Әлем қолөнершілері Әулиеата төрінде

Жуырда облыс орталығында «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты II Халықаралық көрме өтті. Шараның ашылуына Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Азия-Тынық мұхиты өңірінің Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Әзиз Мұртазаев, Қазақстан қолөнершілері Одағының төрағасы Айжан Бекқұлова қатысты.
Өткен жылы Тараз Қазақстан қалаларының ішінде бірінші болып Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енген болатын. Алғашқы болып сөз алған Нұржан Сәбитұлы бұл өңірдің танымалдылығы мен туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретінін, халықтық қолөнерді әлемдік деңгейде танымал етуге ықпал ететінін, жойылып бара жатқан көне қолөнер түрлерін сақтау мен қайта дамытуға жағдай жасайтынын атап өтті.
– Тараз ежелден-ақ Ұлы Жібек жолындағы сауда және қолөнердің бастау алған орталықтарының бірі саналған. 2000 жылдан астам тарихы бар қала түркі мәдениетінің символына айналды. Осынау тарихында қала көптеген мемлекеттердің астанасы және Ұлы Жібек жолының ірі сауда орталығы бола білді. Біз туризм мен қолөнерді дамыту бойынша ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы бағытта жұмыс істеуге ниет білдірген кәсіпкерлерге өз жобаларын жүзеге асыруы үшін жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Бұл жұмыстар туризм үшін қолайлы аймақ ретінде біздің өңірдің өзіндік бейнесін қалыптастыруға толық көмектесетініне күмән жоқ, – деп атап өтті Нұржан Сәбитұлы.
Өңірдің туристік имиджін ілгерілету, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға 250-ден астам қолөнерші қатысты.
– Киізден, жүннен жасалған бұйымдарымызды арнайы Қырғыз Республикасынан алып келдік. Өнімдерімізге қызығушылық танытып жатқан жандар аз емес. Тауарларды біртіндеп сатып жатырмыз. Мұндай іс-шара көптеп өткізілуі керек. Бұл екі елдің арасындағы қарым-қатынасты нығайтады әрі қолөнершілер өзара тәжірибе алмасады. Ал біз қолөнер бойынша жаңа бағыт алатын боламыз, – дейді Қырғыз Республикасының Жалал-Авад облысынан келген Тотықан Өскембаева.
Қолөнершілердің бұйымдары «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Галерея» мен «Көрме залына» қойылды. Көрмені тамашалауға келген жұрттың қарасы да, еріктілердің саны да қалың.
– «Аспара» колледжінің қолдауымен ұйымдастырылып жатқан көрме тамаша өтуде. Азия-Тынық мұхиты, Орталық Азия, Еуропа және таяу шетелдерден 250-ге жуық қолөнерші қатысуда. Қатысушылардың ішінен мен Үндістаннан келген үнді әйеліне көмектесудемін. Дәл қазір сауда қызып жатыр. Көбінесе қына мен білезіктер өте жақсы өтуде, – дейді волонтер Балауса Тұрар.
Көрме аясында жас суретшілер мен қолөнершілер байқаулары өтіп, Тараз қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлеріне турлар ұйымдастырылды.

Жұмаш Жолболды

Comments (0)
Add Comment