Қала күніне орай Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде дәстүрлі өнер додасы – «Тараз дауысы-2025» байқауы өтті. Сайыс жас таланттарды қолдау, олардың шығармашылығын шыңдау және өнерге деген құштарлығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Байқауға 16 мен 35 жас аралығындағы 9 өнерпаз қатысып, бақтарын сынады. Екі кезеңді қамтыған додада қатысушылар әуелі патриоттық, содан соң еркін тақырыптағы әндер шырқады.
– Сайысқа іріктеу кезеңінен өткен 10 өнерпаздың 9-ы қатысты. «Тараз дауысы» алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің жас өнер иелерін сахнаға шығаруға үлкен мүмкіндік болмақ, – дейді қалалық мәдениет үйі әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Байжан Айтқабылұлы.
Байқауда қазылар алқасы қатысушылардың дауыстарын, сахна мәдениетін, орындаушылық шеберлігін бағалады. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Нұрасыл Жарылқасын, І орынды – М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Ақерке Ниғмат иеленді. Ал ІІ орын – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің намысын қорғаған Гүлім Сансызбайқызына, ІІІ орын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Мадина Бекмұрзаеваға бұйырды. Үздік атанған өнерпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Бұл шара Тараздың мәдени өміріне серпін беріп, өнерсүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Арайлым ШАБДЕНОВА