«Кітап оқып, миллионер бол» байқауының бастау алып, шаһардың жас өрендері арасында қанатын кеңге жайғанына үш айға жуық уақыт болды. Зияткер жастардың үлкен буынын қалыптастырып, қазақ руханиятын көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақпен толықтыру мақсатында өтіп жатқан сайысқа 1000-нан астам үміткер қатысып жатыр. Ал олардың қарымы мен қабілетін әлеуметтік желідегі жазбаларынан анық аңғаруға болады. Бүгінде #кітапоқыпмиллионер хештегі бойынша 700 пост жарияланған.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Шаһардағы Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназиясының оқушысы Аружан Бөртай соңғы оқыған шығармаларынан адам мен табиғат арасындағы байланыс пен көзге көрінбейтін шекара туралы мол мағлұмат алған. Оқушы өз жазбасында адамзатты барды бағалап, Жер Ананы аялауға шақырады.
@aruzhaan.b:
Мен, №5 мектептің 10 сынып оқушысы Аружан Бөртай #кітапоқыпмиллионербол байқауына қатысып бағымды сынап көрмекпін.
Кезекті оқыған шығармаларым – Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» және Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» туындылары. Бұл шығармаларды оқып мол әсер алдым, тебірендім. Екі асыл туындының түпкі мағынасы – адам мен хайуан арасындағы табиғи заңдылықтар. Осы заңдылықтан аттаған адамдардың ақыр соңында өздері опық жегендері жайлы «Көксерек» шығармасында баяндалады. Қасқырды қанша асырасаң да,орманға қарап ұлиды»деген нақыл тектен-текке айтылмаған. Ал екінші туынды адамның жақын досы иттің адалдығы жайлы. «Түлкіге шапқан тазыда мін болмас» демекші, асыл тұқымды тазы туралы баяндалған бұл шығарма «Хатико» шығармасындағы оқиғаға қатты ұқсас. Екі шығарманы да оқыған соң табиғат пен жануарлардың тағдыры туралы көп ойландым. Табиғаттың ластануы қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Антропогендік факторларды зиян жағынан қолданып, қоршаған ортамызды ластап жүрміз. Онымен қоса жануарлар проблемасы да өзекті. Жақында ғана радиодан Боливиядағы жан түршіктірерлік жаңалықты естідім. 70-ке жуық ягуарды броконьерлер терісі мен тісі үшін ғана аямай өлтіріп жатыр.Бұны естіп менің жүрегім қатты ауырды. Ал енді бір сәтке табиғатсыз, жануарларсыз өмірді елестетейікші. Ол қандай өмір? Менің ойымша ондай өмір – қара түнек. Өзімізге де солай қиянат жасаса қалай болар едік? Бұл проблеманы қалай жоямыз? Міне басты сұрақ осы. Ол үшін адамзат баласы жауапкершілікті сезіне білсе нұр үстіне нұр болар еді. Әр адам өзінен бастауы керек. Даладағы жатқан кішкене қоқысты қоқыс жәшігіне сала салсақ қолымыз сынып қалмайды. Жер Анамыз рақметін айтады. Ал жануарларға жақсы қарасақ жүрегіміз қарайып кетпейді. Керісінше, таудай сауап болады. Сондықтан ойланайық, достар! Себебі бұл проблема кейін айналып өзімізге жамандығын тигізуі әбден мүмкін. Осындай мәселелерді қозғап, шешу үшін, ойымызды дамытуымыз үшін кітап оқиық, көкжиегімізді кеңейтейік.
Ал №3 мектеп-лицейінің 5 сынып оқушысы Ерасыл Мырзаев белгілі жазушы Мархабат Байғұттың «Қозапая» шығармасындағы өмірдің тауқыметін жастайынан сезінген баланың бойындағы төзім, сабыр сынды қасиеттерімен сусындапты.
@myrzalieverasil:
Мархабат Байғұт атамыздың «Қозапая» шығармасын оқып отырып, өте кедей отбасынан шыққан Есқараның тұрмыс-тіршілігі көз алдыма елестеді. Киерге киімі жоқ, жеуге тамақ таппай отырғанымен қоймай, әкесі Ерсәлім ішімдікке салынып кеткен. Оның үстіне шешесі сауда істеймін деп кеткеннен қайта оралмаған. Жезқазғанда тұратын әпкесі де, Астанаға оқуға кеткен ағасы да өз күндерін әзер көріп, бұларға қайырылуға қауқар таныта алмайды. Әкесі тек науқан кезінде қозапая жинап, шаттанып қалады. Қозапая – мақтаның сабағы, қызуы тас көмірден де күшті, емдік қасиеті де бар. Ақырында қозапая тасудан қалған әкесі өзін-өзі қозапаяға өрт қойып, өртеніп дүниеден өтеді. Ал Есқара болса, Сағымкентте әлдебіреуге жалданып жұмыс істеп жүріпті деседі. Бұл шығарма менің жүрегіме қатты әсер етті. Құдды бір қойылым тамашалап отырғандай болдым. Осындай шығармалар жас ұрпақты қанағатшыл әрі еңбекқор болуға үйретеді деген ойдамын.
№12 мектеп-гимназияның оқушысы Айгерім Мейірханова «қазақтың қызыл жебесі» атанған Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасын оқып шыққан. Айгерім алған әсерімен желіде бөлісіп, оқырмандарды осы шығарма арқылы әлемге өзге қырынан қарауға шақырады.
@aikkeriym:
Қазақтың заңғар жазушысы Шерxан Мұртазаның «Ай мен Айша» романында ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы қазақ xалқының барлық шаңырағында өткен трагедиясын сипаттайды. Аңыздағы Айдың тағдырын кешіп жүрген Айша анасы туралы жазған Шерxан Мұртаза бұл шығармада өз прототипін Барысxан деп алып,балалық шақ, соғыстан кейінгі кезең, өткен қиындықтар мен тіршілік үшін күрес секілді мәселелерді баяндайды. Бесіктен белі шықпаған сәби шағында әкесі Мұртаза Сібірге айдалып, Барысxанның балалығы соғыс уақытына тұспа-тұс келеді. Роман бойы дәуірдің ауыртпалығын арқалаған Барысxан Айшамен бірге қиын-қыстау кезеңнен өтіп, үнемі әділетсіздікке жаны қас, іздемпаз, намысқой, жаратқанның әрбір жаратылысына сүйіспеншілікпен қарап өседі. Түсінгенім, бұл шығарма тұлға болып қалыптасу қанмен, туған топырақпен, ана сүтімен, ауыл тәрбиесімен беріліп, бала кезден қалыптасатындығының тағы бір мысалы. Сондағы Айшаның айға қарап тұрып тілек тілеуі, тірі жетім болған балаларды өсіп жетілдірудегі қажымас ерлігі үлкен жеңіске пара-пар. Романда маған қатты әсер еткен қатал тағдырға мойымаған осы асыл Айшаның болмысы. «Ай мен Айша» бүгінгі ұрпақ үшін сөзсіз ғибратты туынды екенін айтқым келеді.
Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетіндегі көрнекті жазушылардың бірі әрі бірегейі. Оқушылардың таңдауы осы қаламгердің шығармасына түскені бізді әбден марқайтты. №54 орта мектептің оқушысы Аяжан Әсіл «Шақан шері» шығармасындағы өзекті ойға тоқталып, өз әсерін әсем тілмен жеткізе білген.
@ayazhan_asyl:
Мұхтар Мағауиннің «Шақан шері» шығармасынан түйгенім мол болды. Тəңірі тағаланың құдіретті пəрменімен жаратылған он сегіз мың ғаламда басы артық бір нəрсе жоқ. Қара жерде қыбырлаған құмырсқадан көк аспанда шарықтаған қыранға дейін, су сүзген балықтан шөл кешкен құланға дейін қилы кейіпті қаншама мақұлық бар, соның бəрінің өз несібесі, өз орны болса керек. Хақ тағала біріне-бірін селбестіріп, біріне-бірін бақтырып қойған. Əрине, ешкім ана құрсағынан туарда мен мына жолды таңдаймын, мен жақсы боламын немесе жаман боламын деп өз жолын таңдап тумайды. Алланың жазуымен əркім өз жолымен кетеді. Бұл шығармадағы басты кейіпкер Шақанға кек жолы бұйырған екен…
Менің ойымша, адам баласының жүрегі ең ерекше жаратылыс, онда түскен сызаттың өшпестей орны қалады. Иə, Шақанның жүрегі тек кек деп соқты. Себебі Шақан өз ауылынан жырақта Іле бойында қамысы қалың жерге отбасымен бірге көшкен-ді. Онда ол отбасымен бақытты өмір сүріп жатты. Сондай бір керемет күнде олардың үйіне сол қамысты жердің патшасы жолбарыс шабуыл жасайды. Шақанның əйелі мен бес жасар баласының жұлынын үзіп, бір күн ішінде Шақанды ауыр қазаға ұшыратады. Содан бері Шақан бар өмірін жолбарыс аулаумен өткізеді. Жар сүймей, ел көрмей, қар жастанып, мұз төсеніп, бар өмірін кек жолына арнайды. Осы кек жолы Шақанның түбіне жеткендей… Менің бұл шығармадан түйгенім, адам бойындағы ең жаман қасиет – кекшілдік. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда адамдық жолдан таймай, бір-бірімізді сыйлап өтейік.
P.S: Байқау жеңімпазы анықталар шақ таяған сайын оқырмандардың қарқыны үдеп, оқылған кітаптардың саны да көбейіп келеді. Сайысты ұйымдастырушылардың да діттегені осы. Бұл байқауға қатысуға ниет қылып, қолына асыл қазына кітапты алған әр жас өрен – жеңімпаз. Кітапқа деген қызығушылығыңыз бен махаббатыңыз арта түссе айналаңыздағы достарыңыз бен құрбыларыңызды да осы игі әдетке шақыратыныңызға сенімдіміз. Өркениет болып қалыптасу жолында дамыған мемлекеттердің жастары кітапты жанына азық еткені турасында көп оқып, біліп жүрміз. Осы себепті де болашағы жарқын Қазақстанның іргетасын білімді, саналы, зияткер жастар қалауы тиіс. Сондықтан кітаппен сырлас болуға асығыңыздар!