Соңғы жылдары суицидке баруының себебін түсіндіріп, өмірмен қош айтысар алдында өліміне кінәлі адамдардың атын атап, түсін түстеп хат жазып қалдыратындар көп. Бірақ «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қозғалған қылмыстық істерде айыпталушыны ар алдында айыпты қылып, жасаған ісі үшін жауапкершілікке тартқызу қиын. Адамды ажалына асықтыруға психологиялық және физикалық тұрғыда ықпал еткендердің әрекетінен қылмыстық құрам табу үшін қандай дәлел керек?,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстық кодекстің 105-бабында «Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған.
Алакөзбен қарау да жеткілікті
Алматы қаласы Психикалық ауытқу орталығының психиатры Мейрамкүл Смағұлқызы сау адам ешқашан ұрып-соққаннан, қорлық көргеннен өзін өлімге қия салмайтынын айтады. Суицид жасайтын адамның 100 пайызында алдымен өзін-өзі өлтіру туралы ой келеді. Ал осы ойдың адамға түрлі себеппен келетініне мән берілуі қажет. «Бір адамның бала кездегі «трамвасы» болады, бала босанудан кейінгі күйзелісте жүрген әйелдер бар. Не болмаса, психологиялық ауытқушылық тұқымда болуы мүмкін. Оған әр адамның тұлғааралық мінезіндегі қасиеттері әсер етеді. Әр нәрсенің себеп пен салдары болады. Сондай оймен жүрген адамға суицид жасау үшін мылтықтың шүріппесін басқандай уақыт қана керек. Суицид жасауды жоспарлап жүрген адамға сөз түгілі, алакөзбен бір қарағанның өзі жетіп жатыр. Өзіне-өзі қол жұмсап өлген адамдардың жақындарымен сұхбат жүргізу арқылы зерттеу жүргіздім. Мысалы, бір оқушы «бәтеңкеңнің бауын байлап келмейсің бе?» деген мұғалімнің бірауыз сөзін көтере алмай, қорасына барып асыла салған. Қазір мұғалімді кінәлап жатыр. Шынында, ол ой сол адамның сөзінен бұрын пайда болған. Мұғалімнің сөзі тұтанып тұрған отты жандыра салған. Ал Қызылорда облысында 11-сыныптың оқушысына өз анасы «Түнде де телефон шұқылап отырасың» деген сөзі үшін суицид жасаған. Сондықтан өлгісі келіп жүрген адамға кез келген сөз сылтау болады. Сол үшін өзін-өзі өлімге итермелегендердің әрекетін дәлелдеу қиын», – дейді Мейрамкүл Смағұлқызы. Намысыңды таптап, қанша қиындық көріп жатсаң да, ойыңда өзіңді-өзің өлуге деген ой тумаған болса, екінші адамның ауыр сөздері әсер етуі екіталай. Маманның айтуынша, нақты сол сөз ол адамның суицид жасауына әсер етті дегенге келісу қиын. Сол үшін суицид жасағандардың ісіне жазықтыны іздеуден бұрын жақын жанның жан жарасына көңіл аударған абзал. Психиатр айтқандай, себепсізден-себепсіз екі күн сабаққа келмеген баланың да, әдеттегіден қарағанда әрекеті өзгерген адамдарды суицид туралы ойынан арылғанша бір психолог үнемі қасында болып, психологиялық ем жүргізу керек.
Ұдайы қорлау оңашада жүзеге асырылады
Адвокат Мәди Мырзағараев өзін-өзі өлтіруге дейін апарғанын дәлелдеу үшін өлімге итермелеген адамның тарапынан ұдайы қатыгездік жасағанын анықтау маңызды деп отыр. Айтуынша, кейде адамның қадір-қасиетін қорлайтын әрекет жүйелі түрде жүзеге асырылып отырған жағдайдың өзінде оның әрекетін дәлелдеу қиын. «Мысалы, күйеуі әйелін ұрып-соғады, қадір-қасиетіне тіл тигізеді, әйелі тығырыққа тірелгенде өзіне қол сұғуы мүмкін. Бірақ бұл қоғамдағы, әсіресе қазақ қоғамында отбасының жабықтығынан ашылмайды. Бір отбасының ішінде не болып жатқанын, олар қалай күн көріп, қарым-қатынастары қалай өрбіп жүргенінен көршілері мен туыстары да бейхабар болып келеді. Себебі бізде «ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп есептейді. Естісе де естімеген, көрсе де көрмеген болады. Керісінше, әйелі «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегенді жөн көріп, жолдасының жақсысын асырып, жаманын жасырып жүре береді. Сөйтіп, жүйкесі тозғаннан өз-өзіне қол салады. Рас, факті орын алып тұр. Бірақ суицидке жеткізуді зерттеген кезде күйеуі тарапынан ұдайы қысым көрсеткенін дәлелдеу мүмкін емес. Бұрын полицияға хабарласпайды. Сосын оның үстіндегі қорлық іздері байқалмайды. Күйеуі әйелін ұрғаны ары кетсе көршілерге өсек-аяң ретінде естіледі. Қорлық көргенін айтып беретін адам жоқ. Адамды ұдайы қорлау оңашада жүзеге асырылады. Сол үшін анықталуы қиын», – дейді заңгер. Оның сөзінше, өзіне қол салған адам хат жазып, бейнежазбаға түсіріп кеткенімен, не себепті, қандай әрекеттер оған итермеледі, оның қандай әрекеттері жүйкесін тоздырғаны туралы ашып жазбайды. Сондықтан «сені кінәлап кетіпті» деп құқық қорғау органдары да, сот жүйесі де айта алмайды. Өйткені дәлел жеткіліксіз. Бір рет ұрып-соққаннан үйдің төбесінен секіріп кетсе, ұрып-соққан адамның әрекетінде өлімге итермелеу болмайды. Себебі заңда жазылып тұрғандай, «үнемі» деген сөз тіркесі бар. Екіншіден, отбасы ішіндегі мәселелердің қоғамда белгісіз болуы, қоғамның көрмеуі дәлелдің жеткіліксіздігіне әкеледі. «Кейбір істерде марқұм мен кінәлі адамдардың хат алмасулары, хатта адамның намысына тиіп, қорқыту ұдайы түрде бірнеше апта немесе ай өлмесіне болмайтын мәжбүрлі жағдайға жеткізгені дәлелденсе, жасаған әрекеті үшін жауапқа тартуға болады. Бірақ оның өзі өте сирек кездесетін іс. Орал қаласында он жылда осындай баппен іс қозғалып, зерделеніп, кінәлі адам жазасын алды дегенді осы салада жүріп естіген жоқпын», – дейді Мәди Жомартұлы.
Кiнәсiздiк презумпциясы назарға алынуы тиіс
Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотының судьясы Қуаныш Терлікбаев кодекстегі баптың орындалмауын суицид жасаған адамдардың есiнiң дұрыстығы, психикасы, психикалық ауытқулары және әлеуметтік факторлардың әсер етуін жүйелі зерттеудің жоқтығымен байланыстырады. Өзін-өзі өлтіру – қандай да бір мән-жайлардың ықпалынан адамның өзін өмірден айыруы. Ал заңда өзін-өзі өлтіруге жеткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін бірнеше әрекет көрсетілген. Бірінші – жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін жеткiзу. Екінші – кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамға қатысты қорқыту, қатыгездік жасау, ұдайы адамдық қадір-қасиетін қорлау жатады. «Осы жердегі қорқыту дегеніміз – бұл жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруге жеткізуі. Мысалы, тұрғын үйден, материалдық көмектен, өмір сүруге қажетті қаражаттан айыру мен қорқыту, жаза берумен, адамды масқаралайтын мәліметтерді таратумен қорқыту. Ал қатыгездік жасау– жәбірленушіге физикалық, психикалық азап келтіретін аяусыз, дөрекі әрекеті. Ол ұрып-соғу, қинау, жұмысқа мәжбүрлеу, тамақ ішуден бас тарту, медициналық көмектен бас тартуға мәжбүр ету және тағы басқа. Бір рет жасалған қатыгездік әрекетті кездейсоқ жағдайда жасалмағанын анықтамай жатып, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту дұрыс емес. Ал адамның қадір-қасиетін үздіксіз қорлау – бұл жәбірленушіге ұзақ уақыт кемсітушілік көрсету. Тіл тигізу, жәбірлеу, жала жабу, таптау, негізсіз сын айту және бірнеше рет жасалатын әрекетімен сипатталады», – дейді судья. Қуаныш Терлікбаевтың айтуына қарағанда, бұл бап бойынша қылмыстық іс жүргізу барысында кiнәсiздiк презумпциясы назарға алынуы тиіс. Өзіне-өзі қол салғандардың 80-90 пайызы психикалық ауытқушылықта жүргендер. Сол үшін күдіктінің, айыпталушының, сотталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күмән олардың пайдасына шешілетіні түсінікті. Өйткені айыптау үкiмi болжамдарға негiзделмейді. Яғни, хатта көрсетілген, бейнежазбада айтылған айыптаулар бойынша куәгер болмаса, қылмыстық құрамын анықтау қиын.
Бірде-бір іс сотқа жетпеген
Кейінгі он жылға жуық уақытта кодекстің дәл осы бабы бойынша қозғалған іске сот үкімінің оқылуы некен-саяқ. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2015 жылдан бері осы баппен айыпталғандар жоқ. Күн сайын болмаса да апта сайын суицид туралы сұмдық оқиғалар болып жататын Алматы қаласының өзінде соңғы жылдары өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізгені дәлелденіп, жаза арқалағандар туралы естімейсің. Павлодар облысында да соңғы үш жылда Қылмыстық кодекстің 105-бабымен басталған бірде-бір іс сотқа жетпеген. Бірақ бұл елімізде өзін-өзі өлтіргендердің себепсізден-себепсіз қыл арқанды мойнына іліп, не болмаса биіктен секіріп мерт болмағанын көрсетпейді. Мәселен, былтыр 489 іс, ал биыл он бір айдың өзінде елімізде «өзін-өзі өлімге итермелеу» бабы бойынша 960 іс тіркелген. 7 424 қылмыстық іс өндірісте болып, бірақ қылмыс құрамы анықталмағандықтан тоқтатылған. Яғни, Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1, 2, 5, 6, 7, 8-тармақшасына сәйкес іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайларға кіргізілген. Демек, қылмыстық құқықбұзушылық оқиғасы, іс-әрекетте қылмыстық құқықбұзушылық құрамы, жәбірленуші шағымының болмауынан, қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы iстер бойынша жекеше айыптаушы айыптаудан бас тарту себебі есепке алынған. Тағы 14-інің тергеп-тексеру мерзімі өтіп кеткен. Алтауы есепті мерзімде қылмыстық істері өндіріспен аяқталған құқықбұзушылықтар, бесеуі ғана сотқа жіберілген. Тағы бесеуі – тергеуде, біреуі Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабына сәйкес іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайға жатады. Егер рақымшылық жасау актiсi жасалған іс-әрекет үшiн жаза қолдануды жойса, соның салдарынан қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне орай тоқталған. Көріп отырғандай, суицидке барғандар көп. Көп жағдайда өзіне-өзі қол салатындар өлімнен қорықса да, осы өмірден түңілуге дейін жеткізгендерді соңғы хатында жазып қалдырып, бейнежазба түсіріп кетеді. Алайда соңғы хатқа сүйеніп өзіне-өзі қол жұмсауға айыпталғандар сотқа дейінгі тергеу кезінде қылмыс құрамының болмауына байланысты кінәсі дәлелденбейді. Өйткені бір адамның қасақана әрекеті екінші адамның өліміне себепші болатынын дәлелдеу өте қиын. Тіпті, тергеушінің алдында анау дүниеге аттанған адамның соңғы хатында көрсетілген күдіктінің марқұмға деген ауыр сөздері, адамның қадір-қасиетін қорлауды айқын көрсететін немесе қандай да бір қауіп-қатерді білдіретін бейнелер немесе аудиожазбалар болған күннің өзінде айыптау үкімін шығаруға жеткілікті болмайды. Әйткенмен, марқұмға бұл дүниеде көрген психологиялық және физикалық тұрғыда қысым көрсеткендер Қылмыстық кодекспен жазаланбағанымен, Жаратқанның сұрағынан жалтара алмайтыны ғана жақындарының көңіліне медет.