Ұланбелдіктердің ұлағатты ісі

«Ұланбел қоры» мен ауыл жастарының жұмысы көпке үлгі

Саялы мекен, ынтымақ пен бірлігі бекем бір ауыл бар Мойынқұм ауданында. Ол құтты қоныс – Ұланбел ауылы. Ұланбел аудан орталығынан 180 шақырым шалғайда жатыр. Соған қарамастан, талай атпал азаматқа алтын бесік болған алақандай ауыл жыл өткен сайын көркейіп келеді. Бұл ретте «Ұланбел қоры» мен ауыл жастары ауылға әдемі сыртқы келбет беруді басты міндет етіп қойып отыр.

Ауылды абаттандыруға Ұланбел ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Талғат Үсембаев алғы шептегі жауынгері ретінде «Жайнасын, көркем Ұланбелім!» ұранымен үлкен үлесін қосып келеді. Ол «Ұланбел қоры» және ауыл жастарының қолдауымен бірқатар жаңашыл жоба ұйымдастырып, ауылды жаңғырту мақсатында ауқымды тірлікті бастап кеткен. Бұл ретте ауыл жастарының жұдырықша жұмылуымен жүзеге асып жатқан кіреберіс қақпаның жанынан ауылдың төлқұжат стеласын салу, киіз үй құрылысы және тал-дарақтар егу жұмыстарын айтуға болады.
Аталған ілкімді істер ауыл жастарын, Ұланбел ауылынан шыққан азаматтарды, ауыл кәсіпкерлерін тарта отырып ұйымдастырылуда. Жалпы «Ұланбел қоры» жігіттерінің қолдауымен бірқатар демеушілік жұмыстар атқарылған.
Бұл ретте ауылдық округтің әкімі Еркебұлан Абасов: «Қазіргі таңда ауылымызда 3 көшеге асфальт салу және 3 көшеге заманауи жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ұланбел ауылының статусына сай, заманауи болғаны әрбір тұрғын үшін мақтаныш емес пе?!», – дейді. Ал Талғат Алпысбайұлы ауылды абаттандыру ортақ іс екенін, игі іске көмектесіп жатқан ауыл тұрғындарына, жастарға, кәсіпкерлерге алғыстары шексіз екенін айтады.
Елді бірлікке ұйытып, тамаша тірлік жасап жатқан ауыл жігіттерінің ісіне халық та сүйсіне қарап, алғыстарын жаудыруда. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген осы шығар. Сондықтан береке-бірліктің қаймағы бұзылмаған, татулық пен тұрақтылықтың бесігіне айналған бұл ауылды елін сүйер арда азаматтардың мекені десек, қателеспейміз. Туған жерді түлетуге тамшыдай болса да үлес қосқан азаматтардың жасаған жарқын ісі көңіл қуантады.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment