Коронавирустан ем таптым

  (өліп кетейін, шын айтам)

Коронавирустан ем таптым. Өліп кетейін, шын айтам. Сынамаға сазанның сан еті мен өгіздің сүтін алдым. Оған жылқының өті мен жарқанаттың желбезегін қостым. Бәрін алып самаурында қайнатқанымда, ол қорғасынға айналды. Оны бірер сағат күбіге салып пісіп едім, майы қалқып бетіне шықты. Майды қапқа таңып, тау басына іліп қойдым. Алатауда көк мұз жатса да, күннің көзі шыжып тұр. Май кепкенше жерден банан теріп, тал басынан саңырауқұлақ жинадым. Біразын көршілеріміз ағылшындарға беріп, жапондарға ауыз тигіздім.


Екі минутта кепкен майды алып, Аралдың суына шайып алдым. Судың тұзы май бетіне тұнып, бөлшектенген дәріге айналды. Бір ұшын сындырып ауызға салып едім, құтыру, аусыл, шешек, қызылша, полиомиелит, делбе сынды дерттерімнен бірден айықтым. Коронавирусқа қарсы тексермек мақсатта ауруханаға асықтым. Науқастың таңдайына таңып едім, төрт минутта жазылып шықты. Бірер сағатта бүкіл жамбылдық жұртшылық сауығып кетсе, екі күнде тұтас Қазақстанды емдедім. Бұны естіген АҚШ президенті Трамп бірінші болып қоңырау шалды. «Оскардан» бастап, Голливудқа дейін беруге уәде етті. Биліктен өз еркімен бас тартып, Ақ үйдегі тағын да ұсынатындығын айтты. Ағылшынша түсінбегендей болып едім, қазақша сайрап шыға келді. Жалынып қоймаған соң, жарты қорабын 7 миллиард долларға саттым. Мұны білген көршіміз Ресей де аяққа жығылды. Путин Қырым мен Шешенстанды таразы басына тікті. Болмаған соң, жылқы тұяғы тиген жерлерімізді толықтай қайтарып беруге ант су ішті. Жаным ашып жарты қорапты оларға бердім. Алайда Путинге Кенесары бабамыздың басын өз қолымен әкеліп тапсыруға бұйрық еттім. Ресейдің артынан Қытай қоңырау шалды. Си Цзиньпин бұған дейін жалған ақпарат таратқандарын, шын мәнінде коронавирустан шыбынша қырылып жатқандарын жасырмады. Одан еліміздегі бүкіл өндіріс орындарындағы акцияларын қайтарып алып, қолына бір қорап дәріні ұстатып жібердім.
Түс ауа Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің президенттері жеке қабылдауыма сұранды. Олардың да тілеуін бірден түсініп, тәжіктен газын, қырғыздан көңіл, өзбектен Ташкентін тартып алдым. Сағат бестер шамасында Франция, Испания, Италия мемлекеттерінің басшылары алдыма жылап келді. Француздар Эйфель мұнарасын ұсынса, италиялықтар Рим колизейін табанымның астына тастады. Ал Испания Месси мен Роналду бастаған бүкіл футболшылары Қазақстан құрамасы атынан ойнайтындығына уәде етті. Көңілдерін қимай, оларға да бір-бір қораптан сыйға тарттым.
Кешкілік Солтүстік пен Оңстүстік Корея бірлесіп, ет асып алып келіпті. Алдыма бас тартып, бірі домбырамен күй тартса, екіншісі ауылдың алты ауызын айтып отырды. Көңілімді тапқан соң олардан көп нәрсе сұрамай, бір қорап дәріні 500 миллиард долларға сата салдым. Алайда енді бөлініп жүретін болса, бірлік пен татулықты ту еткен Қазақстаннан жақсылық күтпесін деп қатаң ескерттім.
Сағат түнгі ондар шамасында Үндістан мен Біріккен Араб Әмірлігі есік қақты. Үнділерге енді барлық киноларын Қазақстан атынан түсіруге талап қойып, арабтардың жарты мұнайын алып қойдым. Қуана келіскен олар әр қорап үшін қап-қап алтынын тағы қоса тастап кетті.
Жатарға қамданып жатқанымда алқынып Жапония мемлекеті жетті. Аралдан соңғы технологиялық құрылғыларын арқалап жетем дегенше ымырт батып кеткенін айтып, қабылдауымды өтінді. Алып келген бұйымдарын ел ғалымдарына таратып беріп, Күншығыс елінің өтінішін тыңдадым. Оның да базынасы белгілі болғаннан кейін алдағы Олимпиадада алтын медальді тек қазақстандық спортшылар алсын деген талап қойдым. Және көк туымыз жеңіс тұғырында желбірегенде, бүкіл жапондықтар Әнұранымызды жатқа айтуын міндеттедім. Барлық талабыма бас ұрған Нарухито императорға екі қорап дәрі ұстатып жібердім.
Қалған елдердің де көңілін қимадым. Қазақ тілін жаттап келгендерге қырық, Әнұранымызды шырқап тұрғандарға алпыс қораптан үлестіріп бердім. Осы тұста Германия мемлекетінен қоңырау түсті. Олардың да коронавирусқа қарсы ойлап тапқан дәрісі бар екен. Соған патент беруімді өтінді. Енді қандай болмасын дертке қарсы вакцина тек Қазақстанда ғана жасалатындығын айтып едім, 1 триллион доллар ұсынды. Бірақ бір қорап темекінің құнын қанағат тұтпадым. Себебі бұл сәтте теңге әлемдік валютаға айналып, доллар далбасалап қалған. Тіпті ауылдағы әжем доллармен терезе қымтап, тезек тұтатып жүрген еді. Ал Қазақстанға кәрі құрлық тұтас қосылып, бір шеті Жапониямен, бір қиыры Америкамен шектесіп қалғанбыз. Африкада өзіміздің қарадомалақтарымыз ойнап жүрсе, Австралияны мал бағатын аралымыз қылып алғанбыз. Антарктиданың мұзын бұзып, әр қазақ бір-бір сырахана ашып алса, Солтүстік мұзды мұхитты құмға айналдырып, қауын-қарбыз егіп тастағанбыз. Францияны қырғыздарға беріп, құрылысқа салсақ, өзбектер Испания мен Италияда палау пісіріп жүрген-ді. Ирандықтар Йеменде ит жүгіртсе, кавказдықтар Ресейде кәуап дайындады. Осылайша, қарт құрлыққа қазақтар қожалық етіп, АҚШ-тың өзін қарыз қылып қойғанбыз. Жапондар болса жер сұрап жалынып жүргендеріне жыл болған. Алайда аралдағы мемлекетті алу әзірге жоспарымызда жоқ етін.
Айтпақшы, бұл кезде елімізде бірде-бір адам жұмыс жасамайтын. Бас қалада бос қалған кеңселерді баспанаға айналдырып тастағанбыз. Осылайша, әрбір қазақтың басында бес үй, он көліктен болды. Қолдарындағы ақшалары банкке сыймай, аулаларында үйіліп жатты. Қолы босаған халық демографиялық дүмпу жасап, Жер шарының жетпіс пайызы қазақтарға айналған. Қытай, үндіс, ағылшын сынды елдердің сирегені соншалық, сандарын саусақпен санап алатын күн туған. Қара құрлықтағылардың өздері «арғы атамыз – қазақтар» деп кеуде қағатын күйге жеткен.
Бұл 2020 жыл еді, айтқан сөзім шын еді. Тілеуімде титтей болса да өтірік жоқ. Қандай қиындық болмаса да, қазақ жұдырықша жұмылып жеңетінін ұқ. Ертең-ақ осы әлемдік пандемия қазақ үшін болады құт. Тек қана менің вакцина ойлап табуымды күт…

Саятхан Сатылғанов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Басымнан не өтпеді?

Иə, иə «өтірік өрге баспайды» дейді кім?
Менің өрлеп кеткенімді білесіз бе?
Өліп кетейін, шындығым!
Мен сізге әңгімелеп беремін…
Тоңып тұрып құдай-ау терлегенмін,
Бұрын-соңды мұндайға сенбегенмін.
Тек қана менде жеңіс, жеңіліс жоқ,
Ештеңеден жеңіліп көрмегенмін.
Мен келгенде бəрі де тік тұратын,
Босағада жататын төр дегенің.
Көз алдымда бәрі де өтіп жатыр,
Ештеңеге көңілді бөлмегенмін.
Айға қолым қанша жерден жеткенімен,
Ешкімге айды алып бермегенмін.
Алып болдым, сол əлем мойындаған
Ештеңені өзіме тең көрмедім.
Дəл қазір майдаланып кеткенім ғой,
Өмірге алып болып мен де келдім.
Содан бері, міне, көп нəрсе көріп келем,
Айтсам, сенбейтін шығарсыз?
Мен өмірге ес біліп келдім.

Ол кезде қараңғыда күн шығып тұратын кез болатын. Мен жетпіс жеті қабат жер астында өмір сүрдім, жердің асты болғаннан кейін төбеде аспан емес, жер болатын. Сенесіз бе? Төбедегі жерден денсаулық жауатын. Өмір сүріп жүргенім сол үшін шығар, денім сап-сау. Не көріп өстім, оны да әңгімелеп беремін.

Кедей де болдым, бай да болдым,
Ірі болдым, майда болдым.
Жетпіс жеті қабат жер астынан
Жұлдыз да көрдім, ай да көрдім.
Екі басты, төрт қолды адам көрдім,
Сол кезде түсініксіз жайда болдым.
Менде де сондай ұрпақ бола ма деп,
Бір сондай қорқынышты ойда болдым.
Жо-жооқ,
Алу деген жоқ екен бірін құдай!
Бəрі де болып жатыр бұрынғыдай.
Жылау деген мүлде жоқ, күлкі бəрі
Қазір де күлкім келіп тұрғанын-ай.

Өзендей өмір жалғасып жатты. Мен сол кезеңнен бері көріп келе жатқаным бұл ғана емес. Айта берсек көп. Бұл шындыққа сенімсіз қарайтындай көрінесіз. Бұл – менің басымнан өткен жағдайлар. Тағы басымнан не өтпеді, әңгімелеп беремін.

Жай жүріп, желмаямен жарысқанмын,
Ұшып жүріп жалмауызбен танысқанмын.
Жетпіс жеті қабат деген жер астында,
Жеті рет айдаһармен алысқанмын.
Сонда не?
Таулар менен биік пе деп,
Мен иық тірестіріп салысқанмын.
Қорқауға қорқақ қоян көрінемін,
Ақырғанға ақырар арыстанмын.
Иə-иə, солай болды…
Барлығы таң қалатын келбетіме,
Əлемім қарсы алды ғой тербетіле.
Жетпіс жеті қабат сол жер астынан
Бүгінде шығып тұрмын жер бетіне.
Аяқпен жер басам деп ойлап едім,
Тап болдым жалаң аяқ көл бетіне.
Жүгірдім жаға таппай, жерді таппай,
Сөйтіп жүріп жетіппін жер шетіне.

Міне, осыдан бері жер бетінде өмір сүріп келемін. Мұнда біздегідей әр адамға ерік берілген, қалағаныңша өмір сүресің, ешқандай кедергі жоқ.

Жазылбек Абдуллаев

Comments (0)
Add Comment