күні өтеді. Осы салтанатты марапат күнінде Швеция королі лауреаттарға Нобель медалін, диплом және де ақшалай сыйлық тапсырады. 1901 жылдан 2020 жылға дейін әйелдер қауымы 56 рет Нобель сыйлығына ие болды, ал олардың бірі Мария Кюри екі рет осы марапатқа лайық деп танылған. Осылайша барлығы 56 әйел осы беделді ғылыми марапатқа ие болып, олардың ғылымға қосқан үлестерін бүкіл әлем мойындады.

Элис Манро (2013), «Қазіргі заманғы қысқаша әңгімелер шебері»
Канадалық жазушы, қысқа әңгімелер шебері атанған Элис Манро есімі бүгінде көпшілікке адам жанындағы нәзік иірімдер, қым-қиғаш қақтығыстар, сезімдер тайталасын әсем әрі дәл жеткізетін қаламгер ретінде жақсы таныс. 2009 жылы Халықаралық Букер премиясын, 2013 жылы әдебиет саласы бойынша заманауи қысқа әңгіме жазудағы шеберлігі үшін Нобель сыйлығын иеленді.

Марапатты тапсыру сәтінде Швед ғылым академиясының тұрақты хатшысы Петер Энглундтің өзі Манроның шығармашылығы турасында: «Манро қарапайым адамдардың өмірін сипаттайды. Алайда сол қарапайым адамның жан дүниесіне үңіліп, теңіздей тебіренетін адам көңілін түсіне білетін ерекше байқампаздығы бос кеңістікті толтырып, кейіпкерлеріне жаңа өмір сыйлағандай әсер береді», – деген болатын.

Расында, Манро шығармаларын оқыған сәтте күйбең тірлік пен күрделі өмірдің еңсе басқан ауыртпалығынан біруақ босанып, сыршыл да ғажайып, жұмбақ, тылсым бір әлемге тап болғандай әсерге бөлейтіні анық. Алғашқы шығармалары 1950 жылдан бері «Нью-Йоркер» сияқты әдеби журналдарда басылып келеді. Қаламгердің алғашқы әңгімелер жинағы «Бақытты көлеңкелер биі» (Dance of the Happy Shades)1968 жылы Канаданың басты әдеби жүлдесі, яғни генерал-губерна-тор премиясын жеңіп алды. Әркімнің күнде көзбен көріп, көңілмен түсініп жүрген жайттарын көркем де қарапайым түрде суреттеп беретін жазушы– 15 кітаптың авторы.

Оның қаламына арқау еткен тақырыптары адами қарым-қатынастар мен психологиямен шектелмейді. Ол түрлі мәдениетті тоғыстырған, Еуропадан келген иммигранттарға қол ұшын берген көпұлтты Канада қоғамындағы бірлік пен татулық тақырыбын да қозғады. Өз сұхбаттарының бірінде жазушы бүгінгі оқырманның талғамы туралы сөз етеді: «Мен жазған әңгімелердің соңы болмайды. Ал кейбір әңгімелер түйін шығарып, өз нүктесін қойып аяқталады. Бұл саяси тақырыптағы әңгімелер болуы мүмкін.

Себебі мұнда әңгіме баяндау, кейіпкер сезімін жеткізу сынды дүниелерден бұрын нақты саяси мақсат басым болады. Олар бүгінгі күн тәртібіндегі саяси және әлеуметтік мәселелерді қозғап, қоғамға ой тастауды мұрат етеді. Ал бүгінгі көркем әдебиеттің проблемасы – көпшілікті өзіңе баурап, нәзік сезімдерін жанап өте алмауында. Бүгінгі заманда оқырманға шытырман оқиғаға толы, астарында философиялық мәні бар дүниеден гөрі нақты хабарлама жіберетін әңгімелер қызығырақ. Яғни оқырман ізденгісі келмейді», – дейді ол

Екі мәрте Нобель лауреаты атанған Кюри
Мария Кюри – ауқымды тәжірибелерде есімі аталатын ғылымдағы ықпалды әйелдің бірі. Мария 1867 жылы Варшавада дүниеге келген. Парижге 24 жасында көшіп келіп, математика мен физика салалары бойынша оқуды жалғастыруға мүмкіндік алады. Парижде физик Пьер Кюримен танысып, отбасын құрады. Пьер және Мария Кюри уран кенінен бөлінген уран қалдықтары таза уранға қарағанда әлдеқайда радиоактивті екенін анықтаған. Екі ғалым бірнеше жылдық тәжірибеден кейін осы қалдықтардан екі өте радиоактивті элемент бөліп алады.

Олар: полоний және радий. Францияның ғылым академиясында 1898 жылы 26 желтоқсанда Кюри радий элементін ашқаны туралы алғаш рет хабарлайды. Ал 1902 жылы Кюри мен Андре Дебьерн сынап катодындағы радий хлоридін электролиздеп, кейін оны сутегінде дистилляциялау арқылы таза радий бөліп шығарады. Қазір белгілі болғандай, бұл бөлінген элемент– уран-238 ыдырауынан пайда болған радий-226 изотобы.

Полоний мен радийді ашқаны үшін ерлі-зайыпты Кюри Нобель сыйлығын иеленеді. ХХ ғасырдың басында таза радий алу көп еңбекті қажет ететін. Мария Кюри кішкентай таза радий алу үшін 12 жыл еңбек еткен. Мысалы, 1 грамм таза радий алу үшін бірнеше вагон уран кені, 100 вагон көмір, 100 цистерна су мен 5 вагон әртүрлі химиялық зат керек. Мария мен оның күйеуі Пьер Кюри арасындағы махаббат «Радиоактивтілік» атты ғылыми-романтикалық фильмде көрініс табады. «Бұл фильм ерекше әйелдің стандарттан тыс өмірбаянымен картиналанады. Ол радиоактивтіліктің ашылуы мен осы жаңалықтың әлем тарихына тигізген әсері және цинизм жөнінде ой қозғайды», – дейді режиссер Сатрапи.

Мария 1897 жылы докторлық диссертациясы үшін рентген сәулелеріне ұқсас, бір жыл бұрын ашылған сәуленің жаңа түрін зерттей бастады. Пьер мен оның ағасы жасаған «электрометр» деп аталатын құрылғыны қолдана отырып, Мария торий мен уран шығаратын жұмбақ сәулелерді өлшеді. Элементтердің минералогиялық құрамына қарамастан (біреуі – сары крис-талл, екіншісі – қара ұнтақ) сәулелену қарқындылығы тек элементтің санына байланысты өзгерді.

Марияның қанатты сөздері: «Адамның қандай екеніне емес, идеяңыздың қандай екеніне қызығушылығыңызды арнаңыз!», «Өмірде қорқатын ештеңе жоқ. Маңызды нәрселерді түсінуге батыл болыңыз!», «Біздің әрқайсысымыз адамзат өмірі үшін жауапкершілікті сезініп,тұлғалық тұғырда жұмыс істеуге міндеттіміз», «Ғылым адамзаттың өмірін жеңілдетіп, азабын азайтатын кез келген прогрестің негізі болып табылады».

Нобель сыйлығының ең жас лауреаты Малала Юсуфзай
Малала Юсуфзай (1997-…) – пәкістандық оқушы, қыз балалардың білім алу құқығы үшін күрескер. Құқық қорғау қызметтері мен талибтердің іс-әрекеттерін сынағаны үшін Талибан қарулы күштерінің қарсылығына ұшыраған. Көптеген әлемдік марапаттардың иегері, 2013 жылғы «Бейбітшілік» саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсынылған ең жас лауреат.

Малала 1997 жылы 12 шілдеде Мингор қаласы, Сват ауданы, Пәкістанның солтүстік-батысында сүннит-мұсылман отбасында дүниеге келген. Мектеп директоры болған Малаланың әкесі Зияуддин Юсуфзай «қыз балалар білім алуы қажет» деп Пәкістан қоғамында радикалды әрі кейінгі оқиғалар көрсеткендей, өмірге қауіп төндіретін көзқарасты ұстанып, әрдайым қызының білім алуға деген құлшынысын қолдап отырған.

Пәкістанда болып жатқан террор актілеріне куә болған Малала 2009 жылы анонимді түрде «Гул Макай» лақап атымен BBC үшін жүргізе бастаған блогында талибтердің төндіріп отырған қаупі тұсындағы гендерлік дискриминацияға деген көзқарастарын ашық жаза бастайды.Осы уақыт аралығында Талиб радикалды ұйымының Пәкістан территориясында ықпалы күшейген болатын. «Кейде баса көктеп кіріп келе жатқан талиб күштерінің артиллериясы анық естілетін», – деп Малала өз блогында қорқынышты сәттерді еске алады.

Талиб ұйымы тұтас облыстарды қол астына өткізгеннен соң, теледидар көру мен музыка қоюға, әйелдер мен қыз балалардың дүкендер мен білім беру орталықтарына баруына тыйым сала бас-тайды. Қыз балаларға арналған көптеген мектептер жарылып, нәтижесінде оқушылар талиб агрессиясы мен репрессиясынан қорыққандықтан үйлерінде қалып қойып жатты.

Бұл кезде Малала мен оның әкесі өз көзқарастары үшін Талиб ұйымының тарапынан ескертулер ала бастағандықтан, әкесі Сват алқабынан тысқары жақтағы мектеп-интернатқа көшу жайлы сөз қозғайды. 15 қазан күні БҰҰ-ның дүниежүзілік білім беру қозғалысының арнайы елшісі Гордон Браун Малаланы ауруханада жатқан жеріне кіріп шығып, өзінің «Малала күрескен құндылықтар үшін» атты петициясын бас-тап кетті. Петиция «Мен Малаламын» атты ұранды алға тартқан.

2013 жылдың 12 шілдесінде Малала БҰҰ жастарының алдында сөйлеген сөзінде бүкіл әлемде еркін білім алу идеясын ортаға салады:«Мен ешкімнің қарсыласы емеспін, мен бұл жерде талибандарға не өзге террористік ұйымдарға деген өшпенділік жайлы айту үшін тұрғаным жоқ. Мен мұнда әр баланың білім алу құқығы жайлы айтуға келдім. Мен талибтердің, барлық террористер мен экстремистердің ұлдары мен қыздарының білім алуын қалаймын» («Мен Малаламын» кітабынан цитата).

Comments (0)
Add Comment