Ұл болсаң – қолыңда, құл болсаң – төбеңде

«Өмір қамшының сабындай ғана» деген нақылда терең философия жатыр. Қамшының сабы қандай қысқа болса, ғұмырдың да тым келтелігін меңзеп тұрғандай. Ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнаған қасиетінің бөлектігі сол – қазақтың тілі жетпеген жерге қамшы сілтенгені. Міне, қамшының құдіреті!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Аяғы аттан түссе де, үзеңгіден түспейтін қазақ баласы бағзыдан аттың жалында, атанның қомында, күлдір-күлдір кісінеген сәйгүлігінің құйрық жалын тарап, ат құлағында ойнап өскен. Атты ердің қанаты деп қалай қадір тұтса, дәл солай ат әбзелдерін де қастерлеген.
Қашанда аталы сөзге тоқтаған қазақ үшін, әсіресе, қамшының қолдану аясы өте кең. Қолында қамшысы бар қазақтың беделі биіктеп, айбарлы көрінген. Аттылы адам қамшысын үйіргенде, одан расында сұс тарап, қайраты мен жігері астасып, екі еселене түскен. Қамшы сөзінің шығу тегі туралы бірнеше нұсқа бар. «Қамшы» сөзіндегі «қам» түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам – шикі, шылғи, шала, қам-қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал, қам-уайым, қайғы, қамығу, қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай: қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар қама, қамар, қамшат; қымбат маталар – қамқа, қамқап болып келеді де, барлығының түбірі «қам» деген сөзден түзіледі. Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен, қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты деген пікір айтылады.

Қамшы өру де – бір өнер
Қамшы әбден иленген сиыр терісінен өріледі. Әр қазақ ауылында айтулы өрімшілер болған. Олар теріден қамшы, божы, ноқта, шідер, тұсамыс, шыбыртқы (бишік) өрген. Жай өріп қана қоймай, оны өнер көзімен, шебер қолымен, өте жоғары талғам-талаппен қырлап, жұмырлап, бұрап, бедерлеп, үзбелеп, термелеп, еспелеп, бір сөзбен айтқанда, көркемдеп, таңдай қақтырарлық ұқыптылықпен өрген.
Қамшы 3 таспадан 40 таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере береді әрі ажарлана, күрделене түседі. Осылай өрілу сапасы мен тәсіліне сай және қолданылуына орай қамшы атаулары да өзгере береді екен. Қамшының да атауы сан алуан: ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама сапты қамшы, мүйіз сапты қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы. Басына шеберлер күміс, жез, тері сияқты мойнақ салады. Осыған орай, қамшы күміс мойнақ қамшы, жез мойнақ қамшы, сары ала мойнақ қамшы, ақ мойнақ қамшы деп аталады. Қамшы бірнеше құрамнан, ол құрам бірнеше қызықты әрі күрделі атаулардан тұрады. Мысалы: өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек. Мысалы: төрт таспа, жиырма таспа, отыз таспа, т.б.
Қамшы үлкен екі бөліктен құралады: өрімі және сабы. Сап тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, киіктің сирағынан, мүйізінен, барынша әсемделіп таутеке мүйізінен жасалады. Әсіресе, елік, киік сирағынан металл, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшы өте бағалы әрі сәнді болады. Кей шеберлер қамшының өміріне қоса сабын да тұтас өріп шығарады. Қамшы сабына ең көп қолданатыны – тобылғы. Ол әрі бояулы, берік, әрі әдемі көрінеді. Оны да майлап, әбден кептіріп, түзетіп барып қолданады. Әсіресе, оның қызыл түсті бояуы ерекше көрік береді. Бұрынғы кезде сері жігіттердің сұлу қызға әсем қамшымен баруы оның абырой-беделін де көтере түскен.
Шеберлер қамшы сабына ерекше көңіл бөлген. Оны жез бауырлап, мойнақтап, металмен, былғарымен, қайыспен орайды. Қамшы өрімі алақанынан саптық мойнағына бүркеншік арқылы жез, мыс шегелермен тойтарылып бекітіледі немесе таспа арқылы мойнаққа бүрмелеу арқылы жалғайды. Мұны шеберлер бунақтау дейді. Қамшы әрқашан оң қолға ұсталады. Білекке, ер басына, керегеге іліп қою үшін саптың дүм жағынан бір тұтамдай қалдырып, тесіп, қайыстан бүлдірге өткізеді. Кейбір өрімшілер алақанның сап жағын әдейі ұзын етіп қалдырады да, оны сапқа ұзына бойы бауырлақ етіп, сыртынан таспаны орап жібереді. Кейде осы бауырлақ орнына жұқа мыс та қолданады. Бұл да қамшы бағасын, құнын әсерлей түседі. Өрім мен алақанның қосылған жері – шежемей. Шежемей үстінен түйнектеп қайыс шашақ тағылады. Жоғарыда айтылғандай, алтындап, күмістеп, ерекше жасалатын бірнеше қырлы, бұрама, шашақты, орама сапты, отыз-қырық таспа қамшылар болады. Жасалуына орай оның бағасы да қымбат болып келеді.

Қолымда бір қамшым бар
Қазақ халқы өз ғұмырын қамшысыз елестетпеген. Қамшы сый-құрметтің, атақ-дәреженің, сұс пен сымбаттың, жігер мен қайраттың белгісі ретінде де бағаланған. Жігіттіктің ажырамас бөлігіне айналған. Бағзыда тіпті ақындық немесе басқа да сайыстарда сөз сұрағанда, қамшы тастайтын болған екен. Қазақтың салт-дәстүрінде қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні, өзіндік ережелері мен жөн-жосықтары да болған. Осы орайда қамшыны қалай ұстаудың мән-мағынасына тоқталып өтсек. Жай күндері қамшыны екі бүктеп ұстаған. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік белгісі деп қаралған. Жол, жөн көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқаған. Қарбалас сәтте ауызға көлденең тістейді. Ал үйде отырған кезде қамшы керегенің басында, көгінде, уық қарында, сыртқы дөдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кездері киіз-сырмақ астында, тіпті тізенің астында жатады. Әркімнің қамшысы өзі қойған жерінде тұруға тиісті.
Егер қайтыс болған адамның кім екенін сөзбен жеткізе алмаса да, қамшыны қолданған. Емші-балгерлер қамшысын қаскөй, зұлым күштерден қорғаушы әрі адамға жабысқан ауруды денеден шығаратын құрал ретінде пайдаланған. Ал аяғы ауыр әйел босанар сәтте қамшыны төріне іліп қойған.
Керегеде ілулі тұрған қамшының санына, қалай жасалғанына қарап, сол үйдің қанша баласы бар, оның неше ұлы, неше қызы бар екені біліп отырған. Мысалы, неке қамшысы. Үйленер алдында басына тас салғызған тобылғыдан жасаған жігіттің қамшысы қыздың көзіне бірден түсетін болған. Әрине, қыз таспен көмкерілген қамшыны таңдау арқылы келісімін берген.
Ал дойыр – жуан, салмақты таспадан өрілген қамшыны барымташы, жаугершілер ұстаған. Оның өрімі де ұзын болған. Аңшыларға арналған қамшының ұшына қорғасын салынған. Өйткені ұзындығы екі құлаш қамшымен аңға шығуға да, сиыр айдағанда да ыңғайлы.
Құдалық жол-жоралғыда «қамшы қайтару» деген бар. Қыз айттыруға келген жігіт жағының басшысы (жігіттің әкесі, «жаушы», т.б.) қамшысын қыз үйінің төріне іліп кеткен. Егер қыз әкесі келісім бермесе, көп ұзатпай қамшыны иесіне қайтарып жіберген. Мұны «қамшы қайтару» дейді.
Тағы бір қызығы, әйелге де қамшы жұмсайтын сәттер болған. Жауынгерлік заманда артынан ілесіп, күйеуін қимай жылаған әйелді ері аттың үстінде тұрып, қамшымен салып қалған.
Қазақ халқы сөз өнеріне өте ерекше мән бергені, тіл тереңдігін, сан алуандағын көрсетеді. Қамшы сөзін де ойната білген. Мәселен, жүйрік атты «қамшыдай қатқан»; талаптанған жігітті «өзін-өзі қамшылады»; ұрды, соқты дегенді «қамшы жұмсады»; қорқытты деудің орнына «қамшы үйірді»; қаныпезер тентекті «қамшысынан қан сорғалаған»; жүрмейтін атты «қамшы кесті шабан»; жанына батқан істі «қамшы боп тиді» деп астарлай сөйлеген. Кейбір берекесіз жанды «қамшы алып беруге жарамайтын» деп кеміткен. Жүрдек атты «қамшы салдырмайтын мал» деп мадақтаған. Сондай-ақ халық қамшының бойына бүкіл ой-өлшемді де сыйдырған екен. Мысалы: қамшы сабындай, қамшы бойындай, қамшы жетер жерде. Ақын Төреғали Тәшенов «Қамшы» туралы өлеңінде тереңінен толғанып, қадірін аша түскен:
Өзегі бар өр қамшы,
Он екі таспа ер қамшы,
Шемен қатқан шер қамшы,
Тобылғы сап тер қамшы,
Жеті тұтам жар қамшы,
Қара басы хан қамшы,
Жылан бауыр сары қамшы,
Жігіт болсаң, жанға алшы!
Сұр жыланға серт болған,
Ер ұланға дерт болған,
Екі бүктеу шарт болған,
Екі тартпас мәрт болған,
Сүйек сабы нарт болған,
Сүйір ұшы шалт болған,
Талмау тұстан таңдаған,
Даулау тұстан аңдаған,
Қоңсысы – қоныс наз қамшы,
Туысы – тізе әз қамшы.
Бастықпаған асауын
Баса тартып жіберген,
Құдай қосқан қосағын
Қоса тартып жіберген,
Тіл алмаған тентегін
Тіле тартып жіберген,
Көңілі түссе, келгенін
Күле тартып жіберген,
Иесі болған дүр қамшы,
Киесі болған пір қамшы,
Қара бұрым қас қамшы,
Сері бұрым сес қамшы,
Мен салмадым, сен салшы…

Comments (0)
Add Comment