Еліміздегі ең маңызды әрі күрделі салалардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы. Себебі бұл бағыттағы жұмыстар халық тіршілігімен тікелей байланысты. Тәуелсіздігін енді алып, нарықтық кезеңге жаңадан қадам басқан шақта мемлекетімізде бұл саланың жұмысы қараусыз қалғаны белгілі. Әрине, оған саланың нарық қатынастары деңгейіндегі жүрер жолын анықтау қажеттілігі мен қаржы тапшылығы қатты әсер етті. Сөйтіп, бұл саладағы жұмыстар уақыт пен экономиканың ыңғайына қарап қалды. Сол жылдары еліміздің тұрғын үй секторы жекеменшік пәтер иелері кооперативтеріне тапсырылды. Бұл жұмыстар сала қызметін күйреуден аман алып қалғаны рас. Дегенмен коммуналдық жүйелер мен нысандардың көпшілігі тозуға айналды. Тараз қаласында да аталған салада шешімін күткен жайттар жоқ емес. Алайда қазіргі таңда бұл күрделі мәселелер бірте-бірте еңсеріліп келеді. Түйткілдің барлығы жан-жақты сараланып, түйінін тиімді тарқату бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Тұрғын үй төңірегіндегі түйткілдер қалай шешілуде?
Аталған саланы қозғаған кезде әуелі ауызға тұрғын үй алу мәселесі келетіні анық. Шынтуайтына келгенде, соңғы жылдар көлемінде бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар істелуде. Ондаған көпқабатты үйлердің құрылысы жүргізіліп, тұрғындар көптен күткен пәтерлеріне қол жеткізіп келеді. Дегенмен әлі де кезекте тұрғандар саны аз емес. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні пәтер кезегінде 22,5 мыңнан астам азамат тіркеліп тұр екен.
Бұл бағыттағы жұмыстарға Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тікелей жауапты. Мекеме мамандарының берген ақпараты бойынша, «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары іске қосылғалы бері облыс орталығында 864 отбасы баспаналы болып үлгерген. Аталған шаралар аясында осы жылдың соңына дейін тағы 285 пәтер кезек бойынша берілетін көрінеді.
Бұдан бөлек, тараздықтардың тұрғын үйден тапшылық көрмеуі үшін шаһарда құрылысы жүріп жатқан қос ықшамауданда көпқабатты үйлер салынуда. Мәселен, ағымдағы жылы «Ұлы дала» (15) ықшамауданында 71 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін 22,7 миллиард теңге бөлінген. Үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, құрылысы басталған 42 көпқабатты тұрғын үйдің 13-і қабылданған. Ал қалған 33 тұрғын үй жыл соңына дейін аяқталмақ. Аталған үйлердің 36-сы кредиттік, 6-ы арендалық тұрғын үйлер. Оларда барлығы 2 820 пәтер бар.
Сонымен қатар 1 433 пәтерлік 29 жаңа тұрғын үй бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсына ұсынылған. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, 15-інші ықшамауданда қалған соңғы 16 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұл ретте облыс орталығының ықшамаудандарында орналасқан өзге көпқабатты үйлердің жағдайы да назардан тыс қалмағанын айтып өту керек. Өйткені құрылыс нормативіне сәйкес, көпқабатты үйлер әр 30 жыл сайын күрделі жөндеуден өтуі қажет. Қазіргі таңда қала аумағында 1 110 үйдің пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асқан. Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында 2011 жылдан бері қалада 410 үй жөнделген. Демек, әлі 700 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл 3,7 миллиард теңгеге 68 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бөлім қызметкерлерінің айтуы бойынша, бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын таппақ.
Жер теліміне кімдердің қолы жетеді?
Тұрғындар арасындағы тағы бір өзекті мәселенің бірі – жер кезегі екені даусыз. Жоғарыда аталған бөлім мәліметінше, Таразда бүгінде 109 680 азамат жер кезегінде тұр екен. Шаһар тұрғындарының жер теліміне деген қажеттілігін өтеу мақсатында өткен жылы 1 400-ден астам жер телімі бөлінген екен. Алайда аталған телімдердің тек 1 200-ге жуығының ғана құжаттары рәсімделіп, өз иелерін тапқан. Мамандар қалған 200 учаскенің айналасында бірқатар мәселелер туындап отырғанын, оны шешу мақсатында жоспарлы жұмыстар жүріп жатқанын айтады.
Осы орайда 10 жылдан астам уақыт кезекте тұрса да, өтінім берген жер телімін ала алмай жүргендердің бар екенін айтпай кетуге болмас. Бұл жайында бөлім қызметкерлері жаңа заң талаптарына сәйкес, жер берер алдында әуелі су, жарық, жол, газ секілді инфрақұрылымының жүргізілуі қажет екенін айтады. Кезектің осыған байланысты созылып жатқанын айтқан мамандар аталған мәселе қаражат бөлінуіне байланысты кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Инфрақұрылым игілігін әркім көруі керек
Расында, бүгінгі күні облыс орталығындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл мақсатта 2022 жылы 126 нысан мен 46 жобаны жүзеге асыруға 27,8 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (электр, су, газ және кәріз желілері) бойынша 55 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бюджеттен 4,3 миллиард теңге бөлініп, осы жылдың 9 айының аяғына дейін 2,5 миллиард теңге игеріліп үлгеріпті. Қалған қаражатты жыл соңына дейін игеру жоспарлануда. Нақты айтар болсақ, 8 тұрғын үйді абаттандыру мен ішкіалаңдық инженерлік желілерінің құрылыс жұмыстарына 201 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар 34 тұрғын үй бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
Сондай-ақ 14-інші ықшамауданда магистральдық және алаңішілік құрылыс жұмыстары 2021 жылдың тамыз айында басталған. Қазіргі уақытта электр желісі жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал су мен кәріз желілерінің құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталмақ.
Ауыз су мәселесі әрқашан өзекті
Жұртшылық үшін аса маңызды болып отырған ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оңтайлы шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе төңірегіндегі жұмыстар мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып жатыр. Халық денсаулығының мықты болуы таза суға байланысты. Жұртшылықтың да талап-тілегі – ауыз судың сапалы әрі қолжетімді болуы. Осы жайттар мемлекет тарапынан ескеріліп, мемлекеттік қазынадан қаражат бөлінуде. Бұл бағытта облыс орталығында тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 10 жоба жүзеге асырылуда. «Шөлдала», «Құмшағал», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Көлтоған», «Жиделі» мен 28 саяжай алқаптарына ауыз су құбырын тартуға бағытталған жоба іске асуда. Құрылыс жұмыстары мерзімінен бұрын жүргізілуде. Жобалар келесі жылға өтпелі болғандықтан, аталған елді мекендер 2023 жылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылмақ.
Сонымен қатар қала ішінен ағатын каналдарды талапқа сай күтіп ұстау жұмыстары да жүргізілуде. Бұл мақсатқа биыл 200 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда Сеңкібай, Қапал, Қарасу-1, Қарасу-2, Үшбұлақ, Төрегелді сияқты 6 канал тазаланған. Жалпы қалада арық жүйесін қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуі қажет екені даусыз. Қомақты қаражатты қажет ететін бұл шараларды зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жоба әзір-ленген. Оның құны 3 миллиард теңгені құрап отыр. 3 жылға жоспарланған жоба нәтижесінде қаладағы барлық арық жүйесі қалпына келтірілмек.
Жарық көше жүргіншіге жайлы
Қала әкімдігінің әлеуметтік желілерінде, облыс орталығының тіршілігі мен тұрмысына қатысты басқа да түрлі жиындарда тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін тақырыптың бірі – жарықтандыру мәселесі. Көшелердің бойына орнатылған жарықтандыру шамдары ауыз су, газ, жол және байланыс салалары секілді шаһар мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі болып есептеледі. Жарық жүйесі тіптен іңір қараңғылығы түскенде іске қосылып, жолаушыға жол сілтеп, мектептен қайтқан оқушыларға жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады.
Бүгінде Тараз қаласында жалпы 1 388 көше мен бұрылыс бар. Оның ішіндегі 293 көше жарықтандырылса, 505 негізгі көшеде жарық жоқ. Бөлім берген ақпарат бойынша, биыл облыстық бюджеттен 30 көшеге түнгі жарық шамдарын орналастыруға 180 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар өткен жылы басталған «Тараз қаласындағы тұрғын аудандарды электрмен жабдықтау құрылысы «Шалғай Қарасу-1,2,3,4,5,6,7» жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына 1,3 миллиард теңге қарастырылған екен. Қаладағы ең ауқымды жұмыстардың бірі болып отырған бұл жоба 2 кезеңмен жүзеге асуда. Бөлім мамандары бағаналар орнатылып, электр желісі жүргізілгенін, жұмыстар жоспарға сай орындалып жатқанын айтады. Қазір біршама алқаптар жарыққа толық қосылған, кейбірінде трансформаторлар орнатылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ. Ал биылғы мамыр айында қабылданған «Тараз қаласындағы 28 саяжай, «Шөлдала», «Құмшағал» шағынаудандарын уақытша электрмен жабдықтау» жобасы аясында Пригородный станциясынан уақытша электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліпті. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді абоненттеу жүргізілуде.
Жол жөндеу жұмыстары жоспармен жүреді
Тараз қаласындағы шешімін күткен күрделі мәселелердің бірегейі көше жолдарының жайы болып келеді. Жүргіншілер жауын-шашынды күндері, көктем мен күз мезгілінде лай-батпаққа батып, әбден әуре-сарсаңға түссе, жаз айларында сапасы сын көтермейтін жолдан шығатын шаңнан құдды бір тұманның арасында жүргендей күй кешеді. Қаланың шалғай аумақтары тұрғындарының жанайқайына айналған осынау көшелерді жөндеу мәселесі айналасында айтылған әңгіме де аз болмады. Ал бүгінде көпшіліктің қабырғасына аяздай батқан осы бір түйткілдің түйіні біртіндеп шешіле бастаған сыңайлы. Себебі шұғыл түрде жөндеуді талап етіп келген көшелердің жағдайы бүгінгі күні едәуір жақсарып қалған.
Мәселен, биыл шаһар аумағындағы 77 көшеге орташа жөндеу, 2 көшені қайта жаңғырту, ағымды жөндеу, жол белгілерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құны 3,7 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында «Құмшағал» тұрғын алқабында 46,1 шақырымды құрайтын қиыршық тас жолы төселуде. Жұмыстар 2023 жылы толық аяқталмақ.
Сонымен қатар 2 бағыт бойынша 2023-2027 жылдарға арналған 5 жылдық жоспар әзірленуде. Оның аясында бірінші кезекте мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары орналасқан және қоғамдық көліктер көп қатынайтын көшелер жөнделіп, жарық жүргізілмек.
Қоғамдық көлік қызметі көңіл көншіте ме?
Көпшілігіміз қоғамдық көлікке күніне кем дегенде бір рет мінеміз. Күнделікті жұмысқа қатынайтындардың жөні мүлдем бөлек. Олар маршруттардың тұрақты тұтынушысына айналған. Елдің бәрінде бірдей жеке көлік жоқ. Сондықтан қоғамдық көліктің қызметін пайдалануға тура келеді. Осы себепті де қалаішілік бағыттармен жүретін автобустардың жеткілікті әрі қызметінің сапалы болуы маңызды.
Бүгінгі таңда қала бойынша 9 тасымалдаушы мекеме 34 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Күнделікті 350 көлік жолға шығады. Бөлім мамандары былтырдан бері 40 автобус жаңартылғанын айтады. Жыл соңына дейін тағы 50 автобус алып келу жоспарланып отыр екен. Бүгінде қала маңына қосылған елді мекен тұрғындарының сұранысына сәйкес тағы 7 бағыт қосылып, 21 бағыттың қатынау уақыты сағат 22:00-ге дейін, ал 3 бағыттың рейстері түнгі 24:00-ге дейін ұзартылған.
Мамандардың айтуы бойынша, алдағы 3 жылда шаһар бойынша жолаушы тасымалдайтын қосымша 15 бағыт ашу жоспарланып отыр екен. Аталған жоба жүзеге асса, тағы 200 автобус алу қажеттілігі туындайтын көрінеді. Ол үшін автопарк иелері өз қаражаттары есебінен 8 миллиард теңге жұмсайды деп күтілуде.
Кеңейген қала көркеюі де қажет
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, өткен жылы Тараз қаласының халқы қосылған аумақтармен бірге шамамен 450 мың адамды құраған. 2010-2021 жылдар аралығында шаһар тұрғындарының саны 24 мың адамға өскен. Жалпы қала аумағын дамыту мақсатында Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты 14 елді мекен және 2 саяжайды облыс орталығына қосу жоспарлануда. Олардың қатарында Байзақ ауданына қарасты Қызыл жұлдыз, Талас стансасы, Талас ауылдары, Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық, Танты, Қоңыртөбе стансасы мен Шайқорық, Ақбұлым, Кемел, Түрксіб, Пригородное, Жалпақтөбе, Қызылшарық, Бектөбе ауылдары бар. Бас жоспарға сәйкес, Байзақ және Жамбыл аудандары есебінен қала аумағын 11 755 гектарға ұлғайту жоспарланса, нәтижесінде жалпы 30 542 гектарды құрамақ.
Жоғарыда айтқанымыздай, мұндағы мақсат – қаланы кеңейтіп қана қоймай, көркейту де болмақ. Осыған орай, қаланың Бас жоспары аясында 8 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Сонымен қатар қолданыстағы қоғамдық жасыл аумақтарды сақтап, жаңадан жобаланған тұрғын аудандарды, мәдениет үйлерін, саябақтарды, желілік бульварларды, каналдар мен жағалауларды абаттандыру көзделуде. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарының аумағында орман белдеулерін қайта құру және жаңадан отырғызу жұмыстары жүргізіліп, солтүстік-батыс индустриялық аймақтың санитарлық-қорғау аймағын қала төңірегіндегі орман қорғау белдеулерімен біріктіру арқылы ұлғайтылмақ. Талас өзенінің бойында демалыс аймақтары, қалалық жағажайлар салынып, шаһар аумағындағы 7 арнаның жағалауларына демалыс орындары бар жаяу жүргіншілер мен сауықтыру жолдары орналастырылады. Жалпы жасыл алқаптармен қамтамасыз ету шамамен 4,5 гектарды құрайды деп күтілуде.
Айта кетер жайт, қаланың Бас жоспарына түзетулер енгізу кезінде қаланың көлік схемасы қайта қаралған болатын. Қаланың негізгі аумағынан теміржол магистралімен бөлінгендіктен, дамуына көңіл бөліне қоймаған, халық арасында «За линией» деп аталатын аумаққа бірнеше жол өтпелерін салу да жоспарда бар көрінеді.