Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында облысымызда «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны жүзеге асуда. Акцияның үшінші аптасы «Жасыл аймақ» деген атауға ие. Бұл апта көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстарына бағытталған.
Аталған акция аясында 26 династия, оның ішінде 10 мұғалім, 5 дәрігер, 11 теміржолшы әулеті «Теміржолшылар» скверінің маңына 30 түп ағаш отырғызды.
Сондай-ақ акция аясында «Қызылабад» алқабында №11 аумақтың тұрғындары мен жастар арасында ағаш көшеттерін отырғызудан жарыс ұйымдастырылды. Сайысқа облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтары және №11 аумақтық округтің тұрғындарынан құралған 3 команда қатысып, жалпы саны 1 200 қара ағаш егілді.
Жеңімпаздарды айқындау үшін 7 адамнан тұратын арнайы комиссия бекітіліп, егілген көшеттердің саны, ағаш отырғызуға арналған шұңқырдың дұрыс қазылуы мен көшеттерді отырғызуына баға берді.
Жарыс нәтижесінде І орынды Тараз жастар ресурстық орталығы, ІІ орынды «Құмшағал жастары», ІІІ орынды «Әулиеата жастары» командалары еншіледі.
Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Мұндай іс-шаралар 11 аумақтық округте де жалғасуда.
Құрмаш Қаптағай