ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты.
Сондай-ақ Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастап қолға алу қажеттігін атап өтті. Осы мәселені жан-жақты талқылау мақсатында «Музыкалық білім беру» ПЦК оқытушылары колледж студенттерімен латын әліпбиіне көшу туралы өз ой-пікірлерімен бөлісу үшін «Ашық микрофон» алаңын өткізді. Мәселені талқыламас бұрын кафедра оқытушылары қазақ жазуында қолданылып келген әліпбилер тарихы туралы айтып берді. «Музыкалық білім беру» кафедрасының меңгерушісі А.Алмабаева талқыланатын сұрақтармен таныстырды: «Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз, ең алдымен, тіл тазалығы мәселесі, екіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады, үшіншіден, бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға қарыштап, өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді» – деді.
Латын әліпбиіне өту науқанын бір әліпбиден екіншісіне өту емес, қазақ жазуына реформа жасау деп түсінген дұрыс. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Ол үшін қазақтың жазуы ұлттық болуы керек. Бұл – ұлттық сананың жаңғыруы. Жаңғыру жазудан басталады.
«Латынға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты» – деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ғалымдарымыздың еңбегін бағалап, ел болашағы үшін маңызды шешімге қолдау білдіру, жақсыны үйренбекке ұмтылу жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті деп түсінемін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде колледж студенттері «Дауыс беру» рефлексиясымен түйіндеді. Студенттер өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Қазақ әліпбиінің латын графикасына өтудің маңыздылығын түсінді. Меніңше, негізгі мәселелер айтылды. Шындығында, бұл іс-шараның арқасында студенттер көптеген сұрақтарына жауап алды.
Г. Жумашева, «Музыкалық білім беру» ПЦК оқытушысы