Коронавирус, кет, кет, кет!

Алты құрлықты азуына алып, адамзатты әбден әлсіреткен қатерлі вирус бүгінде бәрімізді әбігерге салып қойды. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін коронавирус туралы жаңалықтарды үзбей бақылап отыратын болды. Елімізде енгізілген төтенше жағдайдан кейін Алматы мен Астана тыныштық құшағына енді. Карантин жарияланбаған басқа шаһарларда да жұмыс орындары қысқарып, кей мекемелер қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Әйтсе де бар әлемнің бір Отан екенін ұғындырған бұл жағдайдың да өтпелі екенін естен шығармауымыз керек. Төрт қабырғаға қамалып, уақытын ұтымды пайдаланудың ретін таппай жүрген жандар үшін арнайы айдармен пайдалы кеңестер легін ұсынып отырмыз. Кәдеңізге жаратасыз деп сенеміз. Пандемияның пайдалы тұстары әзірге осы.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Терезеңізді тазалаңыз!

Үйді тазалап, реттеу – қолы бос адам үшін таптырмайтын жұмыс. Бірақ пәтерімізді күн сайын тазалап жүріп терезеге мән бермейміз. Анығында, үйдің бар шаңы мен тозаңы терезеге қонады. Пандемияның шырқау шегі жылы мезгілге тұспа-тұс келгендіктен, шаң-тозаң температура плюске көтерілгенде көбейеді. Демек, микроб пен вирустар тереземізден төніп тұр деген сөз. Әлемге таза терезеден қарағанға не жетсін?! Сонымен қатар терезеге ілінген перделерді жуып, үтіктеп, шаңнан тазартсаңыз, үйіңіздің энергетикасы да өзгермек.

Гардеробыңызды реттеңіз!

Карантиндегі тағы бір пайдалы іс – гардеробты реттеу. Көптен бері шифонеріңізге үңілуге мүмкіндігіңіз болмаса, сәті енді келді деген сөз. Киімдеріңізді бөлек жинаңыз. Жейделерді бөлек, белдемшелер мен шалбарларыңызды бөлек, мерекелік көйлектеріңізді басқа киім ілгішке іліп, шкафыңыздағы ескі киімдерден арылыңыз. Тіпті барлық киімдеріңізді «киюге жарамды», «жаңа», «қоқысқа», «қайырымдылыққа» деп реттеуге болады. Ал бұл әдіс те көңіліңізден шықпаса, әр көйлекті фантазияңызға қарай бірге киетін белдемшемен қосып қоюға болады. Бұл әдіс арқылы әр күнге арналған лук қолжетімді болмақ.

Көңілді онлайн жаттығу
бағдарламасын әзірлеңіз!

Бір орында отырып, қозғалмай жұмыс істеу иммунитетті әлсіретеді. Әлсіз иммунитет – кез келген аурудың қоздырғышы. Төрт қабырғаның ортасында әрлі-берлі жүру мәселенің шешімі емес. Карантин кезінде қан айналымыңызды реттеуге онлайн жаттығу сеп болады. «Instagram» қосымшасының «история» бөлімін ақтарсаңыз, осы тәсілді қолданып жатқан жастардың белсенділігіне куә бола аласыз. Мұны жүзеге асыру үшін Play market-тен түрлі бағдарламаларды жүктеп алып, нәтижеңізбен желіде бөлісіп отырыңыз. Осылайша өз достарыңызбен бәсекеге түсіп, бір жағынан денсаулығыңызды реттейсіз.

Видеобайланысты пайдаланып, жақындарыңызбен сөйлесіңіз!

Skype, Viber сынды қосымшаларды ХХІ ғасырдың ұлы жетістігі санауға болады. Осы бағдарламалар арқылы әлемнің екінші жарты шарындағы досыңызбен немесе туысыңызбен байланыс орнатып, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрыңыз. Күнделікті күйбең тіршілік видеобайланыс орнатуға мүмкіндік бермейді. Бұл әдіс арқылы онлайн курстар мен марафондарға қатысып, біліміңізді жетілдіруге де болады. Шетелдік сериалдарда құрбылардың бір-бірімен үздіксіз видеоқоңырау арқылы сөйлесіп отыратынын байқайтын шығарсыздар. Бұл байланыс адамдарды үздіксіз стрестен арылтады.

Үйдегі бар тағамдардан ас әзірлеп, эксперимент жасаңыз!

Үйге тапсырыспен тамақ алдыру, әрине, оңай. Бірақ тоңазытқыштағы азын-аулақ азық-түлікпен тамақ дайындау үшін үлкен фантазия керек. Карантин – осы қасиетіңізді шыңдауға таптырмас мүмкіндік. Сонымен қатар биологиялық қару жасауға арналған сақтау мерзімі өтіп кеткен заттардан арылуды да ұмытпаңыз. Әрине, бұл қалжың.

Шығындарыңызды есептеңіз!

Қаншалықты көп қаражат тапсаңыз да, ақшаны ретсіз жұмсау түптің түбінде кез келген жаняұны тығырыққа тірейді. Қаржылық сауаттылығыңыз төмен деңгейде болса, карантиндегі бос уақыт болашақ дәулетіңізді арттыруға септігін тигізбек. Ол үшін соңғы бір аптадағы немесе бір айдағы шығындарыңыз бен кірісіңіздің есебін жасап, пайдасыз заттарға жұмсалған қаржы көлеміне көз жүгіртіңіз.

Түйіндемеңізді жаңартыңыз!

Портфолиоңыздағы түйіндемеңізді соңғы рет қашан жаңарттыңыз? Бір мекемеде көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан болсаңыз, біраз уақыт өткен болар. Пайдалы әрі өзекті бөлімдері бар түйіндемеңіз дайын тұрса, кез келген уақытта кәдеге жарайды. Қосымша жұмыс ешқашан артық еткен емес. Аяқ астынан әрі пайдалы, әрі табысы мол жұмыстан ұсыныс түссе, бұл әрекетіңіздің пайдасын көресіз. Есіңізде болсын, түйіндемеде жұмыс берушіге қай жағынан пайдалы болатыныңыз жазылуы тиіс. Копирайтер немесе фрилансер деп жазған тұсқа жасаған жұмыстарыңызға сілтеме беріңіз. Материалдарыңыздың оқылым көрсеткішін де түртіп қоюды ұмытпаңыз.

Кейінге қалдырған кітаптарыңыз бен мақалаларыңызды оқыңыз!

Әрқайсымыздың телефонымызда «кейін оқимын» деп сақтаған сілтемелер бар. Сөреде де дүкеннен алған кітаптар шаң басып жатыр. Соларды қолға алатын сәт туды. Жаңа дүниелер білім көкжиегіңізді кеңейтуге септігін тигізері анық.

Дәрі-дәрмек қобдишасын реттеңіз!

Дәрі-дәрмек қорапшасы әр үйде болуы тиіс. Көбіне бір бұрышта шаң басып жататын осы қобдишадан сақтау мерзімі өтіп кеткен дәрілердің табылатыны анық. Қажетті препараттарды бөлек, ескілерін қоқысқа тастасаңыз, жанұяңызды келеңсіздіктерден арашалайсыз. Уақыты өтіп кеткен дәрі өміріңізге қауіп төндіреді. Сондықтан да былайғы күндері реттеуге қолыңыз тие бермейтін шаруаны тындыратын уақыт келді.

Медитацияны меңгеріңіз!

Карантин – медитация жасауды бастауға таптырмас мүмкіндік. Мұны өз бетіңізше немесе арнайы қосымшалар мен видеосабақтардың көмегімен іске асыруыңызға болады.

Сүйікті әншіңіздің концертін немесе «YouTube»-қа жазылып алынған спектакльді тамашалаңыз!

Концертті үлкен алаңда немесе залда көрудің баламалы нұсқасы талғампаздарға уақытты тиімді өткізуге көмектеседі. Концерт немесе театрға бара алмайтындықтан, интернеттің сиқырлы мүмкіндіктерін пайдаланыңыз. Осылайша, Вена операсының қойылымын, Бейонсенің концертін, Мэттью Бурнның авангардтық нұсқадағы «Аққу көлін» тамашалай аласыз. Бұл үшін «В контакте» кеңістігіндегі өзіңіз қалаған қойылымды іздеңіз немесе «YouTube»-те «билетке» төлеп тамашалауға болады. Қаласаңыз, тіпті театрға барғандай киінуге болады.

Күнделік жазуды бастаңыз!

Тағы бір керемет іс – күнделік жүргізуді бастау. Алғашында күлкілі болып көрінетін нәрсе сізге қажет емес ойлар мен уайымдардан арылуға, басыңызды тазартуға және өміріңізге басқа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Екі аптадан кейін күнделік жүргізу әдетке айналады және сіз үшін күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналады. Бұл әдіс миыңыздағы қоқыстардан арылуға, жалғыздықта жабырқамауға үйретеді.

Жаңа дағды үйреніңіз!

Көңіл көтеруден шаршаған кезде немесе уақытыңызды жоғалтқыңыз келмесе, жаңа дағдыларды үйренуге болады. Карантин сізге шет тілін үйренуге мүмкіндік береді, әдетте оған уақыт жоқ. Кітаптардан немесе бейнеблогтардағы рецепттерден тәжірибе жасап, өзіңіздің аспаздық шеберлігіңізді дамыта аласыз. Подкаст тыңдауға немесе видеоблог тамашалауға, музыкалық аспапта ойнауға, SMM әдістерін меңгеруге, телефонмен түсірілген фотоларды өңдеуді үйренуге таптырмайтын уақыт жетті.

Comments (0)
Add Comment