Коворкинг орталығы ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы бекітілген болатын. Аталмыш жоба кітап оқу арқылы балалардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған.

«Оқуға құштар мектеп» жобасының негізгі бағыттарының бірі – оқырмандардың білімге деген құштарлығын арттыру. Осыған орай еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай Coworking-орталық ретінде қайта құру жобасын қолға алды. Жобаның басты мақсаты – барлық санаттағы оқырмандардың ақпараттық қажеттіліктерін жедел қанағаттандыру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдаланып, кітапханалардың жаңа заманауи үлгісін құру.
ХХІ ғасырда бәсекеге қабілетті елге айналуда білімді қару ету маңызды. Ал білімді қайдан аламыз? Әрине, кітаптан. Жастар кітап оқу үшін не істеу керек? Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру міндеті тұр. Яғни кітап оқуға ыңғайлы жағдай жасап, топтық ізденісті ұштаған дұрыс. Осы мақсатта мектеп-лицейдің кітапхана базасында Coworking орталығы ашылды.
Осы алаңның ашылуына мектеп оқушылары да өз септіктерін макулатура жинау арқылы тигізді. Әсіресе 1-сынып оқушысы Амира Аманжол, 3-сынып оқушылары Расул Әмірхан, Еркеназ Алмасханқызы мен мектеп ұстаздары да ерекше үлестерін қосты.
Орталықтың ашылуына аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Д.Нурбалтаев және аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Жанқұлова қатысты.
Шара барысында 9-сынып оқушысы Қарақат Қантбек өзінің арнауын оқыса, 4-сынып оқушылары өнерлерін паш етті.
Сонымен қатар жиын барысында мектеп мұғалімдері көркем әдеби кітаптар сыйға берді. Аудандық білім бөлімі тарапынан да осы алаңның ашылуына мектеп оқушыларының игілігі үшін кітаптар тарту етті. Білім бөлімі және мектеп ұжымының атынан 35 кітап сыйланды.
Біз бұл алаң арқылы оқырмандарымызды бос уақытын тиімді пайдалануға баулимыз. Осы жоба аясында оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Бұл алаң барлық санаттағы пайдаланушыларға бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобаларын жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.

Гүлшат АСАНОВА,
мектеп-лицей директорының ғылыми-әдістемелік орынбасары
Талас ауданы

Comments (0)
Add Comment