Ғұлама деген екен…

Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыздың өшпес мұрасы – ғасырларға азық, келер ұрпаққа сарқылмас өнеге. Бүгінде зерттелген үстіне зерттеліп, тың мәліметтермен қанықтырып жатқан Фараби қолжазбалары еліміздің өткеніне үңіліп, тарих бедеріндегі айшықты іздерімізді айқындатып, тұлғаларымызды ұлықтау жолында айқын қадамдар жасап жатырмыз. Ғұламаның 1150 жылдығы қарсаңында газет оқырмандарына әл-Фараби хақындағы бір топ аңыз әңгімелерді ұсынып отырмыз. Танымды дерек бізден, ғибрат алу сізден болғай!

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ


Бір күні әлдекім Әбу Насыр әл-Фарабиге тамаша болып толыса піскен алманы көрсетіп, сауал қойыпты: «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, әлде бітімі ме?». Сонда әл-Фараби: «Бәрінен де оның ұрығы тамаша. Өйткені осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой», – деп жауап берген екен.


Тарихшы Мұхаммед Хусайни еңбегінде Фараби өміріне қатысты мынадай бір қызық жайды баяндайды. Әл-Фараби бірде Дамаскідегі (Сирия) шығыс базарын аралап келе жатып, терлеп-тепшіп етік тазалап отырған балаға көзі түседі.
– Балақай, осынша қиналып, маңдай теріңді төккенде күніне қанша дирхам (ақша) табасың? – дейді Фараби.
Сонда бала:
– Екі-ақ дирхам, – дейді мұңайып.
Ұлы ғалым баланы аяп кетеді де, өзіне күн сайын Сайф ад-Даула жіберіп тұратын төрт дирхамды береді. Кейінірек сол бала Фарабидің ең жақсы шәкірттерінің бірі болған екен.


Ғылымның мәні туралы әңгіме өрбіген бір отырыста әл-Фарабиге «Данышпан кім?» деген сұрақ қойылыпты. Сонда әл-Фараби:
– «Данышпан кім?» деген сұраққа мен алдындағы өмірін ұмытпаған кісі деп жауап берер едім. Менің алдым – тұңғиық. Бүгін халифаның қадірменді қонағы ретінде төрдемін. Егер сынықтан сылтау шықса, ертең көрдемін ғой. Ғылым мен сопылық – біріне-бірі қарама-қарсы нәрсе. Ғылым – шындық, сопылық – сұмдық. Бұл – ақиқат, – деген екен.
Бұл кез Бағдат халифасы Мұттақидан әл-Фарабидің зәбір көріп, қуғынға түсіп, бас сауғалап жүрген кезі болса керек. Туған жерден шалғайда жүріп, бар өмірін ғылым-білімге сарп еткен әл-Фараби қартайған шағында өз елінің керуен-кіре тартып жүрген адамдарын кездестіріп қатты толқиды.
Ел-жұрттың хал-жағдайын тәптіштеп сұрап, көңіл орнықтырған соң, қоштасарда өзінің жан серігі «қыпшақ» деп аталатын домбырасының бетіне: «Айналайын, атам қыпшақ, Туған жерім сағындым. Өз атыңа, үрметіңе қайда жүрсем табындым!» – деп жазып, туған жері мен еліне сәлемдеме белгі ретінде беріп жіберген екен дейді.


Адам баласы тарихын зерттеп жүрген бір оқымыстының қолына Аристотельдің «Даңқ туралы» деген кітабы түседі. Тарихшы кітапты аяғына дейін ақтарып шығады. Кітаптың соңғы бетінен «мен бұл кітапты жүз мәрте оқып шықтым» деген жазуды көреді. Сөйтсе, мұны жазған Әбу Насыр әл-Фараби екен. Әбу Насыр ылғи да қолынан тастамай Аристотельдің «Физика» аталатын кітабын оқып жүреді. Бір жолдасы: «Бұл кітапқа неге сонша қадалып қалдың?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Насыр:
– Бұл кітапты қырық мәрте оқып шықтым. Сөйтсе де тағы оқып шығуым керек. Өйткені әлі толық ұғынып болған жоқпын, – деп түсіндіреді.
Әбу Насыр еш уақытта қолына алған кітапты бір не екі мәрте оқып қоя салмаған. Мағынасын толық түсінгенше, ерінбей-жалықпай оқи берген. Сөйтіп, кітапта айтылған жайлардың мағынасына ой жіберіп, жаңа ұғымдардың есігін ашып отырған. Сол есік арқылы өзі ішке кіріп, ғылым әлемінің таңғажайып сырларына қанған, гүлзарларын шарлаған.


Жолы түсіп, туған жері Отырарға қайта оралған бір шақта әл-Фараби төңірегіне ел балаларын жинап, оларды оқытуды ниет етеді. Кешікпей-ақ ғұлама жерлесінің алдын көруге жиналған шәкірттердің саны көбейе түседі.
Сондай күндердің бірінде бір жас бала сабаққа келгенде, оның атын сұраса, айтпайды. Жас шәкірт екі қолын көкірегіне басып, тағзым етіп тұрып былай дейді:
– О, қадірлі ұстазым, өз есімімді өзім атай алмауыма мен жазықты емеспін. Ата-анам біле тұра, маған сіз сияқты ұлы адамның атын қойыпты. Осы атым үшін талай рет опық жедім. Біреулер «қандай жақсы есім, Екінші ұстазға ұқсасаң игі» десе, енді біреулер «қорашыл төбетті бөрібасар атаса да, тазы болмас» деп мазақ етеді.
– Жақсы, балам, есімің Әбу Насыр екен, одан әрі қалай еді? – деп сұрайды Фараби.
– Осыған Исмаил Хаммедұлы дегенді қоссаңыз болады.
– Дұрыс, – дейді Фараби. – Әбу Насыр Исмаил бин Хаммед. Бір Әбу Насыр оқытты, екінші Әбу Насыр оқыды, онда тұрған не бар? Бір Жауһариден (Ғаббас бин Саид әл-Жауһари Отырардан Бағдатқа барған математик, астроном, Бәйтел-Хикметте профессор болған) оқыдым, екінші Жауһариді оқыттым деп мен де айтып жүрейін. Өмірің ұзақ болғай! Балам, Ғаббас Жауһаримен қандай жақындығың бар?
– Ол кісі бабаммен туажат екен, әкеммен жүрежат, менімен тумайжат болады. Біздің арғы бабаларымыз – аталас, тіптен, құлажат – бір ауыл екенбіз. Жазғы жайлауымыз бір, тайпамыз – қаңлы. Неге екенін білмеймін, көбінесе қыпшақ дейтінін естіп жүрмін, − депті шәкірт бала.
Әл-Фарабиден оқыған осы бала кейін көрнекті ғалым болады. Бағдатта ұстаздық етіп, «Сыхақфи-л-лұғат» деген кітап жазады. Осы еңбегі араб тілінің көптеген кейінгі сөздіктеріне негіз болады. Әбу Насыр Исмаил бин Хаммед әл-Жауһари (937-1003 жылдар шамасы) өз заманының белгілі қайраткері де болған.


Бағдат халифасы Харун әл-Рашид ақындық өнер сайысымен оқымыстылардың ой өрелестіруін мейлінше жақсы көрген адам екен. Көптеген ел басқарушылары ұлы халифаға еліктеп өткен.
Бірде әл-Рашид сарайында әдеттегідей ой мен өнерсүйер қауымның бас қосуы болып жатады. Бұл қосу рәсімін ең құрметті орынға жайғасқан сұлтан Сейф әл-Дәулет басқарып отырса керек. Бір кезде хабаршы аяғының ұшымен басып жақындап келеді де, сарайға Мұхаммед әл-Фарабидің келіп тұрғанын хабарлайды.
– Есімі таныс қой, данышпанды кіргізіңдер! – деп әмір береді сұлтан. Әбу Насыр әл-Фараби залға тәжім етпестен кіргенде, жиналған жұрт дағдарып қалады.
– Келіп отыруыңызды өтінемін, – дейді сұлтан.
– О, ұлы әмірші, қай жерге отырайын? – дейді әл-Фараби.
– Мұнда әркім өзіне лайық орынға отырады, – деп тіл қатады сұлтан.
Мұхаммед әл-Фараби сұлтанға жақындап келіп, оның әрірек ығысуын өтініпті. Әміршінің сақшылары тіксініп қалады. Сұлтан қонағына орнын босатып береді де, қызметшілерін тыныштандырып, сарайдың құпия тілінде былай дейді:
– Егер бұл шынымен-ақ ұлы ғұлама болса, кешірім жасайық. Олай болмай шықса, жазасын тартады. Сабыр сақтаңдар!
Сонда Мұхаммед әл-Фараби жымиып күледі де:
– Айтқаныңыз жөн, әміршім, сабырлық әрқашан данышпандар мен құдіреттілердің үлесіне тиген, – деп жаңағы құпия тілде жауап қатады.
– Сіз бұл құпия сарай тілін қайдан білесіз? – деп таңырқайды сұлтан.
– Мен жеті тіл білемін, – дейді Мұхаммед әл-Фараби.
– О, сөздің қадірін білетін ұстазым, онда сөз басы сізде болсын, құлағымыз сізде! – деген екен сұлтан Сейф әл-Дәулет.


Бір жолы әмір сарайында әкімдер, ғалымдар мен өнерпаздар бас қосқан сыр-сұхбат кеші өтіп жатса керек. Осы кешке жұпынылау киінген әл-Фараби тап болады да, елеусіз ғана бір шеттен орын алады. Небір тапқыр сөз сайыстары болып, небір арқалы өнер түрлері дебеле қоздырған кезде жиынды басқарушы:
– Қонақтың қандай өнері бар екен? – деп әл-Фарабиге тіл қатады.
Сонда әл-Фараби өзі жасаған «қыпшақ» деп аталатын домбырасын қоржынынан алып, құлағын күйлеп тарта жөнеледі. Алғашқыда ортекедей ойнақтаған ерке күй жиналған жұрттың бәрін күлдіріп, еліктіріп әкеткендей болады. Мұнан әрі домбырасын басқаша күйлеп, сұңқылдата зарлатқанда, тыңдаушы қауымның әрқайсысы өз басындағы қайғы-мұңмен қауышқандай көздеріне жас алыпты дейді.
Келесі бір тыныста, қыпшақ домбыраның құлақ күйі қоңыр сазға ауысып, жанға рахат үнмен бесіктей тербегенде тыңдаушылар маужырап, қалғи бастайды. Сол кезде «Бұл күйлерді тартқан – қыпшақ әл-Фараби» деп бір парақ қағазға жазыпты да, әл-Фараби сарайдан шығып жүре берген екен дейді.


Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиді сарайына арнайы шақырып, мынандай сауал қояды:
– Уа, Екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? Болжамыңды естігім келеді, − дейді.
Сонда әл-Фараби:
– Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, содан соң айтып берейін, − деген екен.


Қағаздың түсіп бетіне,
Сызықтан бейне тартылған.
Сап болып жігер сарқылған,
Кездейсоқ өмір өтіне
Қайыспай тұрса нар тұлғаң.
Сонда беріп кетеміз молында,
Армандап аңсап өтеміз,
Біз ұлы мұрат жолында.


Бауырын қанша сүйгенмен,
Өтеді өмір күйбеңмен.
Шындыққа бас тік алулап,
Пенделіктен бол аулақ.
Жататын ләйім жаңғырып,
Бұл ғұмыр емес мәңгілік.
Бей-опа мына заманда,
Бақыл боп кетер адамда.

Жұрт кілең күнін көп қызық,
Жіберер зая өткізіп.


Тамылжып бал тыныштық айналамнан,
Тылсым түнге құшағын жайған далам.
Мен жатырмын ұйқысыз жапа-жалғыз,
Жанымды ой жарығы аймалаған.

Аққан жұлдыз құласа кейде егер,
Сенің нұрлы бейнең болып кеудеме енер.
Әлдеқайда ғайыптан ынтазар ғып,
Өміріме бір ғажап сәуле берер.


Қашықтасың туған жер, қалың елім,
Небір жүйрік болдырып жарау деген.
Шаршадым мен,
Қанатым талды менің,
Шаңқыт жолға сарылып қарауменен.

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, Жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар.

Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,
Әкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп, түнереді.

Қайтейін мен көкжиек кеңдігімді,
Келер күнге үмітпен жол ашамын.
Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,
Соны медет етеді болашағым.

Бір шөлмекте көк сия толып тұрса,
Екіншіде шарап бар жайы мәлім.
Даналықты сиямен толықтырсам,
Шарабымен шерімнен айығамын.

Comments (0)
Add Comment